Ақтөбеде шабуыл жасағандар соты

Сот өтетін ғимараттың күзеті күшейтіліп, қоршауға алынған.

Сот ғимаратының жанындағы үйлердің төбесінде автоматпен снайперлер тұрды. 

Істі Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр.  

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Илиада Досова брифингте сотталушылардың сот отырысынан екі сағат бұрын күзетпен жеткізілгенін айтты.  

Сотталушылар саны - 29 адам. Олардың тоғызына билік "теракт" атаған шабуылға қатысты деген айып тағылған. 18 адамға "жасалғалы жатқан шабуыл туралы хабарламады, қылмысты жасырды" деген айып тағылған. Бұл іс бойынша куәлер саны - 48, жәбірленушілер - 88 адам.  

Сот ғимаратының астыңғы қабаты сот отырысы күні бойы өтетін болғандықтан, сотталушылардың тамақтануына, басқа да тұрмыстық қажеттеріне арналып қайта жабдықталған. Бұл қабатта сотталушыларды бақылайтын видеокамералар да орнатылған.  

18 қазан күні, алдын ала сот тыңдауынан кейін судья Ахметқали Молдағалиев істің жабық режимде қаралатынын мәлімдеді.  

Журналистер алдын ала тыңдауды сот ғимаратының басқа бөлмесіне қойылған монитордан бақылады.  

Сот ғимаратына сотталушылардың туыстары да келді. Олар журналистермен сөйлесуден бас тартты.