18 қарашада Құрылтай онлайн-платформалар мен масс-медиа заңына түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Ұсынылған өзгерістер БАҚ пен әлеуметтік желілердегі былапыт сөздер үшін жауапкершілік енгізуді, мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын арнайы белгілеуді және цифрлық платформаларға қойылатын талаптарды күшейтуді көздейді.
Заң жобасына сәйкес, онлайн-платформалар заңға қайшы контент таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Қазір Қазақстанда аудиториясы 100 мыңнан асатын онлайн-платформалар мемлекеттік органдармен байланысу үшін елде заңды өкіл тағайындауға міндетті. Жаңа өзгеріс бойынша, онлайн-платформа Қазақстанда ресми өкілдік ашып, оны тіркеуге тиіс. Бұған қоса, уәкілетті органның нұсқамасын орындамаған платформалардың Қазақстандағы қызметін шектеу тетігін енгізу көзделген.
Өзгерістердің бірі - 16 жасқа толмаған балаларға Instagram, TikTok, Facebook сияқты әлеуметтік желілерге тіркелуге тыйым салу. Желі қолданушыларының жасын тексеру міндеті желі әкімшілігіне жүктелмек.
Заң жобасында тағы бір талқыланып жатқан мәселе — аудиториясы бес мыңнан асатын ашық пабликтер мемлекеттік тіркеуден өтуге міндеттеледі. Паблик иесі өзі туралы жеке деректерді уәкілетті органға тапсыруы керек.
Былапыт сөзге әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынысы
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске БАҚ пен онлайн-платформаларда былапыт сөз қолдануды ұсақ бұзақылыққа жатқызатын норма енгізу ұсынылған. Мұндай норма тек редакция материалдары емес, қолданушылар контентіне де қатысты.
Мемлекеттік органдардың жауаптарын арнайы белгілеу міндеттелуі мүмкін
Егер БАҚ мемлекеттік органның ресми жауабын жарияласа, оны арнайы мәтіндік, графикалық, визуалды немесе аудиобелгімен көрсетуі керек. Мұндай белгі ресми БАҚ-тың түсіндіруінше, оқырманға ведомствоның ресми ұстанымын редакцияның авторлық мәтіні мен журналистің пікірінен ажыратуға мүмкіндік береді. Белгілеу тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
Сонымен бірге заң жобасында БАҚ-тың ақпарат беру туралы сұранысына мемлекеттік орган бас тартқан жағдайда, бұл шешімге жоғары тұрған органға немесе лауазымды тұлғаға шағымдану мүмкіндігі туралы норманы алып тастау ұсынылған. Қазір мұндай мүмкіндік заңда бар.
БАҚ пен онлайн-платформаларға қойылатын өзге талаптар
Заң жобасы басылымдар мен интернет-басылымдарға өз материалдарын әлеуметтік желідегі ресми аккаунттары арқылы таратуға мүмкіндік береді. Ол үшін аккаунт туралы мәліметті басылымды есепке қою немесе қайта есепке қою кезінде көрсету қажет. Басылымның иесі, атауы, тілі, тақырыбы, шығу мерзімділігі, редакция мекенжайы немесе интернет-басылымның домендік атауы өзгерсе, бір ай ішінде қайта есепке тұруға өтініш беруі тиіс.
Одан бөлек, білім беру курстарын жариялайтын медиалар автордың тиісті білімі бар екенін және дипломы не сертификаты туралы мәліметті көрсетуге міндеттелуі мүмкін.
Шенеуніктердің ресми емес орындарда түскен суреттерін жариялауға тыйым салынуы мүмкін
Заң жобасы адамның суретін оның келісімінсіз пайдалануға рұқсат бермейді. Тек ашық дереккөзге жарияланған суретті пайдалануға болады. Мысалы, мемлекеттік қызметкердің Құрылтайдағы ресми отырыс кезінде түсірілген фото-видеосын рұқсатсыз жариялауға болады, ал оның жеке және отбасылық өміріне қатысты суреттерді пайдалануға болмайды. Ақпарат министрі Арман Қырықбаев мұны жеке өмірге қол сұқпау құқығымен түсіндірді.
"Масс-медиа заңына жаңа түзетулер ақпарат құралдарының құқығын шектемейді"
Сәрсенбі күнгі брифинг кезінде мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев осылай деп мәлімдеді. Министрдің айтуынша, заң жобасының мақсаты – "ақпараттық кеңістікті, азаматтардың, әсіресе жас ұрпақтың құқықтарын зиянды контенттен қорғау".
"Цифрлық ортаны реттеу керек" деген желеумен мемлекет БАҚ-қа қысым жасау құралдарын көбейтпей ме" деген сұраққа Қырықбаев "мемлекет ешкімнің құқығын арттыруды да, шектеуді де мақсат етпейді" деді.
«Керісінше, бұл заң жобасы қабылданса, көп мәселенің басы ашылып, үнемі туындайтын даулардан арыламыз» деп түйіндеді министр.
Заң жобасы әзірге тек бірінші оқылымда мақұлданды. Сондықтан оның жекелеген нормалары әлі өзгеруі мүмкін. Құжат қабылданған жағдайда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін 60 күн өткен соң күшіне енбек.
Бұған дейін «Онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелері бойынша» заң жобасын талқылауға Media Qoldau құқықтық қызметінің өкілдері бастапқыда қатыстырылмаған. Әуелде Құрылтай оларды жұмыс тобына қоспайтынан хабарлаған. Алайда өткен аптада оларды жұмыс тобына қосқан. Ұйым заңгерлерінің айтуынша, осы уақытқа дейін сегіз отырыс өтіп, заң жобасындағы ұсыныстардың шамамен 90 пайызы талқыланып қойған.