Абай облысында "Семей орманы" резерваты өртеніп жатыр

"Семей орманы" резерваты

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі 16 шілде күні Абай облысындағы "DosBolLike" лагерінен 220 адам, оның ішінде 190 бала мен 30 қызметкер Семей қаласына жеткізілгенін хабарлады.

Бородулиха филиалына қарасты Камышенка орманшылығының 57-орамында шыққан өрт, алдын ала бағалау бойынша, шамамен 60 гектар аумақты қамтыған. Өңірде ауа температурасы +34°C дейін жетіп, өрт қаупінің ең жоғары – бесінші деңгейі жарияланған.

Өртті сөндіруге ТЖМ, экология министрлігі, ІІМ, қорғаныс министрлігі, денсаулық сақтау министрлігі, ҰҚК және Абай облысы әкімдігінің күштері жұмылдырылған. ТЖМ жанынан жедел штаб құрылған. Өрт ошағына Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары мен Астанадан қосымша күштер жіберілген. Өртті сөндіруге авиация, арнайы техника жұмылдырылған.

Полиция қауіпті аумақты қоршауға алып, өрт орнына апаратын жолдар жабылып, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың мүлкін күзету шаралары күшейтілгенін хабарлады.

Қазір ормандағы өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр деді ТЖМ баспасөз қызметі.

Өткен айда Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті биыл 15-21 маусым аралығында "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында 15 орман өрті тіркелгенін, жалпы аумағы 0,4 гектарды қамтыған өрт ошақтарының бәрі жедел анықталып, оқшауланып, толықтай сөндірілді деп хабарлаған.

Бұдан үш жыл бұрын, 2023 жылы жазда"Семей орманы" резерватында шыққан өрт салдарынан 15 адам (оның 14-і орман шаруашылығы қызметкерлері) қаза тауып, 60 мың гектардан астам орман жойылып кеткен еді. Өрттен келген залал 160 миллиард теңгеге бағаланды.

Көп адамның қазасына әкеп соққан өрт оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілді. 2024 жылдың мамыр айында сот табиғи резерваттың жауапты екі қызметкерін өрт сөндіру жұмыстарын ұйымдастырудағы міндеттерін орындамағаны, жағдайды дұрыс бағаламағаны және өрт сөндіру кезінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етпегені үшін кінәлі деп танып, әрқайсысын жеті жылға бостандығынан айырған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Бас прокуратура: Абай облысындағы орман өртіне найзағай себеп болған15 адамды мерт қылған өртке дейін "Семей орманында" не болған еді?Бас прокуратура: Абай облысындағы өрт бойынша "Семей орманы" резерватының басшылығы күдікті ретінде танылды"Айнала – тозақ, тегіс өрт". Абай облысындағы ахуал туралы репортажҮкімет өрт сөндіру техникасы жетпейтінін бұрыннан білді. Бірақ мәселені неге шешпеген?