"Адамды сөзі үшін түрмеге қамауға болмайды". Тамара Калеевамен сұхбат

Тамара Калеева сөз бостандығын қорғау митингінде сөйлеп тұр. Алматы, 25 маусым, 2022 жыл (Азаттық архивіндегі фото)

Тамара Калеева – тәуелсіз Қазақстанның журналистика тарихындағы ең маңызды оқиғалардың куәгері. Сөз еркіндігін қорғайтын "Әділ сөз" қоғамдық қорының бұрынғы жетекшісі Азаттыққа сұхбатында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қазірге дейін елде сөз еркіндігі ахуалы қалай өзгергенін баяндап, үміті мен өкініші жөнінде сыр шертті.

Алматының Медеу ауданында, орталыққа жақын жатқан, негізінен совет кезінде салынған жеке үйлер орналасқан, ресми карталарда жазылмаса да, жұрт арасында "Компот" аталып кеткен аудандағы жеке үйлердің біріндеміз.

Үй иесі, 76 жастағы Тамара Калеева – 25 жыл журналистикада еңбек етіп, 1999 жылы тіркелген және әлі күнге дейін жұмыс істеп келе жатқан "Әділ сөз" cөз бостандығын қорғау қорын 20 жылдан астам уақыт басқарған. Еркін форматта өткен әңгімеміз үй иесінің қоғамдық жұмыстан кейінгі уақыты қалай өтіп жатқаны жайлы әңгімеден басталды.

Тамара Калеева: "Әділ сөзден" 73 жасымда кеттім. Бұл тым кеш деп ойлаймын. Онда тым ұзақ отырдым, сол себепті қатты шаршадым. Тіпті кеткеннен кейін де, төрт жыл өтсе де, әлі күнге дейін таңертең оянғанда: "Құдайым-ау, бүгін жұмысқа барудың қажеті жоқ, мен еркін адаммын, бұл қандай бақыт" деп тұрамын.

Әрине, өз еркіндігімді өзім қалағандай пайдаланамын. Таңертең тұрамын, ауа райы жақсы болса, аулада отырамын. Кофе ішіп, темекі шегіп, Telegram арналардан әлемде болып жатқан оқиғаларды оқимын. Украинаға жүрегім ауырады. Айтпақшы, ай сайын оларға он мың теңге жіберемін. Қайда және қалай жіберем деп ұзақ ойландым. Динара Егеубаева Украинадағы медициналық ұйымдармен жақсы байланыс орнатқан, міне соларға. Жалпы Киев, Украинаны қолдаймын.

Содан кейін жаттығу жасауға кірісемін. Маған жаттығу жасаған ұнамайды, бірақ амал жоқ, жасауым керек, жаяу жүруім керек. Қаланы аралап жүруге ықыласым болмаса, аулада жүремін. 60 рет айналсаң 5 шақырым болады. Иә, мұндай сирек болады. Соған қарамастан жаяу жүремін. Ал қыста жүгіруге арналған жаттығу құралым бар, – дейді сұхбаттасымыз.

"ОЛ КЕЗДЕ ҚАЗІРГІМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА ЕРКІНДІК БОЛДЫ"

Кәсіби журналист Тамара Калеева совет кезінде Қазақ радиосында жұмыс істеген, кейінірек орыс тілінде шығатын "Казахстанская правда" газетіне ауысқан. Бұл басылым советтік Қазақстанда коммунистік партияның баспасөз органы болатын.

Тамара Калеева: Тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі алғашқы кезең еді, ол кезде қазіргімен салыстырғанда еркіндік болды. Біз референдумды сынадық, сайлауды сынадық. 1995 жыл болса керек, жаңа Конституция пайда болды.

Сол кезде газеттің бірінші бетіне "Конституциялық сот жаңа Конституциядағы республикалық басқару формасына күмән келтіреді" деген мақала жарияланды. Соның бәрі жарыққа шықты. Ол кезде бізде Вячеслав Срыбных деген либерал редактор болатын. Сол жағдайдан кейін редакторлықтан кетті. Сірә, оны шектен асып кетті деген болуы керек.

Біз редакцияда барлық нұсқаны, оның ішінде арбитраж сотының жойылуы мен бірігуін де көп талқыладық. Ал Нағашыбай Шайкенов ол кезде әділет министрі еді, біздегі құқықтық жүйені, атап айтқанда сот жүйесін революциялық түрде реформалау қажеттігін айтып жүретін. Оған қарсы көптеген дәлелді мәлімдемелер де болды. Иә, өмір қыз-қыз қайнап жатқан еді.

"Әділ сөз" қорының сол кездегі жетекшісі Тамара Калеева баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 21 желтоқсан, 2016 жыл (Азаттық архивіндегі фото)

Бірде [премьер-министр] Әкежан Қажыгелдин мырзамен кездесу болды. Ол кезде премьер-министр еді. "Казправда" редакциясындағы ұзын үстелі бар үлкен мәжіліс залына жиналдық. Мен редакция алқасының мүшесі едім. Ол кезде Қажыгелдин демократ емес еді. Жанары ұшқын атып, "Бұларыңыз не?" дейтін.

