2021 жылы Талибан Ауғанстанда билікті басып алмай тұрып, Ахмад Дауд шағын тігін кәсібін кеңейтуді, үйленуді және көлік сатып алуды армандайтын.
Содан бері бес жыл өтті. Ахмад қазір ел астанасы Кабулдың түбінде отбасымен бірге жеміс-жидек пен көкөніс өсірумен айналысады. Әлі де жасырын түрде киім тігеді. Оған санаулы әйел тапсырыс береді.
"Университетте сән дизайнын оқимын деп үміттенгенмін. Түркиядан мата әкеліп, өз үлгілерімді жасап, тігінші жалдауды жоспарлағанмын. Сән көрсетілімдеріне қатысып, өз туындыларымды көрші елдерде сатамын деп қиялдадым" дейді 29 жастағы Ахмад. "Соның ешқайсысы іске аспады. Бәрі астан-кестең болды".
Ахмад – тәліптер билікке келгелі арман қууды доғарған миллиондаған ауған жастарының бірі.
Ахмад Дауд
Талибан билікті басып алғанға дейін Ауғанстанды халықаралық әскери топтар альянсы бақылап, елді Батыс қолдауына үкімет басқарған. Ол үкімет тұсында жемқорлық пен зорлық-зомбылық жайлаған. Бірақ ол жастарда тәліптердің алдыңғы билігі тұсында бұрын-соңды болмаған еркіндік пен мүмкіндіктер бар еді. Ол мүмкіндіктер ірі қалаларда молырақ болатын.
Тәліптер Ауғанстанды осыған дейін де билеген. Бірақ 2001 жылы АҚШ бастаған Батыс елдері бірлестігі бұл елге басып кіріп, қарулы топтан биліктен кетірген.
2021 жылы Батыс әскері елден кеткенде Талибан билікке қайта оралып, Ауғанстанды ең репрессияшыл елдердің біріне айналдырды. Көптеген ауған азаматы, әсіресе әйелдер негізгі құқықтарынан айырылды.
Халықаралық деңгейде мойындала қоймаған, санкцияға ұшыраған тәліптер тұсында кедейшілік пен жұмыссыздық үдеді.
Жүздеген мың ауған шектен тыс кедейліктен және Талибан билігінен қашып, көрші елдерге немесе Батыс мемлекеттеріне көшті. Бірақ кете алмағаны одан көп. Миллиондаған азамат осы билік орнатқан тәртіпке мойынсұнып, бейімделуге мәжбүр болды.
Осылайша 40 миллионға тарта халқы бар Ауғанстан экономикалық ауыртпалық пен гуманитарлық дағдарыс жағдайында күнелтіп келеді.
Ата-анасымен және екі қарындасымен бірге тұратын Ахмад елден кетуге ақшасы болмағанын айтады.
"Әлі күнге дейін үйленген жоқпын, өйткені тапқан табысым әйелім мен балаларымды асырауға жетпейді" дейді ол. "Тапқанымның бәрін ата-анам мен қарындастарыма жұмсаймын".
Талибан тұсындағы жасырын өмір
Әйелдер мен қыздар үшін Талибанның билікке қайта келуі нағыз қасірет болды.
Кабул кафесінде отырған жас ауған әйелі. 19 маусым 2021 жыл.
Исламшыл топ әйелдердің сыртқы келбетіне, жүріп-тұру еркіндігіне, жұмыс істеу және білім алу құқығына қатаң шектеулер енгізіп, оларды қоғамдық өмірден ығыстырды.
Журналистика факультетін тәмамдаған Зайнаб Рамз жұмыс таба алмаған, өйткені тәуелсіз ақпарат құралдарының көбі Талибан қысымы немесе қаржылық қиындықтар салдарынан жабылып қалды.
Екі жыл жұмыссыз жүргеннен кейін Зайнаб Кабулдағы радиостанцияға орналасқан. Бұқаралық ақпарат құралдары әйелдер жұмыс істей алатын санаулы салалардың бірі болып қалды, бірақ онда да шектеулер өте көп.
