Қызылорда облысындағы қамау мекемесінде жазасын өтеп жатқан журналист Думан Мұхаммедкәрімнің өзіне зиян келтіруге әрекеттенгені туралы ақпарат расталған жоқ. Мұны мекеме әкімшілігінің сөзіне сүйеніп Vlast.kz басылымы хабарлады. Бұған дейін журналистің әкесі ұлының денсаулық жағдайы күрт нашарлағанын мәлімдеген еді.
"АҚПАРАТ РАСТАЛМАДЫ"
Қазақстанның Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне қарасты 60-мекеменің әкімшілігі сот жазасын өтеп жатқан журналист Думан Мұхаммедкәрімнің өз денсаулығына зиян келтірмек болғаны жайлы жазған хатындағы ақпарат расталмады дейді. Мекеме әкімшілігінің редакцияның сауалына берген жауабына сүйенген қазақстандық Vlast.kz басылымы осылай деп хабарлады. Бұған дейін қамауда отырған журналистің әкесі Алмас Тілепов ұлының денсаулығы нашарлап кеткенін айтқан еді.
"2026 жылғы 21 шілдеде сотталушы Думан Мұхаммедкәрім қолсағат батереясын жұтып қойғаны жайлы шындыққа сай келмейтін ақпарат айтқан. Хабарлама алғаннан кейін осы деректі тексеру үшін ол дереу Қызылорда қаласындағы медицина мекемесіне жеткізіліп, сол жерде оған рентген зерттеуі жасалған. Зерттеу қорытындысы бойынша, Мұхаммедкәрімнің ағзасында батерея бары расталған жоқ" деп жауап берген жаза өтеу мекемесі Vlast.kz басылымына.
Бұған қоса редакцияға жауапхатта Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмас Тілеповпен мекеменің бастығы міндетін атқарушы кездесіп, оған баласының денсаулық жағдайы қанағаттанарлық екенін, Думаннан ол жөнінде шағым түспегенін жеткізгені айтылған.
"ТҮРМЕДЕН ЖЕТКЕН ХАТ"
Өткен аптаның аяғында Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмас Тілепов қамаудағы ұлы осы айда өзін "Алматыдағы түрмеге ауыстыруды талап етіп, денсаулығына зиян келтіретін заттар жұтқаны", қазір денсаулығы нашар екені жайлы ақпарат алғанын хабарлап, "Думанның хатын" да көрсеткен. Тілепов хаттағы жазу мен стилі ұлынікінен аумайтынын айтқан еді.
Журналист жазасын өтеп жатқан түрме әкімшілігі Азаттық Азияға Думан Мұхаммедкәрім туралы ешқандай ақпарат бермеді, Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі "ресми жазбаша сауал жіберуге" кеңес берумен шектелді.
"Думан Мұхаммедкәрімнің хаты" делінген қағазда хат авторы "Қызылордадағы N60 мекеме карцерінде отырғанына 1 жыл 8 ай болғанын", "2024 жылғы 19 желтоқсаннан бері 8 шаршы метрлік қапастан шықпағанын", "бұдан әрі төзе алмайтынын" жазған.
Бұған дейін Думан Мұхаммедкәрім түрмеде аштық жариялады деген ақпарат тараған 2026 жылғы наурызда Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) Азаттық сауалына нақты жауап бермей, "сотталған азаматтардың жеке ісінен алынған басқа мәліметтер жариялауға жатпайды" деп жазған еді.
- Журналист Думан Мұхаммедкәрім "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деген айыппен 2024 жылы тамызда жеті жылға сотталған. Бұған қоса, сот оған үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салған. Сол жылы қарашада апелляция соты Мұхаммедкәрімнің үкімін күшінде қалдырды.
- Думан Мұхаммедкәрімнің үстінен қылмыстық іс қозғауға журналистің ұзақ уақыттан бері шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының негізін қалаушы әрі жетекшісі Мұхтар Әблязовтан алған онлайн-сұхбат себеп болған. 2018 жылы Қазақстан соты "ҚДТ"-ны "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
- Мұхаммедкәрім өзіне тағылған айыптарды мойындаған жоқ. Жақтастары билікті қатты сынап жүрген тәуелсіз журналист саяси ұстанымына бола қудалауға түсті деп санайды.
- 20 жылға жуық уақыт мемлекеттік арналарда жұмыс істеген, біраз уақыт Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы болып қызмет атқарған Думан Мұхаммедкәрім 2021 жылдан бастап You Tube желісінде "Ne Deidi?" арнасын ашып, елдегі қоғамдық-саяси оқиғалар туралы түрлі материалдар жариялады. Ол саяси ортада 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін кеңінен танылды. Думан Мұхаммедкәрім – кемі 238 адам қаза тапқан Қаңтар қырғыны кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан ақпарат таратқан санаулы журналистің бірі. Журналист YouTube-арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы көп материал жариялады.
- Журналистің ісін саралаған құқық қорғаушылар Думан Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Астана елде "саяси тұтқын" да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.
- Халықаралық ұйымдар Думан Мұхаммедкәрімге араша түсіп, Қазақстан билігін оны босатуға үндеген. АҚШ мемлекеттік департаменті журналистің сұхбатқа бола сотталғанын Қазақстандағы адам құқығы ахуалына арналған есебіне қосқан.