Түрмедегі журналист Думан Мұхаммедкәрім адвокатына "асқазанында әлі батерея мен оттық барын" айтқан

Журналист Думан Мұхаммедкәрім және оның әкесі сот залында. 2024 жыл.

Қызылорда облысындағы қамау мекемесінде жазасын өтеп жатқан журналист Думан Мұхаммедкәрімге осы аптада адвокаты Ғалым Нұрпейісов кіріп шықты. Бұған дейін Думан Мұхаммедкәрімнің қарсылық ретінде өзіне зиян келтіруге әрекеттенгені туралы ақпарат тараған еді. Адвокатпен әңгімеде журналист түрмеде өзінің құқықтарының бұзылуына қарсылық ретінде денсаулыққа зиян келтіретін заттарды – батерея, оттық жұтқанын айтқан. Мұхаммедкәрім асқазанынан әлі күнге дейін оттық алынбағанын жеткізген.

"Ол өзінің құқықтарының бұзылуына назар аударту мақсатында шынашақтай екі батарейка, алты таблеткалық батарейка, оттық жұтқан. Оны тағы да ұзақ уақыт ауруханаға апармаған. Ақыры оны ауруханаға жеткізгеннен кейін Қызылордадағы ауруханада кезекші дәрігер күштік құрылым өкілі іспеттес оны тергей бастаған. Бірақ денсаулығы туралы сұрамаған. Ақыры оны емдеуден бас тартқан" деді адвокат Азаттық Азияға.

Қорғаушының сөзінше, табиғи жолмен одан шынашақтай батарейкалар шыққан, ал оттық пен таблеткалық батерейкалар Мұхаммедкәрімнің асқазанынан әлі алынбаған.

Өткен аптаның соңында Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмас Тілепов қамаудағы ұлы осы айда өзін "Алматыдағы түрмеге ауыстыруды талап етіп, денсаулығына зиян келтіретін заттар жұтқаны", қазір денсаулығы нашар екені жайлы ақпарат алғанын хабарлап, "Думанның хатын" да көрсеткен. Тілепов хаттағы жазу мен стилі ұлынікінен аумайтынын айтқан еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығы нашар екені хабарланды

Бірақ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне қарасты 60-мекеменің әкімшілігі ізінше ақпаратты терістеген еді.

"2026 жылғы 21 шілдеде сотталушы Думан Мұхаммедкәрім қолсағат батереясын жұтып қойғаны жайлы шындыққа сай келмейтін ақпарат айтқан. Хабарлама алғаннан кейін осы деректі тексеру үшін ол дереу Қызылорда қаласындағы медицина мекемесіне жеткізіліп, сол жерде оған рентген зерттеуі жасалған. Зерттеу қорытындысы бойынша, Мұхаммедкәрімнің ағзасында батерея бары расталған жоқ" деп жауап берген жаза өтеу мекемесі Vlast.kz басылымына.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Думан Мұхаммедкәрім өзіне зиян келтірмек болған деген хабарды түрме басшылығы терістеді

Адвокаттың сөзінше, журналист 600 күннен астам уақыттан бері карцерде отыр, ал заң бойынша адамды жалғыз адамдық камерада 6 айдан артық отырғызуға болмайды. Бұған қоса, журналист түрмеге түскелі бері туыстарымен хабарласуға мүмкіндік бермегенін айтқан.

"Тағы бір рет қайталап өтейін, Думан бұл тұста өзіне қол салғысы келмегенін, бұл өзінің құқықтарына назар аударту ретіндегі қарсылық түрі екенін атап өтті. Думан 600 күннен астам уақыт бойы жалғыз адамдық камерада (карцер) отыр. Ал заң бұған тыйым салады. Адамды 6 айдан артық жалғыз адамдық камерада ұстауға болмайды. Халықаралық заң бойынша да, ұлттық заңнама да бұған тыйым салады. Мұнда қарапайым адам құқығы, адамның өзге адамдармен сөйлесу құқығы бұзылып жатыр. Оның үстіне Думанға өзінің жақындарымен телефонмен сөйлесу мүмкіндігі де берілмеген" деді адвокат.

Ол қылмыстық атқару-жүйесі департаменті өкілдерімен сөйлесіп, журналиске рентген жасатып, асқазанындағы заттарды алып тастауына көмектесуін сұраған. Олар медициналық жолмен заттарды алып тастауға көмектесетіндерін айтқан.

"Пенитенциарлық жүйе оның денсаулығын тексеруге міндетті. Себебі Қылмыстық-атқару кодесіне сәйкес, оның денсаулығына мемлекет, оның ішінде мекеме басшылығы, сәйкесінше ҚАЖД жауапты. Мұнда сонымен бірге заңның орындалуын қадағалайтын прокуратура да жауапты" деді адвокат.

Қорғаушының сөзінше, мамыр айында журналист отырған түрмеге омбудсмен Артур Ластаев та барып, Мұхаммедкәріммен де кездескен.

"Алайда омбудсмен әңгімелескеннен басқа ештеңе бітірмеген. Егер әрекет еткенде, зиян келетін заттарды жұту фактісі болмас еді" дейді адвокат.

Азаттық Мұхаммедкәрімнің қазіргі жағдайы жайлы және айтқандарына қатысты комментарий алу үшін 31 шілдеде Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті мен түрме әкімшілігіне бірнеше рет хабарласқанымен, тұтқаны ешкім көтермеді.

  • Журналист Думан Мұхаммедкәрім "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деген айыппен 2024 жылы тамызда жеті жылға сотталған. Бұған қоса, сот оған үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салған. Сол жылы қарашада апелляция соты Мұхаммедкәрімнің үкімін күшінде қалдырды.
  • Мұхаммедкәрімнің үстінен қылмыстық іс қозғауға журналистің ұзақ уақыттан бері шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының негізін қалаушы әрі жетекшісі Мұхтар Әблязовтан алған онлайн-сұхбат себеп болған. 2018 жылы Қазақстан соты "ҚДТ"-ны "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
  • Мұхаммедкәрім өзіне тағылған айыптарды мойындаған жоқ. Жақтастары билікті қатты сынап жүрген тәуелсіз журналист саяси ұстанымына бола қудалауға түсті деп санайды.
  • 20 жылға жуық уақыт мемлекеттік арналарда жұмыс істеген, біраз уақыт Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы болып қызмет атқарған Думан Мұхаммедкәрім 2021 жылдан бастап You Tube желісінде "Ne Deidi?" арнасын ашып, елдегі қоғамдық-саяси оқиғалар туралы түрлі материалдар жариялады. Ол саяси ортада 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін кеңінен танылды. Думан Мұхаммедкәрім – кемі 238 адам қаза тапқан Қаңтар қырғыны кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан ақпарат таратқан санаулы журналистің бірі. Журналист YouTube-арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы көп материал жариялады.
  • Журналистің ісін саралаған құқық қорғаушылар Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Астана елде "саяси тұтқын" да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.
  • Халықаралық ұйымдар Думан Мұхаммедкәрімге араша түсіп, Қазақстан билігін оны босатуға үндеген. АҚШ мемлекеттік департаменті журналистің сұхбатқа бола сотталғанын Қазақстандағы адам құқығы ахуалына арналған есебіне қосқан.