Қайырсыз жұма немесе құпия бұйрықтар берілетін күн

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Қазақ жазушысы Төлен Әбдіктің «Министрдің өлімі» атты әңгімесі бар. Әңгімеде бір үлкен министрдің жұма күні қызметінен босатылып, қатты қайғырған байғұс шенеуніктің қалай қайтыс болғаны суреттеледі.
Жазушының әңгімесінде осы бір оқиға арқылы сол уақыттағы қалыптасқан номенклатуралық жүйе сынға алынады. Өкінішке қарай, совет одағы келмеске кеткенімен, бұл жүйе әлі күнге өзгерген жоқ. Мүмкін сондықтан болар, егемен Қазақстанның билік басындағы бір адамға тәуелді шенеуніктері де жұманы үрейлене күтеді. Себебі, ең жаман құпия бұйрықтардың көбісі жұмада беріліп, сол күні немесе сенбі, жексенбіде орындалады.

Айталық, БТА банктің төрағасы Ержан Тәтішев 2004 жылдың 19 желтоқсанында қайғылы жағдайда қаза тапты. Банкирдің аңшылықта болған оқыс оқиғаның салдарынан қаза тапқаны әлі күнге шейін көңілге күдік ұялатады. Бос уақытының көбісін аңшылыққа арнаған және оның қыры мен сырын жақсы білетін Ержан Тәтішевтің қауіпсіздік ережесін сақтамағанына сену қиын.

2005 жылдың 12 қарашасында, сенбі күні кешке мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты қатты сынға алған қарсыластарының бірі Заманбек Нұрқаділовтің қайғылы қазасы туралы хабар жұртты дүр сілкіндірді.

Тура үш айдан соң сенбі немесе жексенбі күндерінің бірінде қарақшылар оппозиция басшысы Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтірді. Марқұмның мүрдесі дүйсенбі күні табылды. 2007 жылдың 10 қазанында мемлекет басшысының бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев Азаттық радиосына берген сұхбатында Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге байланысты тапсырысты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бергенін мәлімдеді. Бірақ ресми орындар басқаша қортынды жасаған.

Өткен жұмада «Казатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев қамауға алынды. Ертең жұма. Көңілде тағы бір алаң пайда болды. 2030 жылға шейін әлі қанша жұма бар...