Астаналық Наталия Короткова "серігі бар үй жинаушы" ретінде танылған. Ол клинингке бір жасар ұлымен барады. 34 жастағы Наталия бір өзі бес баланы асырап отыр. Арманы – баспаналы болу.
"Анам мені үнемі "ақ саусақ" деп атайтыны есімде. Біреудің әжетханасын тазалаймын деп ешқашан ойламаппын. Бірақ бұл – жақсы жұмыс. Ауыр-ақ, десе де нәпақа табуға болады" дейді Наталия пештің бетін тазалап жатып. Ол кезекті тапсырысты орындап жүр. Әдеттегідей жұмысқа кенже ұлымен барған.
Әлеуметтік желі қолданушылары Наталияның үй тазалауға сәбиімен бірге баратынын біледі. Ол ұлын эрго-рюкзакқа қалай отырғызатынын, бесінші қабаттан тазалық құралдары салынған арбаны қалай түсіретінін, сәбидің бөтен пәтерлерде алғашқы қадамдарын қалай жасайтынын көрсетіп отырады.
"Күйеуіммен ұрыстық та, тіл табысуға тырыстық та, бірақ ештеңе шықпады"
Наталия Семейде туып-өскен. 18 жасында тұрмысқа шығып, 20 жасында тұңғышы дүниеге келген. 2017 жылы бұл отбасы Астанаға көшкен. Көп ұзамай Наталияның Семейде тұратын туған әпкесі жол апатына түсіп, екі баласын өз қолына алған. Кейін тағы екі бала сүйген.
Наталия кезекті тапсырысты орындауға бара жатыр.
Наталияның айтуынша, күйеуінің жұмысы жүрмеген. Жас отбасы жұпыны времянканы паналап, үйде үнемі жанжал болатын. Кенже ұлына жүкті кезінде Наталия баласының мұндай ортада өскенін қаламай, өмірін өзгертуге бел буған.
"Мен үнемі жұмыс істедім. Жүкті кезімде де бала күтуші болып қосымша жұмысқа бардым, үй жинадым, ыдыс жудым. Шаршап келесің, үй шаруасы күтіп тұрады. Оның үстіне үйде ұрыс-керіс көп болатын: не балалар [күйеуіммен] ұрысып қалады, не оның өзі жанжал шығарады. Осының бәрі жүйкеме тиіп, әбден қажытты. Күйеуім екеуіміз ұрыстық та, тіл табысуға тырыстық та, бірақ ештеңе шықпады" дейді Наталия. "Жүктіліктің бесінші айында шыдамым таусылды. Бұлай өмір сүре бергім келмейтінін түсіндім. Сонша адаммен екі-ақ бөлмеде тұрып жаттық. Асүйдегі раковинадан аққан су шелекке жиналатын, жуыну мен кір жуу үшін шылапшын пайдаланатынбыз, дәретхана далада еді. Дүниеге келетін баламды шылапшынға шомылдырғым келмеді. Сөйтіп, пәтер жалдауға ақша жинай бастадым. Екі ай үй жинауға барып жүрдім. Жүктілігімнің жетінші айында пәтер жалдауға шамам жетті".
2025 жылдың жазында Наталия балаларын алып күйеуінен кетіп қалған. Астананың оң жағалауындағы ескі бес қабатты үйден пәтер жалдаған. Қыздар мен ұлдарды бөлек бөлмелерге орналастырып, өзі кенже ұлымен қонақ бөлмеге жайғасқан.
Жалға алған пәтерге күрделі жөндеу қажет. Наталия балаларымен бірге қолдан келгенше үйді ретке келтірген. Бірақ бөлмелердің біріндегі сынған желкөзді жөндеусіз қалып, қыста қиындыққа тап болғалы тұр. Шағын асүйде балалардың киімі ілінген үлкен жайма тұр, бөлмеде гүл құмыралары көп. Тілшілерге деп дастарқан басына манты, торт, кәмпит, шай мен кофе қойған.
"Балаларды тек нан мен арзан тамаққа тойдырғым келмейді. Дұрыстап тамақтандырғым келеді. Сүт ішкілері келсе, ішсін. Күніне екі пакет сүт кетеді. Оның өзі мың теңге. Күн сайын сол мың теңгені табуың керек" дейді Наталия күліп.
Жалғызбасты анаға мемлекеттен көрсетілетін жалғыз көмек – кенже ұлы Маркқа берілетін жәрдемақы. Бала бір жарым жасқа толғанша Наталия ай сайын 31 мың теңге (шамамен 68 доллар) алады. Бірақ ол мемлекеттік төлемге арқа сүйеп үйренбеген, үнемі өз күшіне сенеді.
"Біз тамаққа емес, арманымызға ақша жинап жүрміз!"
Наталия кенжесін туғаннан бері қасына алып жүреді.
"Тамызда Маркті дүниеге әкеліп, тура екі апта бала күтуші болып жұмысқа шықтым да, оны өзіммен бірге алып жүрдім. Бірақ әлгі қыз мені Марктен қызғанып, оған қарындаш пен ойыншықты лақтыра салатын. Бұл жұмыс бізге жарамайтынын ұқтым. Үйде бір апта отырып, басқа жұмыс туралы ойландым. Марк бір айға толғанда алғаш рет үй жинауға шықтық" дейді жалғызбасты ана.
Наталия Короткова
Көп ұзамай ол Threads әлеуметтік желісінде парақша жүргізе бастады. Содан кейін тапсырыс көбейген. Наталия үй жинауға басқалардан көбірек уақыт жұмсайды. Клиенттер осыны түсінсе дейді.