Ал біздің адамдар оған "Біз де құрылтайшылар қатарындамыз ғой" деп уәж білдірген еді. Сол кезде Қажыгелдиннің айтқан сөзі өмір бойы есімде қалды. Кейін оны мен де, өзгелер де дәйексөз ретінде келтіретінбіз. Әлгі ұзын үстелдің үстінде үлкен хрусталь күлсалғыш болған еді.

Ол бізге соны нұсқап: "егер мен осы күлсалғыштың 80 пайызына иелік етсем, оны қалай жылжыту керегін біреуден сұраймын ба?" деді. Сол кезде біздің жауапты хатшымыз Рашид Гарипов: "Расында, біз осы күлсалғыштағы темекі тұқылымыз ғой" деді. Кейін өздерін жалындаған демократпын деп жариялағандардың редакцияға үлкен талап айтып келіп, демократқа жат мінез-құлық танытқан кезі көп болды ғой...

Бірде бізге Нұрқаділов мырза келді. Олар көбіне өздерін керемет адамбыз дейтін.

Сол жолы Нұрқаділовтен: "Міне, сіздер өзен бойындағы зәулім сарайларыңыздан шығып, кепкі киіп алып, алаңдағы кедей-кепшік, жұмыссыздармен қатар тұрып сөйлейсіздер. Өзіңізді жайсыз сезінбейсіз бе?" деп сұраған еді. Ол бұлқан-талқан болып ашуланды. Әрине, бұл жайт жарияланған жоқ.

"ҚАРТ АДАМДАРҒА ЗЕЙНЕТАҚЫНЫҢ КЕРЕГІ НЕ?"

Тамара Калеева 1990-жылдары өз жұмыс істеген редакция мүшелерімен ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев кездескен кезде есінде қалған бір жайтты айтып берді.

Тамара Калеева: Ол уақытта мынадай болатын: редакцияда танымал тұлғамен өтетін дөңгелек үстелге бәрі жиналып, оған сұрақтар қойып, кәдімгідей тергейтін. Бірақ редактор қызметтен кеткен соң мұның бәрі сап тыйылды. Сол кездегі ескі ұжымымыздың соңғы талпынысы еді. Нөмірді әзірлеп, макетін дайындадық.

Соның алдында Назарбаевпен ол отырған Ақ үйде кездестік. Сол кезде көп сөйледі, журналистермен әңгімелесті. "Казправданың" редакциялық алқасы, меншікті тілшілер бар – аймақтағы арнайы тілшілердің бәрі сол кездесуге қатысты. Сол жолы ол бізге бір палаталы парламенттің текке керегі жоқ, қос палаталы парламент болуы керек деді.

Әрине, бәрі қол шапалақтап, бас шұлғыды. Сосын ол тағы: "Қарт адамдарға зейнетақының керегі не? Балалары бар ғой, оларды балалары асырауы керек. Баласы жоқ болса бір сәрі" деді. Міне сол кезде бәрі үн қатпай, тым-тырс қалды. Содан кейін ол бұл идеяны еш жерде айтқан жоқ-ау деп ойлаймын. Яғни, ол жұрттың ыңғайын байқап көру үшін айтты. Онысынан ештеңе шықпады. Әрине, соңынан бәріміз бірге суретке түстік.

Тамара Калеева жұмыс істеген кезде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге түскен сурет басылған "Казахстанская правда" газетін көрсетіп тұр. Алматы, 8 шілде, 2016 жыл (Азаттық ахивіндегі фото)

Редактор ауысқанда – Срыбныхты қызметтен кетіруді ұйғарған кезде біз, – ол кезде редакцияда еңбек еткендердің бәрі лайықты журналистер еді, – газет макетін жасадық. Соған жаңағы суретті салып, ондағы әрбір кісінің келбетін қара маскамен бүркеп қойдық. Яғни, бүкіл редакция және Назарбаевтың суретін. Сосын "Назарбаев мырза, сіз кіммен біргесіз?" деп тақырып қойдық.

Әрине, жаңа редакторға (қазір дүниеде жоқ ол кісі туралы жаман ештеңе айтқым келмейді, ол да партияның адал қызметшісі болды) бұл жөнінде дереу жеткізді. Ол әлгіндей ештеңе басылып кетпес үшін газеттің кезекті саны қалай шығатынын жеке өзі қадағалады. Бұдан кейін редакциядағылардың кете алғандары кетті, кете алмағаны қалды. Сөйтіп, бәрі де үйіріліп-төңкеріліп кете барды.

"СӨЗ БОСТАНДЫҒЫНЫҢ САҒАН ҚАЖЕТІ ҚАНША?"

Тамара Калеева кейін өзі 20 жыл бойы үздіксіз басқарған "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қорына кездейсоқ тап болғанын айтады.

Тамара Калеева: Менде қандай да бір қоғамдық ұйымды басқару немесе әлдебір қоғамдық қозғалыс құру туралы арман я мақсат ешқашан болған емес. "Әділ сөзді" өзім тіркедім деп айта аламын, себебі басқа қызметкер болған жоқ. Евгений Жовтис пен Сергей Злотников маған жарғы жазуға көмектесті, себебі мен оның не екенін де білмедім. Жарғыны тіркетуге әділет басқармасына бардым.

