14 маусымда Астанада “Әділет” партиясының съезд делегаттары Amanat-пен бірігуді қолдап дауыс берді.
Партия өкілдерінің есебінше, келген 613 делегат ұсынысты "бірауыздан" қолдаған
Партияның төрағасы Айбек Дәдебай қос партияны "бір құндылық пен мақсат біріктіріп тұр, бұл – мықты мемлекеттік институт құру, мемлекеттік басқарудың тиімді үлгісін қалыптастыру, бәсекеге қабілетті экономиканы дамыту, әлеуметтік әділдік пен заманауи саяси мәдениетті қамтамасыз ету" деді.
Оның сөзінше, жаңа партия "азаматтардың сенімін ақтап, әділдікті мемлекеттің даму жүйесінің қазығына айналдыруға тиіс". Ол "Әділет" Amanat-тағы әріптестеріне үлкен құрметпен қарайтынын атап өтті.
"Олар ұзақ жыл бойы елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, аймақтарда жұмыс істеді, айтарлықтай саяси және ұйымдастырушылық тәжірибе жинады. Енді бұл тәжірибе ортақ мақсатқа жетуге көмектесетін қуатты әлеует болатындығына шүбәміз жоқ" деді Айбек Дәдебай.
Съезден кейін өткен брифинг кезінде "Әділеттің" саяси бюросының мүшесі Рауан Кенжеханұлы екі партия қосылғаннан кейін Amanat мүшелері автоматты түрде "Әділет" партиясы мүшесіне айналмайды деп мәлімдеді. Оның сөзінше, егер "аманаттықтар" партияға қосылғысы келсе, өз бетімен өтініш түсіре алады. Барлығы ерікті түрде болады деді.
Оның сөзінше, Amanat партиясы барлық процедура аяқталғанға дейін заңды тұлға болып қала береді. Процесс шамамен жарты жылға созылады.
Партияның аты өзгермейді. Amanat-тың мүлкі “Әділетке” өтеді. Қазақстанның барлық облысында партия өкілдіктері құрылмақ.
Билікте отырғанына ширек ғасыр болған Amanat партиясы 12 маусым күнгі съезінде құрылғанына бір айдан енді асқан "Әділет" партиясымен бірігуді ұйғарған. Олар халық санасында партияның “өткеніне байланысты тұжырымдар мен бағалаулар әлі сақтаулы” екенін алға тартқан еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Өткенге жалтақтамай, алға ұмтыламыз". Amanat "Әділетке" қосылуды ұйғардыСарапшылар мұндай қадамды әртүрлі қарсы алды. Бұған дейін саясаттанушы Дос Көшім Азатыққа берген сұхбатында мұны "партия атын ауыстырудың орашолақ технологиясы" деп атаған.
Қазақстанда жақында жаңадан құрылған "Әділет" партиясы мемлекеттік тіркеуден өткенін 1 маусымда хабарлаған. Оған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілігін басқарған Айбек Дәдебай төраға болған.
Партия өзін президентті жақтайтын және "әділ Қазақстан" үшін күресетін партия ретінде көрсетеді. Жаңа ұйым "президенттің стратегиялық бағытын институционалдық қолдаушы" болғысы келетінін айтады. Партияның саяси кеңесінде "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, белгілі кәсіпкер Сергей Лаврентьев, балалар омбудсмені Динара Закиева, "Қазақстан" ұлттық арнасының журналисі Ирина Тен, саясаттанушы Марат Шибутов, президент Тоқаевтың жиені Дана Медеуова бар.
Қазір Қазақстанда ресми тіркелген сегіз партия – Amanat, "Ақжол", "Ауыл", Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы, Қазақстан халқы партиясы (коммунистер), "Ауыл", "Байтақ" және "Әділет" бар. 2023 жылғы парламент сайлауында тізімдегі алғашқы алты партия мәжіліске өткен.