NYT: Ресей НАТО-дан Орталық Азияда кез келген әскери әрекеттен бас тартуды талап етеді

АҚШ президентінің арнайы уәкілдері Стив Уиткофф (сол жақтан екінші), Джаред Кушнер және Ресей басшысы Владимир Путин.

Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі Абу-Дабидегі келіссөз кезінде Ресей делегациясы Америка өкілдеріне Еуропадағы қауіпсіздікке қатысты талаптары жазылған құжат тапсырған. Бейресми құжатпен танысып шыққан The New York Times басылымының жазуынша, құжат 10 қарашада әзірленген.

Құжаттың бірқатар бөлігі Мәскеудің 2021 жылғы желтоқсанда, Украинаға толық ауқымды басып кіруінен екі ай бұрын қойған талаптарын қайталайды. Ол кезде Батыс елдері Ресейдің бұл шарттарына келіспеген еді. Енді Кремль НАТО-дан альянсты одан әрі кеңейтпеуді және Украинада, Шығыс Еуропада, Оңтүстік Кавказда әрі Орталық Азияда кез келген әскери қызметін тоқтатуды талап етіп отыр.

Бұған қоса, 1997 жылдан кейін НАТО-ға қосылған елдердегі әскерін шығарып, әскери базаларын жабуы керек. Олардың қатарында Польша, Латвия, Литва және Эстония бар.

Мәскеу сонымен қатар Франция мен Ұлыбритания Еуропа елдерін қорғау үшін ядролық қаруын қолданбау міндеттемесін алуы керек дейді. Бұған қоса, Украина Еуроодақтың ортақ қорғаныс саясатына қатыспаған жағдайда ғана ЕО-ға мүше бола алады деген ұсыныс жасаған.

The New York Times дереккөздерінің айтуынша, Ресей делегациясы бұл құжат Мәскеудің келіссөздердегі бастапқы ұстанымын білдіретінін және Владимир Путин кейбір мәселелерде икемділік танытуы мүмкін екенін жеткізген.

АҚШ әкімшілігіндегі дереккөздің мәліметінше, америкалық келіссөз жүргізушілер Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Ресей жағына 2021 жылдың желтоқсанынан бері жағдайдың көп өзгергенін айтқан. Олар Мәскеу шиеленісті азайту үшін нақты қадамдар ұсынса, жаңа ұсыныстарды қарастыруға дайын екенін білдірген.

Ресей, Украина және АҚШ қатысқан үшжақты келіссөздер 10–11 қарашада Абу-Дабиде өтті. Кездесуден кейін Украинадағы соғысты тоқтатуға қатысты ешқандай келісім жарияланған жоқ. Тек алдағы уақытта ірі көлемде тұтқын алмасу жоспарланып отырғаны айтылды.

Зеленский де, АҚШ өкілдері де Ресей, Украина және АҚШ қатысатын келесі кездесуге Еуропа елдерінің өкілдері де қосылатынын растады. Әзірге олардың кімдер болатыны және келіссөздер қандай форматта өтетіні белгісіз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Кремльде Путин, Уиткофф және Кушнердің кездесуі аяқталды