Кейде осы "Әділ сөзге" 20 жылымды жұмсадым, не өзгерді?" деген ой келеді. Мүлде ештеңе өзгерген жоқ, тек нашарлай түсті. Жылдар бойы уақытымды, күш-жігерімді не нәрсеге сарп еттім? Бәлкім, әу бастан-ақ математик немесе мысалы, токарь болсам, қандай да бір пайдасы болар ма еді...

1999 жылдың сәуірінде қорды тіркеген кезде, Байзақов көшесі бойындағы жертөле ме, жартылай жертөле ме, сол жерде жайғасқан Алматы қалалық әділет басқармасындағы 10 кабинетті аралап, қол қойдырту үшін соңғысына келдім. Ал онда басқарма басшысы емес, бәлкім оның орынбасары ма, сол отырды.

"Қауіп-қатерде қалған журналистер" қоғамдық қорының жетекшісі Розлана Таукина (оң жақта), "Әділ сөз" қорының президенті Тамара Калеева (оң жақтан екінші) және өзге журналистер сөз бостандығын қорғау акциясында тұр. Алматы, 24 маусым, 2009 жыл (Азаттық архивіндегі фото)

Өңі сынық сол ер адам "Сөз бостандығы дегеніміз не, соны маған түсіндіріңізші?" деді. Мен оған: "Қалайша? Ол бесенеден белгілі нәрсе ғой" дедім. "Сіз дұрыс түсініңіз бе, мен тиісейін деп отырған жоқпын. Күні бойы маған темекі, арақ, шай тіркетуге келді. Енді кенет сіз "сөз бостандығы" деп келіп тұрсыз. Осының бәрінің сізге қажеті қанша? Кім кедергі жасап жатыр? Ас үйіңізде отырып, қалағаныңызды айта беріңіз" дейді. Яғни, сол кезде бұл ұғым шенеуніктердің санасына да кірген жоқ.

Ал қазір бұл ұғымды жұрттың бәрі жақсы біледі деп ойлаймын. Кейбірі оны басшылыққа алып, қорғауға тырысса, кейбірі қарсыласып бағады. Себебі бұл – ескі жүйе сүрлеуінен шықпай тымпиып қана жұмыс істегісі келетіндер үшін қауіпті құбылыс. Міне, Эзоп тілінде осылай түсіндірейін.

СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ ҮШІН КҮРЕС

Тамара Калеева өзі ресми органдарда тіркеткен қазақстандық "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоғамдық қорын 20 жылдан астам уақыт үздіксіз басқарды.

Қарт журналист өзі жетекшілік еткен қоғамдық қор құрыла салысымен Қазақстандағы сөз еркіндігі, журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарының құқығын қорғау ісіне белсене кіріскенін, билік пен түрлі топтар қудалаған, қысым көрсеткен тілшілерге араша түскенін, баспасөз туралы заңдарға ұсыныстар айтып, сөз еркіндігі үшін күрескенін еске алды.

Тамара Калеева: Біз бірден акциялар өткізе бастадық. Білмеймін, бәлкім, аңғалдық та болар, оның соншалықты қиын екенін түсінбеген де шығармыз. Көп акция өтті. "Цензура" деп жазылған тұлыпты өртедік, митингілер өткіздік. Егер білгіңіз келсе, кейінірек толығырақ айтып берейін. Бізде "ең нашар шенеунікті" анықтайтын байқау болды. Ақпаратқа қол жеткізу мәселесі бойынша.

Баспасөз еркіндігін қорғау акциясына қатысушылар цензураны бейнелейтін тұлыпты өртеп жатыр. Алматы, 24 маусым, 2006 жыл (Азаттық архивіндегі фото)

Қазір тіпті ол өзекті емес, себебі одан да күрделі мәселелер бар. Бірақ сол кезде бұл өте өзекті еді. Әр аймақта қордың тілшілері болды, негізінен жұмыс істеп жүрген журналистер еді. Олар ақпарат беруден бас тартқан шенеуніктер туралы мәлімет жинады. "Ең нашар шенеунікке" байқау жарияладық. Он шақты "нашар шенеунікті" анықтап, алма пішінді мүсіндерге тапсырыс бердік, Алматыда болғандықтан.

"Ешкімді көрмеймін, ештеңе естімеймін, ешкімге ештеңе айтпаймын" деген жазуы бар сол алмалардың біреуі менде қалған еді, соны сізге сыйлайын. Соларды шенеуніктерге тараттық, кейбіріне қолына тапсырдық, кейбіріне салып жіберетінбіз. Білесіз бе, көбі алатын. Сол кездегі [ақпарат министрі Ермұхамет] Ертісбаев алманы ризашылықпен күлімсіреп алды. Менің ойымша, бұл – қалыпты реакция. Ал кейбірі шамданып, қайтарып берді.

