"Соғыс жойылсын", "Кешірмейміз". Алексей Навальныйдың ақтық сапары

1 наурызда Мәскеуде Алексей Навальныйды ақтық сапарға шығарып салуға мыңдаған адам жиналды. Олар марқұмның жаназасы шығарылған шіркеудің маңында және жапсарлас көшелерде ұзын-сонар кезекте тұрды. Қаралы шараға жиналған жұрт: "Соғыс жойылсын", "Ұмытпаймыз", "Кешірмейміз", "Сен қаймықпадың, біз де қорықпаймыз", "Путин – адам өлтіргіш" және "Путинсіз Ресей" деп ұрандады.

Навальныймен қоштасуға Екатеринбургтің бұрынғы мэрі Евгений Ройзман, биыл наурызда өткелі отырған Ресей президенті сайлауына кандидат болып тіркелуге талпынған, соғысқа қарсы екенін айтып жүрген Борис Надеждин мен Екатерина Дунцова да келді. Қаралы рәсім өтіп жатқан Марьиноға АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Линн Трейси, Германия мен Франция елшілері де барды.

Марқұмның әке-шешесі Людмила және Анатолий Навальныйлар

Саясаткердің анасы Людмила Навальная

 

Қоғамға танымал болған саясаткер Алексей Навальныйдың анасы Людмила Навальная шіркеуден шыққан сәтте марқұммен қоштасуға жиналған жұрт оны құшақтап көңіл айтып, "осындай ұл үшін рақмет", "бізді кешіріңіз" деп жатты

Марьинодағы шіркеуге Алексей Навальныйдың сүйегі жатқан табытты кіргізіп барады. Қақпа алдына жиналған жұрт марқұмға құрметін білдіріп қол соғып, "Навальный" деп бәрі қосыла айқайлады

Алексей Навальныйдың жаназасы Марьинодағы "Утоли моя печали" Құдай Ана шіркеуінде православие діни салт-дәстүрі бойынша шығарылды

Билік Навальныйдың жаназасы өтіп жатқан шіркеу орналасқан аймақта интернет байланысын шектеді. 2019 жылы қарсылық акциялары кезінде де осылай болған еді. Жерлеу қызметінің адамдары шіркеуде марқұммен қоштаспақ болған жұртқа мүмкіндік бермей, табыттың қақпағын асығыс-үсігіс жауып, ала жөнелді

Алексей Навальныйды ақтық сапарға шығарып салуға келген адамдар екі километрге созылған кезекте тұрды. Жұрт "Марьино" метро стансасынан шіркеу мен зиратқа дейін жүріп барған жолдың екі қапталына күш құрылымдары темір шарбақ орнатып қойды. Осындай шарбақтар Братеев көпіріндегі тротуарлардың бойына да қойылды. Күш құрылымдары өкілдері Мәскеу өзенінің екі жағасында өткен-кеткен адамдардың құжаты мен жеке заттарын тексеріп тұрды

Алексей Навальный жатқан табытты шіркеуден алып шығып келе жатыр. Сыртта бірнеше сағаттан бері жиналып тұрған жұрт марқұмды зиратқа әкетіп бара жатқан автомобильге гүл лақтырып, қол соғып, "Навальный!" деп айқайлады

Марқұммен қоштасуға келген көп адамның легін полиция қойған темір шарбақ бөгеп тұра алмады

Алексей Навальный жатқан табытты Борисов зиратына жеткізген сәт

Алексей Навальныйды Борисов зиратына жерледі

Марқұмның әке-шешесі Людмила мен Анатолий Навальныйлар қабір басында отыр. Ата-анасы баласымен қоштасқаннан кейін табытты қабірге түсіре бастады. Сол сәтте оркестр "Терминатор 2" кинофильмінен музыка ойнап тұрды. Қаралы шара туралы интернетте тікелей трансляция жүргізген саясаткердің серігі Леонид Волков Навальныйдың өзі осы фильмге "бүткіл тарихтағы ең үздік фильм" деп баға бергенін айтты

Алексей Навальный жатқан табытты қабірге түсіріп жатқанда оркестр Фрэнк Синатраның "My way" деп аталатын әнінің музыкасын да ойнады. Леонид Волковтың сөзінше, бұл ән Алексей Навальный сүйіп тыңдайтын шығармалардың бірі болған

Алексей Навальныйды жерлеу шарасына мыңдаған адам жиналды

Алексей Навальныйды жерлеу аяқталғаннан кейін адамдарды зиратқа қарай өткізбей қойды

Оппозиционердің жесірі Юлия Навальная марқұм күйеуімен қоштасу сөзін жариялап, "бақытқа толы 26 жыл" сыйлағаны үшін алғыс айтты. "Леша, 26 жыл шексіз бақытты еткенің үшін рақмет. Иә, тіпті кейінгі үш жылдағы бақыт үшін де. Махаббатың үшін, үнемі қолдап келгенің үшін, тіпті түрмеде отырсаң да көңілімді көтеруге тырысқаның үшін, үнемі мені ойлағаның үшін. Сенсіз қалай өмір сүрерімді білмеймін, бірақ сен сонау көктен мен үшін қуанып, мені мақтан тұтатындай болуға тырысамын. Қолымнан келе ме, жоқ па, білмеймін, алайда тырысамын", – деп жазды Юлия Навальная.