Ресей президенті Владимир Путин Қытайға сапарына "ядролық шабадан" ала келген. Бұл қандай құрылғы? Түсіндірейік.
АҚШ, Қытай және Ресей президенттері 19 қарашада үшжақты келіссөз өткізген күні ресейлік әскери қара шабадан ұстап жүрді. Кремлшіл "Россия" арнасының тілшісі әлгі әскериден шабадан жайлы сұрайды.
Тілші "Қараңыздар, мынау ядролық шабаданның дәл өзі. Біздің артымызда Владимир Путиннің көмекшісі дипломатты ұстап тұр" дейді де, әлгі әскериден "Бұл – "ядролық шабадан" ба?" деп сұрайды.
Шамадан ұстаған әскери "дәл өзі" деп бас изеп, жымияды.
Сонымен "ядролық шабадан" деген не?
Бұл – әскери басқару жүйесіне қосылған шабадан. Президенттер осы арқылы ядролық соққы жасауға бұйрық бере алады. Ресейдің бұл шабаданы "Чегет" (Кавказдағы таудың құрметіне қойылған) деп аталады. Ашық ақпараттарға қарағанда, президент "Чегет" арқылы елдің әскери басшылығымен байланысып, ядролық қаруды қолдануға рұқсат бере алады. Бірақ шабаданның өзінде ядролық қаруды тікелей іске қосуға мүмкіндік беретін "қызыл батырма" не ядролық бомба жоқ.
Путин Қытайда. Ресейлік әскери арт жағында "ядролық шабаданды" ұстап келе жатыр.
Ресейде мұндай шабадан президентте, қорғаныс министрінде және бас штаб басшысында бар. Путин "Чегет" шабаданын шетелдік сапарларының көбінде алып жүреді. Әдетте құрылғыны әскерилердің бірі ұстайды. 2023 жылы қазанда Путин Қытайға келгенде де осы шабадан камераға ілініп қалған. Совет билігі мұндай шабаданды 1983 жылы қолданысқа енгізген.
Мұндай құрылғы АҚШ-та 1960 жылдардан бері бар. Америкалық нұсқа "ядролық футбол добы" (nuclear football) деп аталады. АҚШ президентінің командасы да бұл шабаданды сапарында алып жүреді. Бұған қоса, АҚШ президентінде "бисквит" (biscuit) деп аталатын кодтар жазылған карта да бар. Президент ядролық қаруды қолдануға бұйрық бергенде жеке басын осы картадағы код арқылы растайды.
АҚШ президентінің "ядролық шабаданы".
АҚШ вице-президентінде де "қосалқы шабадан" мен код жазылған карта бар. Егер ол өзіне президент өкілетін қабылдаса, осы құрылғыларды пайдалана алады. АҚШ-та да, Ресейде де ядролық қаруды қолдануға бұйрықты президент береді. Мұндай ядролық шабадандар басқа қай елдерде бар-жоғы белгісіз. Көп елдің басшылары мұндай шабадандарды ашық көрсетпеген.
Кейбір сарапшылар Путиннің Қытайға "Чегетті" алып келуі жай ғана хаттама емес, ақпараттық сигнал болды деп топшылайды. Бір қызығы, 19 қарашада Трамп, Си, Путин үшжақты кездесуде ядролық қарудың таралуын алдын алу үшін диалог жүргізуге келісті. Үшеуі қабылдаған "Бейбітшілік декларациясында" "Ядролық соғыста ешкім жеңбейді және мұндай соғыс басталмауы керек" деп жазылған.