«Әділ сөз»: түзетулер ақпараттық кеңістікті қорғаудан гөрі бақылауды күшейтуге бағытталған

«Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымы Құрылтай бірінші оқылымда мақұлдаған онлайн-платформалар мен масс-медиа туралы заң жобалары тәуелсіз журналистер мен блогерлердің жұмысына қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті. Қордың хабарламасы 18 қарашада жарияланды. Қордың пікірінше, түзетулердің жалпы бағыты ақпараттық кеңістікті қорғаудан гөрі мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған.

Қорды алаңдатып отырған негізгі ұсыныстардың бірі – 5 мыңнан астам жазылушысы бар онлайн-платформалардағы аккаунт иелері мен модераторларын мемлекеттік тіркеуге алу. Олар аты-жөні мен ЖСН сияқты жеке деректерін ұсынуға тиіс болады.

«Әділ сөз» мұны блогерлер мен қоғамдық парақшалар әкімшілерінің анонимдігін шектеу деп бағалайды. Қор заң жобасында бұл талаптың шетелде тұратын қазақстандықтарға, шетел блогерлері және олардың жазылушыларына қалай қолданылатыны түсініксіз екенін айтады.

Кибермаман Александр Сыромятников жеке деректер базасы хакерлер үшін тартымды нысанаға айналуы мүмкін екенін ескертеді. Ақпарат тарап кетсе, қауіпсіздік үшін жасырын жұмыс істейтін журналистер мен авторлардың кім екені ашылып, олар қудалауға ұшырауы ықтимал. Қор деректерді жинау, сақтау, оларға қол жеткізу және ақпарат тараған жағдайда жауапкершілік мәселелері заңда нақты көрсетілуі керек деп санайды.

Тағы бір маңызды мәселе – әлеуметтік желілердегі «заңға қайшы контентті» сот шешімінсіз жою тетігі. Заң жобасы бойынша уәкілетті орган онлайн-платформалардың Қазақстандағы өкілдіктерінен мұндай материалдарды дереу өшіруді талап ете алады. Талап орындалмаса, платформалар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

«Әділ сөз» заңға қайшы контентті анықтау құзыреті атқарушы органға берілсе, шешім субъективті немесе саяси себептермен қабылдануы мүмкін деп қауіптенеді. Қор заң жобасы қабылданған жағдайда билікке өзіне ұнамаған аккаунттар мен жарияланымдарды бұғаттауға мүмкіндік беретін тетік пайда болуы ықтимал екенін айтады.

Қор саяси, сараптамалық және сатиралық материалдарды өшіруді соттың құзыретіне беруді ұсынады. Одан бөлек, бұғатталған материалдар бойынша ашық реестр құруды, пайдаланушыға шектеудің себебі мен оны енгізген орган туралы хабарлауды және заң бұзушылық жойылған соң ресурсқа қолжетімділікті жедел қалпына келтіруді талап етеді.

Заң жобасында БАҚ пен онлайн-платформаларда былапыт сөз қолданғандарды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс бар. «Әділ сөз» заңгері Сергей Уткин бұл норма журналистік материалдардың мазмұны мен контексті ескерілмей қолданылуы мүмкін деп есептейді.

Мәселен, былапыт сөз сұхбаттағы тікелей дәйексөзде, сатиралық шығармада немесе стендап қойылымында кездесуі мүмкін. Қордың пікірінше, жекелеген сөздерді ғана емес, тұтас мән-жайды және құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын бағалау қажет.

Заң жобасы адамның суретін оның келісімінсіз пайдалануға рұқсат бермейді. Тек ашық дереккөзге жарияланған суретті пайдалануға болады. «Әділ сөз» бұл нормалар журналистік зерттеулерге кедергі келтіруі мүмкін деп санайды. Мысалы, шенеуніктің жеке өміріне қатысты ақпарат оның мүлкіне, шығындарына немесе бюджет қаражатын пайдалануына байланысты болса, ол қоғамдық маңызға ие болуы мүмкін. Қор суретті пайдалануға тыйым салудың қалай рәсімделетіні де нақты көрсетілмегенін атап өтеді.

Бұдан бөлек, БАҚ есепке тұру кезінде өзі пайдаланатын әлеуметтік желідегі аккаунттарын көрсетуге міндеттелуі мүмкін. Қор бұл талаптың кейін ашылған аккаунттарға немесе журналистердің жеке парақшаларына қалай қолданылатыны түсініксіз екенін айтады.

Дегенмен «Әділ сөз» заң жобасындағы кейбір ұсыныстарды оң бағалайды. Атап айтқанда, материалға қатысты дауды сотқа дейін реттеу тәртібін онлайн-платформаларға да қолдануды және мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын арнайы белгілеуді қолдайды. Алайда ресми жауаптарды белгілеу тәртібі нақты әрі түсінікті болуы керек деп есептейді.

Қор қазан айында заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына өз өкілдерін қосуды сұрап, Құрылтайға хат жолдаған. Алайда өтінішіне жауап алмағанын хабарлады.

«Әділ сөз» тәуелсіз сарапшылардың, журналистер мен құқық қорғаушылардың сөз бостандығына тікелей әсер ететін заңдарды әзірлеуге қатысуы маңызды екенін айтады. Қор заң жобасының кейбір нормалары Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сәйкестігі тұрғысынан қосымша құқықтық сараптамадан өтуі керек деп санайды.

18 қарашада Құрылтай онлайн-платформалар мен масс-медиа заңына түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. «Әділ сөз» азаматтарды заңсыз контенттен қорғау сөз бостандығын, сын айту және журналистік зерттеулерді шектеу құралына айналмауы керек деп ескертеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Құрылтай онлайн-платформалар мен масс-медиа заңына түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады