Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2028 жылы елде ірі құрылыс науқаны басталатынын тағы да айтты. Ол мұны "жай ғана уақытша науқан емес, нағыз "Халықтық құрылыс", яғни, тұтас қоғамның игілігі үшін істелетін тарихи құрылыс жұмысы" деп атады.
"Халықтық құрылыс" барысында еліміздің барлық аймағында көптеген әлеуметтік нысандар – мектептер, ауруханалар, емханалар, ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту орталықтары, мәдениет және өнер ошақтары, спорт орталықтары, сондай-ақ тұрғындарымыздың тұрмыс сапасын жақсартатын аса қажетті инфрақұрылым нысандары салынады" деді Тоқаев 9 қарашада Ақордада Азиада мен Пара Азиадада жүлде алған спортшыларды қабылдағанда.
Қазақстан президенті 23 тамызда әлеуметтік нысандар салу үшін Ұлттық қордан ақша алатынын мәлімдеген. Осыдан соң үкімет 2027-2029 жылдары бұл қордан 11,9 трлн теңге алынатынын жариялады. Қазір қорда 30 трлн теңгедей ақша жатыр. Бұған қоса, Тоқаев биылғы жолдауында "Халықтық құрылыс" бағдарламасын жариялап, аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны мен 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысы басталатынын мәлімдеген еді. Бұған қоса құрылыс жұмыстарын бақылайтын арнайы комиссия да құрды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Тоқаев "Халықтық құрылыс" бағдарламасын бақылайтын мемлекеттік комиссия құрылатынын мәлімдеді"Қазіргі бұлыңғыр, болжамсыз дәуірге деген біздің жалпыұлттық жауабымыз: бұл – "Құрылыс және тағы да құрылыс!". Себебі, меніңше, құрылыс жұмыстары, бұл – еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартудың жалғыз ғана жолы. Бұл сөздің астарында келешек ұрпақтың игілігіне берік негіз қалайтын жасампаздыққа тұтас ұлтты жұмылдыру міндеті тұр" деді Тоқаев 9 қарашада спортшылармен кездесуде.
Кейбір сарапшылар "Ұлттық қордың ақшасын құрылысқа пайдалану қауіпті, қордың ақшасы форс-мажор жағдайларға қажет" деген еді. Дегенмен Ұлттық қор туралы заң қор ақшасын құрылысқа пайдалануға рұқсат береді.