"Әйтеуір қауіпсіздік бар. Ешкім көшеде мені тоқтатып, неге жұмысқа бара жатқанымды немесе неге жалғыз жүргенімді сұрамайды" дейді 27 жастағы Зайнаб.
Зайнаб Рамз
Талибан билігі әйелдердің күнделікті өмірін түбегейлі өзгертті. Әйелдерге сапар шегуге және қоғамдық орындарға баруға шектеу қойылған. Олар спорт залдары мен бассейндерге кіре алмайды, ал сұлулық салондарының қызметіне тыйым салынған.
Бұрын Зайнаб үйінің маңында жүгіріп, тауға шығып тұратын. Қазір мұның бәрі мүмкін емес. Әйелдер кең әрі ұзын киім киіп, туыс ер адаммен бірге жүруге тиіс.
Бұл шектеулер кейбір әйелдерді жасырын өмірге итермеледі. Бұрынғы косметологтар үйлерінде құпия салондар ашып, клиенттерді таныстар арқылы қабылдайды.
Жақында Зайнаб отбасындағы тойдың алдында сондай салондардың біріне барған. Косметолог әйелдерге үйге жеке-жеке кіріп, жеке-жеке шығуды сұраған. Көршілер сезіктенбесін деген амал.
"Елестетіп көреңізші, мен отбасымдағы үйлену тойына шашымды сәнге келтіру үшін салонға құпия түрде баруға мәжбүрмін. Құдды бір үлкен құпия операциясы сияқты" дейді Зайнаб.
Ол өз үйінің төменгі қабатында әйелдерге арналған жасырын жаттығу залын ашқан әйелді таниды.
Көршілер әйелдердің кіріп-шығып жатқанын байқап, Талибанға шағынған. Сөйтіп ол билік әрекетін күтпестен, залды жауып тастаған.
"Армандай алмай қалдық"
Талибан жас ауғандардың өмірін ғана шектеп қоймай, олардың болашаққа деген үмітін де өшірді.
Насим Карими бұрын мемлекеттік қызметте мансап құруды армандайтын. Университетті бітіргеннен кейін мемлекеттік қызметке орналасуға немесе парламент сайлауына түсуге үміттенген.
Бірақ Талибан құрған саяси жүйеде парламент жоқ, ал билік негізінен осы топ мүшелерінің қолында.
"Жастар бұрынғыдай армандамайды. Бізде енді үлкен арман қалмады" дейді Насим.
Кабулдағы кафеде кальян тартып отырған жастар. 19 маусым 2021 жыл.
30 жастағы Насим Иранда екі жыл тұрған. Бірақ ол жақта ауған мигранттарына негізінен қара жұмыс қана ұсынылады.
Сөйтіп ол Ауғанстанға оралып, қазір жекеменшік мектепте уақытша келісімшартпен мұғалім болып жұмыс істейді. Ол достарымен бірге жекеменшік колледж ашуға тырысқан, бірақ студенттерді тарта алмай, ойлағаны іске аспай қалған. Қазір көптеген ауған жастары жоғары білім алуға ақша таба алмайды.
Қазір Насим "тұрақты жұмыс болса жетеді" деп отыр.
Ол жақында үйленген. Қазір айына 7000 ауғани (105 доллар) табады. Оның шамамен 1 мыңы (15 доллар) күнделік қатынауға кетеді. Тамаққа, коммуналды қызметтерге, дәрі-дәрмекке және өзге де қажеттіліктерге қалатын қаражат аз.
Насимнің айтуынша, ондаған жылға ұласқан соғыстан кейін ауғандар көшеге шыққанда жарылыс немесе шабуылдан қаза табамын деп қорықпай өмір сүргенге разы.
"Адамдар тыныштықта өмір сүргісі келеді" дейді ол.
Бірақ бұл "тыныштықтың" бағасы қымбатқа түсіп жатыр. Ауғандар көптеген құқықтарынан, мүмкіндіктері мен үміттерінен айырылды. Соған қарамастан олар 2021 жылға дейінгі өмірге ораламыз деп үміттенуді қойған.
"Осы елімізде өмір сүруге бейімделдік" дейді Насим.