Біз жыл сайынғы талдауларымызды жасай бастағанда, тілшілерімізді ұстай бастады. Қалай дейсіз ғой? Шымкентте өте жақсы тілшіміз болды, сондағы газетте істейтін. Соны әкімдікке шақырып алып, "сенің мұнда кеңсең бар, жұмысың бар, ал сен біздегі шенеуніктерді жамандап көрсетіп жатырсың" дейді. Ал ол тілші көптеген деректер беретін. Ол кезде баспахана үлкен мәселе еді. Қазір баспахана мәселесі жоқ болғанымен, есесіне [интернет] желіге байланысты мәселелер бар.

Ол кезде барлық баспаханада нағыз цензура, заңсыз цензура болды. Егер тираж кенеттен билікке ұнамай қалса, оны [баспаханадан] шығармай тастайтын. Ал ол тілші Шымкент баспаханасындағы мәселелерді, әкімдіктің ақпарат бермейтіні туралы хабарлап тұрды. Оған "Не бізбен бірге істейсің, не жұмыстан айырыласың" деген талап қойған. Осылайша қатарымыз сирей түсті. Дегенмен өмір жалғаса берді. Белсенділік те жалғасты.

Есімде қалған алғашқы жымысқы сот 2004 жылы (түзету: кейіпкер бұл жерде 1998 жылы шыққан сот шешімін айтып отыр) "Дат" газетіне қатысты болды. "Дат" газеті өзге басылымдармен қатар мақала жариялаған еді. Өткір мақала. Кейіпкерлері сотқа жүгінді. Қалған БАҚ-қа тиіспеді.

"Жаңаозен-2011" қоғамдық комитетінің мүшесі, тәуелсіз журналист Шәріп Құрақбай баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 10 сәуір, 2012 жыл (Азаттық архивіндегі фото)

Ол кезде "Датта" Шәріп Құрақбай бірінші редактор еді. Құрақбай кезінде ол "Дат" көп істеген жоқ. Ар-намыс пен абыройды қорғау туралы шағым бойынша сот оған 35 млн теңге айыппұл салды. Бұл ғаламат көп ақша еді ол кезде. Ал ол ақпарат "Датта" ғана емес, өзге де басылымдарда шықты. Бірақ оларға кенеттен пайда болып, тыныштығын тілгілеген "Даттың" жүзін майырып, жою керек болды. Ал Шәріп содан кейін ұзақ уақыт ресми түрде жұмыс істей алмады, себебі соншама көп ақшаны төлеуге мәжбүр еді.

Азаттық: Ал ол бәрін төледі ме?

Тамара Калеева: Иә, ұзақ уақыт төледі. Ол бізде, "Әділ сөзде" біраз уақыт аудармашы болып жұмыс істеді.

Лира Байсейтова "ХХІ ғасыр" деген газет ашты, ол кезде 20-ғасырда өмір сүріп жатқан біз үшін бұл революциялық атау еді (түзету: Лира Байсейтова басқарған "Республика 2000" атты газет 2000 жылдың жазынан бастап шығып тұрды). Оны кім қаржыландырып жатқанына, артында кім тұрғанына ешқашан терең үңілген емеспін. Газет бар, сондықтан оның мазмұны және қалай жұмыс істейтініне қарау керек. Әрине, әр газет, тек газет емес, әрбір БАҚ қаржысыз өмір сүре алмайды. Басылым ірі бола ма, шағын бола ма, маңызды емес. Сондықтан абсолютті тәуелсіз [басылым] деп айту қиын. Бәріміз адам болғандықтан қаржыға тәуелдіміз. Барлық БАҚ қаржыға тәуелді. Бұл – шындық. Оның басылымында өте қызықты, өте өткір мақалалар жарияланды.

Эмиграцияға кеткен қазақстандық журналист Лира Байсейтова. Женева, 29 қаңтар, 2020 жыл.

Кейін оны қудалау басталды, алдымен заң аясында, өркениетті түрде болды. Айыппұлдар салды, басылымды тәркіледі. Ал енді қызына олардың жасағаны ашық күнде жай түскендей соққы болды. Бұл оны қатты күйзелтті. Менің ойымша, мұндай сұмдық акция содан кейін болған жоқ. Яғни, [журналистің] жақындарын, әкесін я балаларын өлтіру, қудалау сияқты оқиғаларды айтамын. Иә, қорқынышты болды. Біз оның редакциясына жиналдық, құқық қорғаушылар не істеу керектігін ойластырды. Арты жақсылықпен бітпеді, яғни ештеңенің алдын алған жоқ.

Әрине, полиция өздерінің кінәсіз, сүттен ақ, судан таза екенін айтып, қызды нашақор деп атап, байғұс қызға басынан бақайшағына дейін күйе жақты. Лира немересін құтқару үшін елден кетіп дұрыс істеді деп есептеймін. Қазір оның жағдайы, денсаулығынан басқасы, бәрі жақсы.

Көрші елдерде болған түрлі-түсті революциялардың бәрі, бірінші кезекте Қырғызстандағы "Қызғалдақ революциясы", Еуропадағы революциялар, менің ойымша, біздің билікті шошытты. Өйткені мәселені қозғамай, идея мен идеалдарды ашық айтпай ешқандай қоғамдық-саяси өзгеріс болуы мүмкін емес.