"Бәрі бірдей баланы жақсы көре бермейді. Бірақ мені баламмен бірге қабылдайтындар бар. Маған жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жандарға шын жүректен ризамын. Өйткені "серігімді" қараусыз қалдыра алмаймын: оны тамақтандырып, киімін ауыстырып, ойнатып тұруым керек. Тіпті анасының жанында екенін сезінуі үшін он минут болса да қасына жата тұрамын. Бірақ қазір ойлап қарасам, кейбір адамдар менің осал жағдайымды пайдаланып жүргенін аңғарамын. Үш бөлмелі пәтерді толықтай тазалағаным үшін 15 мың теңге төлейтін, пәтердің шаршы метрін азайтып айтатын" дейді Наталия.
Сұхбат барысында ол бірнеше рет: "Біз тамаққа емес, арманымызға ақша жинап жүрміз!" деп қайталады. Наталияның арманы – баспаналы болу. Бар күші де осы арманды орындауға кетіп жатыр, үлкендеу балаларына уақыт бөле алмайды.
"Мені қатты қынжылтатыны осы. Тамағы тоқ, киімі бүтін. Оларды жақсы көремін. Бірақ көңіл бөлуге келгенде... Бәріміз бірге сыртқа соңғы рет қашан шыққанымызды білмеймін. Кіші қызым әзірге бұған қалыпты қарайды, ал үлкені көз жасына ерік береді. Ол: "Саған ештеңе айта алмаймын, өйткені сен үнемі шаршап жүресің. Маркқа көбірек көңіл бөлесің" дейді. Мен оған көбірек көңіл бөлмеймін, бар болғаны жұмысқа барғанда қасымда алып жүремін. "Серігім" ғой. Оқырмандарым: "балаларға сіздің пәтеріңіз керек жоқ, оларға ана керек" деп жатады. Мұндай жағдайда көңілім құлазиды. Иә, балаларға пәтер керек жоқ. Ол маған керек. Маған олардың бір жерде тұрып, бір мектепке барғаны, қайтып келетін өз үйі болғаны керек. Қазіргідей сөмкелерімізді арқалап, бір орында тұрақтамай өмір сүргенімізді қаламаймын. Қызымның өзі үш мектеп ауыстырды. Бұл дұрыс емес қой" дейді Наталия.
Наталия қиялға ерік беріп, жаңа үйдегі өз пәтерін жиі елестетеді. Ойына әрқайсысының өз бөлмесі бар, қонақ бөлмесі кең, үстелі үлкен, гүлге толы үйдің келбеті келеді. Бірақ іс жүзінде бір бөлмелі пәтердің өзіне шама келсе, соған да разы.
Есіл өзенінің оң жағалауындағы ескі үйлердегі бір бөлмелі пәтердің құны 15 млн теңгеден (33 мың доллар) басталады. Ал ресми статистика бойынша, елдегі медиан жалақы – 348 415 теңге (шамамен 770 доллар). Ірі қалаларда тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны мың доллардан асатынын ескерсек, жеңілдетілген бағдарламасыз немесе ипотекасыз үй алу көптеген қазақстандық үшін қиын шаруа.
Наталия қалыпты жұмысқа орналаспағандықтан (мемлекет мұндай адамдарды "өзін-өзі жұмыспен қамтығандар" деп атайды), ол ипотекаға арқа сүйей алмайды. Тұрақты табысы барын дәлелдей алмағандықтан, ешбір банк оған несие бере қоймайды. Сондықтан мұнда да өз күшіне ғана сенуге мәжбүр.
"Әрекет жасасаң, барлық мәселені шешуге болады"
Наталия үшін әлеуметтік желідегі блогы жұбаныш әрі қолдау көзіне айналған. Бес баланы асырап жүрген әйел құрбыларымен кездесуге, сүйікті ісімен айналысуға уақыт таппайды. Бар білгенін, көргенін өз оқырмандарына бөліседі. Қолдау білдіріп, жігерлендіретін пікірлерді оқығанда қуанып қалады. Сонымен бірге өзі де біреуге көмектесе алатынын түсінген. Кейде өзінің де өзге біреуге көмегі тиіп жатады.
Наталияның "серігі" – кенже ұлы Марк.
"Біз өзімізді сорлы адам деп сезінбейміз. Қайта біреуге пайдамыз тиіп жатыр деп ойлаймыз. Маған хат жазатын кей қыз-келіншектер жаман қарым-қатынастан кетуден, өз өмірін өзгертуден қорқатынын, қолдан келмейді деп алаңдайтынын айтады. Ал мен олардың қолынан бәрі келетінін көрсеткім келеді! Иә, жалдап отырған пәтеріміз жұпыны, бірақ әйтеуір баспанамыз бар. Иә, бірден үш бөлмелі пәтер жалдауға шамам жеткен жоқ, времянкадан бастадым. Бірақ әрекет жасасаң, барлық мәселені шешуге болады" дейді Наталия.
2021 жылы Қазақстанда жүргізілген халық санағының дерегінше, балалары ата-анадан тек анасымен ғана тұратын 424 мыңға жуық отбасы, ал балалары әкесімен ғана тұратын отбасы саны 52 мың болған. Бұл статистикаға жесір қалған, ажырасқан және некеге тұрмаған адамдар да кіреді.
2021 жылы Қазақстанда жүргізілген халық санағының дерегінше, елде балалары анасымен бірге тұратын 424 мыңға жуық отбасы болған. Ал ата-анасының ішінде тек әкесі ғана бар отбасылар саны шамамен 52 мыңды құраған. Бұл деректерге жұбайы қайтыс болғандар, ажырасқан және некеге тұрмаған адамдар да кіреді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, заңды некеге тұрмаған әйелдер 2023 жылы 41 356 бала, 2024 жылы 40 063, ал 2025 жылы 37 035 бала туған.