Інжілде: "Әуелде Сөз болған" деп тегін айтылмаған. Әуелі біз не нәрсеге наразы екенімізді, не қалайтынымызды және оған қалай қол жеткізгіміз келетінін айтуымыз керек. Яғни, сөз бостандығы, әрине, бірінші орында.

Әрине, Назарбаевтың тұсында басты қағидат – биліктің ауыспайтындығы болды. Бізде "тұрақтылық" деп атаған нәрсе бұрын "тоқырау" деп аталатын. Өкінішке қарай, оны тіпті тоқырау деп те атауға келмейді, өйткені осы "тұрақтылық" кезінде елдің байлығы, бәріміз білетіндей, өз адамдары мен сол топқа кіре алғандардың арасында бөліске түсті.

ЗЕЙНЕТ ДЕМАЛЫСЫНДАҒЫ ТІРЛІК

Қазір Тамара Калеева уақытының көбін Алматының "Компот" деп аталатын ауданындағы үйінде өткізеді, ауласындағы түрлі өсімдіктерді күтіп-баптайды.

Тамара Калеева: Мұны бау деп атай алмаймын, бар болғаны екі алма және бір жаңғақ ағашы бар. Қоршаудың бойымен таңқурай өсіп тұр. Біріншіден, таңқурай, екіншіден, қоршауды аздап безендіріп тұр, әйтпесе өзімді металл қорапта тұрғандай сезінемін. Түптеймін, тыңайтқыш себемін, егемін, қайта отырғызамын. Содан кейін гүлдеген кезде тамсанамын. Мұнда гортензия гүлінің төрт бұтасы өсіп тұр. Барлығы түрлі түсті. Көп ұзамай гүлдейді. Раушандар да әртүрлі. Оларды көп рет отырғызып, көшірдім. Бұлар да гүлдейді.

Ал енді қаласаңыздар, қалай, қайда тұратынымды көрсетейін. Итім Гела екеуіміз осында ұйықтаймыз. Ал мына жерде мысықтардың бірі ұйықтайды, Тимоха немесе Алиса. Ал мұнда сувенирлер жиналған. Мұның бәрі әшейін ұсақ-түйек заттар сияқты көрінетін. Осыларды несін алдым деп ойлайтынмын. Арзан да емес қой. Ал қазір өткенді еске алғанға жақсы екен.

Мынау Вашингтондағы музейден келген. Мынау Токиодан. Мынау Коста-Рикадан. Өкінішке қарай, сынып қалды. Түрлі қоңыраулар шоғыры. Мен оларды жинамаймын, өзінен өзі жиналып қалыпты. Әр жерден келген. Мынау – Норвегиядан сияқты. Мынаны әріптесім, құрбым Шолпан Жақсыбаева сыйлаған, Аризонадан әкелген. Тағы қандай қызық нәрсе бар? Мынаны Таиландқа сапар кезінде алғанмын. Мынау – спирттік ішімдіктер коллекциясының бір бөлігі. Мынау – Грузиядан. Бір бөлігі Қытайдан әкелінген.

Мұнда өте ыңғайлы. Мұнда пеш бар. Кофе қайнатып, осында отырып ішемін. Көзім нашар көре бастағандықтан, үлкен экран қолайлы. Интернет ақтарамын, Facebook-ті қараймын. Міне, негізгі сайттар, ҚазТАГ, zakon.kz. Мынау бір сағат бұрын шыққан екен: Роман Скляр президент әкімшілігінің жаңа жетекшісі болып тағайындалыпты.

"ӘДІЛ СӨЗ" ҚОРЫНДАҒЫ ЖҰМЫС

Қоғамдық қызметтен қол үзгенімен, елде және әлемде болып жатқан жаңалықтарды оқитын әдеті әлі де қалмаған. Сонымен бірге өзі "Әділ сөз" қорын басқарған кезде елде болған кейбір оқиғалар ұмытылмастай болып қалғанын айтады.

Тамара Калеева: Мені есеңгіретіп тастаған ең ауыр оқиға Лұқпан Ахмедияровтың ісі болды. Ол сол кезде "Уральская неделя" газетінің өте белсенді қызметкері еді. Бұл газетпен жақсы байланыста болдық. Оның редакторы Тамара Есләмова біздің тілшіміз еді. Әрине, біз газетте шыққан мақалаларын оқып-біліп отырдық. Олар жергілікті мәселелерді жазды. Ол жақта әлдебір спорт мектебімен арада келіспеушілік болған.

Содан кейін, Тамара Лұқпанға шабуыл жасалғанын хабарлағанда көктен жай түскендей болды. Оны пышақтап кеткен. Ол нағыз редактор ретінде дереу қылмыс орнына барып, оны қансырап жатқан күйі зембілге салып апара жатқанын, содан кейін ауруханаға кіргізгенін суретке түсіріп жіберді. Ол суреттерді барлық жерде жарияладық. Көптеген халықаралық БАҚ оларды көшіріп басты. Бұл үлкен төтенше оқиға еді. Қазақстан көптеген халықаралық алаңдарда сол үшін сынға қалды.

Дәрігерлер жаралы Лұқпан Ахмедияровты әкетіп барады. Суретте сол жақтан екінші тұрған - "Уральская неделя" басылымының редакторы Тамара Есләмова. Орал, 19 сәуір, 2012 жыл.

Лұқпан сауығып шықты және ең бастысы, кәсіби тұрғыдан күшейе түсті, ысылды. Оны марапаттады, АҚШ-та болған кезінде батылдығы үшін әлдебір сыйлық тапсырылды. Ал содан кейін, бір қызығы, оған қастандық жасағандар табылып, сотталды. Бұдан бөлек ол кәсіби тұрғыда, адам ретінде, азамат ретінде айтарлықтай ысылып жетілді.

Өкінішке қарай, мұндай қайғылы жағдай аз болған жоқ. Қазір барлығын тізіп шығу қиын. Бірақ, сол кезде мұндай әрбір жайсыз оқиға сирек кездесетін төтенше жағдай ретінде қабылданатын. Ал қазір жаппай басып-жаншып, журналистердің ірісін де, ұсағын да ақпарат алаңынан тықсырып жатыр.

[Facebook-ке] жазбағалы көп болды. ["Әділ сөзден"] кеткеннен кейін қоштасқанмын. Шыны керек, одан кейін екі рет кірдім, Лұқпан Ахмедияров өзім орныма қалдырып кеткен адам – Қарлығаш Жаманқұлова жөнінде барлығын айтып тастаған кезде. Мен оған "Жігіттер, кешіріңдер, мен ұзақ таңдап, қателестім" деп жаздым. "Біз сізді кінәлап жатқан жоқпыз" деді. Әрине, сендер мені кінәламайсыңдар, мен өзімді кінәлаймын. Одан нашар кандидатураны табу мүмкін емес еді.

Ол мені қаншалықты жақсы көретінін, сыйлайтынын және сөз бостандығын қаншалықты қадірлейтінін үнемі айтатын. Осы лауазымға өзі сұранды. Мен бұл орынды кімге ұсынбадым?! Бәрі бас тартты. Данияр Молдабековке, Ирина Медниковаға ұсындым. Мирасқа [Нұрмұханбетов] ұсынған жоқпын, ол менімен алты ай бірге отырды, оған ауыр болатынын ұқтым. Көп адамға ұсындым. Бас тартты. Кенет Қарлығаш пайда болып, "мен болғым келеді" деді. "Қалайша? Кешір, бірақ елшілік пен қоғамдық қордың ақшасын салыстыруға да келмейді ғой" дедім. "Көңілім қалап тұр, өзім журналистпін, сөз бостандығын қолдаймын" деді. Ол келісіп қана қоймай, өзі сұранып тұрғаннан кейін, енді бәрі жақсы болады деп ойлағам. Ол елшіліктегі қызметінен кетті.

Осында ақылдастар кеңесін өткіздік. Оның елшілікке қайта орала алмайтыны белгілі болған кезде "мен осында екі жыл істеймін, одан кейін парламент сайлауына түсем бе деген ойым бар" деді. Шегінуге мүмкіндік қалмаған кезде айтты. Елшіліктен кетіп қалған еді. Мен оған [орныма қаласың деп] толық кепілдік беріп қойғам.

Азаттық: Сіздің реакцияңыз қалай болды?

Тамара Калеева: "Байқап көр" дедім. Басқа не дейін? "Депутаттыққа барма" деп айтамын ба? Мен сияқты 20 жыл отыр деймін бе? Олай айта алмайсың ғой. Оның бәрін жоятынын білмедім ғой. Сайтымызды, кітапханамызды, тіпті эмблеманы жоятынын білген жоқпын. Ізбасарым болады деп ойладым ғой. Бірақ ол бәрінің түбіне балта шапты.

Жағдай нашарлап барады. Ол [билікке] ыңғайлы партияның құрамында. Ол сол күйі Астанадан Алматыға қоныс аударған жоқ. Әуелгіде ол "көшемін" деген. Кеңсе осында, ал ол сол жақта. Ол шамасы барлық қыр-сырын білетін сияқты. Партияға кіре алды. Бәлкім, өте ыңғайлы депутат болатын шығар.

Сөйлеу керек нәрсе туралы сөйлейді, дауыс беру керек нәрсеге дауыс береді. Жайлы орын, тоқ өмір, қандай да бір билік иллюзиясы. Көбін осы нәрсе тартады ғой.

"Әділ сөз" қорының сайты жұмыс істеп тұр. Онда 2021 жылдан бергі архив, кітаптар, нұсқаулықтар бар. Сайтта сөз бостандығын сақтауға қатысты мәлімдемелер жарияланған. Сөз бостандығының бұзылуы бойынша соңғы мониторинг нәтижесі 2025 жылы сәуірде жарияланған.

"Әділ сөз" қоғамдық қорының қазіргі жетекшісі Қарлығаш Жаманқұлова Азаттықтың сауалына жауап берген жоқ. Ол таяуда жаңадан құрылған, ел президентінің саясатын қолдайтын "Әділет" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ құрамында болды және қазір осы партияның мүшесі.

ҰЗАҚҚА ЖЕТПЕГЕН ҮМІТ

Тамара Калеевамен бірге Алматыдағы қазіргі Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғыл бойында орналасқан, бір кездері БАҚ өкілдері мен қоғамдық ұйымдар, құқық қорғаушылар мен белсенділер жиыны жиі өтетін "Ұлттық баспасөз клубы" ғимаратының алдында тұрмыз.

Тамара Калеева: Бұл жерге өз проблемаларын айтып журналистер, кәсіпкерлер мен оппозициялық демократиялық партиялар келген. Мұнда ҚДТ болды.

Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевты қудалау басталған кезде мұнда өте көп баспасөз мәслихаты өтті. Оны ұстаған кезде "Әділ сөз" оны қорғап, баспасөз жиынын өткізген.

Қазақстан Журналистері одағының төрағасы Сейтқазы Матаев өзін алты жылға түрмеге қамау туралы сот үкімін тыңдап тұр. Астана, 3 қазан, 2016 жыл (Азаттық архивіндегі фото)

Соттан кейін оны қаралайтын арсыз науқан жүрді. Бізде "сені қарсылас болғандықтан жазалаймыз, оқшаулаймыз" деп айтпайды ғой. Әрдайым бір масқара айыптау таба қояды. Қаржыға қатысты заң бұзды, қаржы жымқырды деген сияқты айыптаулар. Бұл әлі де жалғасып жатыр. Не қаржыға қатысты, немеcе [журналист Сергей] Дувановты айыптағандай, зорлау айыбын тағады. Қазір зорлау айыбын тағуды қойған сияқты. Көбіне қаржыға және ар-намысты қорлау мен іскерлік беделге нұқсан келтіруге қатысты айыптар тағылады.

Жаңа президент келген кезде әрдайым жаңа үміт пайда болады ғой. Иә, біз сөз бостандығы өркендейді деп ойладық. Оның үстіне, [Қасым-Жомарт] Тоқаев билікке келген кезде Матаевтарды толық ақтады. Онымен қастасқандар жоғары қызметтен алынды. Едәуір уақыт ешкімді қудаламады. Әйткенмен ілгері жылжыдық деп те айта алмаймын. Бірақ осы бір мамыражай шақ ұзаққа созылған жоқ. Одан кейін заңдарға жаңа өзгерістер енгізілді. Бұл – мүлдем басқа тарау. Біз жала жабуды қылмыс деп таныған кезде оған қарсылық білдіріп, үздіксіз айтып-жаздық, оны қылмыс санатынан алып тастау үшін күрестік. Оны Әкімшілік кодекске енгізді. 45 күндік қамау жазасы. Әрине, бұл – бірнеше жылға қамау емес.

Біз оны Азаматтық кодекске, азаматтық даулы іс санатына ауыстыру керек деп санаймыз. Біз сол кезде соған сенімді едік. Алайда қазір Азаматтық кодекс те журналистерге қарсы толық қолданылып жатыр. Ар-намысты қорлау, іскерлік беделге нұқсан келтіру айыптары. Кез келген адам сотқа арыздана алады.

Егер менің бес адамнан тұратын шағын кәсіпорным болса және біреу-міреу өнімнің сапасыз екенін айтса, мен сотқа шағымдана аламын. Ал сол журналист қайда? Егер біз мәселеге байыппен қарап, адвокаттармен келіссек, ең жақсы дегенде үйқамақта болады. Әрине, қалтасында көк тиын қалмай, шоттары бұғатталады.

Қазір осындайлардың шегі болмай кетті. Мұның бәрі осы мақсатты заңнамалық реформалардың салдары.

Алғашқы отырыстардың бірі есімде. Ол кезде біз парламентке, прокуратураға, үкіметке өз ұсыныстарымызбен баратынбыз. Және шынтуайтында, ешкім оларға қарсы шыққан жоқ. Бірақ бір жайт есімде қалыпты. Бас прокуратурада немесе парламентте ғой деймін, жала жабуды қылмыс санатынан алып тастау қажеттігін айттым. Жала дегеніміз – сөз. Ал сөз үшін адамды түрмеге қамауға болмайды дедім. Бұл кісі өлтіру я ұрлық сияқты қылмысқа жатпайды. Сол кезде бас прокурор Иоганн Меркель болды ғой деймін.

"Бізде сөз бостандығы Конституцияда жазылған" дедім. Ал ол маған: "Ал Конституцияда адамның қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды деп те жазылған" деді. Сол кезде сөзден тосылып қалсам керек. Жақсы ой кейіннен келеді дейді ғой. Сол кезде "азаптауға тыйым салатын бап та сонда бар" деп айтуым керек еді. Ұстау кезіндегі ар-намысқа тию және тағы басқаларды. Адамның абыройын қорғау дегеніміз сөз бостандығын шектеуді білдірмейді. Егер қазір менен сұраса, менде жеткілікті дәйек бар деп ойлаймын. Мен қайда және қалай жүгіну керегін, кімге жекелей, кімге қоғамдық масштабта қайырлу керегін білемін. Бірақ енді тым кеш.

АЙДОС САДЫҚОВТЫҢ ҚАЗАСЫ ТУРАЛЫ

Тамара Калеева: Әрине, қазіргі саясатымыздың, журналистерге қарсы ең арсыз әрекеттердің айқын мысалы – Айдос Садықовтың өлтірілуі. Мен ол ерлі-зайыптыны Ақтөбеде тұрған кезінен білетінмін.

Айдосты ол кезде тіпті болмаған төбелес үшін түрмеге жапты. Екі жыл түрмеде отырды, сағы сынған жоқ, бостандыққа шықты. Содан кейін оларды экономикалық жағынан қыса бастады, мүлкін тәркіледі. Олар елден кетуге мәжбүр болды. Олардың кішкентай балалар бар еді, оларға бас еркіндігінен, қалыпты өмір сүруге қажет ең негізгі нәрселерден айрылып қалу қаупі төнді.

Оппозициялық белсенді Айдос Садықов (ортада) сот үкімін тыңдап тұр. Ақтөбе, 16 шілде, 2010 жыл (Азаттық архивіндегі фото)

Сол кезде де ол өзін лайықты ұстады. Олардың "Бәсе" басылымының жанкүйерімін деп айта алмаймын, дегенмен оны әрдайым қызыға оқимын және жалпы олармен келісемін. Көріп отырғаныңыздай, оны жергілікті қысым құралдарының көмегімен бағындыра немесе жоя алған жоқ.

Сондықтан осындай шектен шыққан қадамға барып, бөтен жерде, соғысып жатқан демократиялық елде өлтірді. Мұны ешбір сөзбен түсіндіре алмаймын. Балағат сөзге тыйым салынған ғой, сондықтан айтарым жоқ. Неліктен мемлекетіміз өз азаматының шетелде өлтірілуіне жол берді? Неге Украинаның құқық қорғау органдарымен байланыс орнатпаған? Сауалдарға жауап бермейді, аты-жөні аталса да, айыпталушыларды тергемейді. Ол адамдар не ақталуы керек, не түрмеге қамалуы керек. Бірақ Қазақстан үнсіз отыр.

Наталья Садықова Францияның Байе қаласындағы журналистерге арналған мемориалда тұр. Мемориалда оның күйеуі, журналист Айдос Садықовтың аты-жөні жазылған.

Және үнсіздік ұзаққа созылса, ол ұмыт болады деген сөз емес. Ол – иллюзия, ондай нәрсе ұмытылмайды. Ол ұзаққа созылған сайын масқараның дағы да жайылып, тарай береді. Бұл сөз бостандығы мен оны қорғау ахуалынан хабар беретін ең айқын мысал. Қазақстандағы сөз бостандығына берілген шынайы конституциялық кепілдіктің мысалы.

Әрине, маңызды оқиғалардың бірі – журналистерді үйқамаққа алу. [Есігіне] желім жағып, көлігін өртеу, иттің басын, азагүл жіберу тәрізді қорқытып-үркіту амалдарын көрдік. Одан нәтиже шықпағанын, қорқыта алмағанына көздері жетті. Ал заң күшін қолдану, әділетті ме, әділетсіз бе, объективті ме, жоқ па, ол – даулы мәселе. Сондықтан олар сол дауды пайдаланады. Олар адамдарды күнкөрісінен, жұмыс істеу мүмкіндігінен, бостандығынан айырады. Және осының бәрі шынымен де қоғамдық пікірге әсер ететін, қоғамдық пікірді қалыптастыратын, нақты, өзекті мәселелерді көтеретін көрнекті журналистерге қатысты болып жатыр.

Егер құлдырап, ең төмен шегіне жеткеніміз осы болса, онда ары қарай түбін теспей, қайтадан жоғары көтерілеміз деп үміттенемін.

Осыншама әбігерге түсіп, кішігірім батыр болу жақсылыққа жеткізген жоқ-ау деп ойлайтынмын, әлі де сол ойымнан айныған жоқпын. Егер өмірімді қайта бастасам, журналистикаға бармас едім. Математик, құрылысшы я сәулетші болар едім.

Яғни, артымда бір нәрсе қалғанын білетіндей бірдеңе істер едім. Бірақ қазір маған мұның бәрі зая кеткендей көрінеді. Әрдайым демократия үшін күресіп келдік, ал жағдай әу бастағыдан да нашар күйде...

Азаттық: Қазақстан билігіне не айтқыңыз келеді?

Тамара Калеева: Халықты құрметтеу керек дегім келеді. Оларды басыбайлы тобыр деп санамау керек. Бәріміз қарапайым халықпыз. Халықты бағаламауға болмайды. Халыққа күн көрсетпеуге болмайды.

Адамдардың өмірін тас-талқан қылатын әдемі бас жоспар жасауға болмайды. Билік өз халқын құрметтеуі керек, еңбегін, қадір-қасиетін, ақыл-ойын, жақсылыққа ұмтылысын сыйлауы керек.

Әзірге олар үшін халық – басқарылатын тобыр ғана. Бізде бары осы.