Алматыда World Press Photo көрмесі ашылды

Қазақстандағы Нидерланд елшісінің орынбасары Нора Дессинг және World Press Photo байқауының өкілі И Вэнь Сяның көрмені ашып, лентасын қиған сәті. Алматы, 29 қараша 2018 жыл

2017 жылы Венесуэла фотографы Рональд Шемиттің отқа оранған адам туралы суреті үздік деп танылды. Сурет - 2017 жылы 3 мамырда Каракастағы наразылық акциясы кезінде түсірілген. Ол кезде билік конституцияны қайта қарау туралы шешім қабылдап, соның салдарынан елде наразылық акциялары өткен. Акция кезінде кенет мотоциклдың бензин багы жарылып, жанында тұрған ер адамның киімін от шарпыған. Ер адам қатты күйгенмен аман қалды.

Бұл суретті швед фототілшісі Роджер Турессон 2017 жылы 9 сәуірде әлемдегі ең жабық мемлекет - Солтүстік Кореяның астанасы Пхеньянда түсірген. Сурет "Заман түйткілдері" категориясы бойынша үшінші орын алды. 50 мың адам Ким Ир Сен атындағы стадионға жиналып, марафонның басталуын күткен. Билік Роджер Турессонға түсіруге рұқсат берсе де, оның артынан арнайы қызмет өкілдері үнемі аңдып отырған. Турессон суретінің оң жақ шекесінде солардың бірін көруге болады. Ол да фотографты суретке түсіріп жатыр.

Алматыдағы Германияның бас консулы Йорн Розенберг Нидерланд фотографы Кадир ван Лохиизеннің "Қоршаған орта" категориясы бойынша бірінші орын алған суретіне қарап тұр. Сурет 2016 жылы 23 ақпанда Нигериядағы тұрмыстық қалдықтар полигонында түсірілген. Онда пластик бөтелкелер көтерген адамның суреті бар. Жер бетінде тұрмыстық қалдықтар көлемі барған сайын артып барады. Дүниежүзілік банктің дерегінше, күн сайын 3,5 миллион тонна тұрмыстық қалдық пайда болады. Бұл 100 жыл бұрынғы көрсеткіштен 10 есе артық. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай мұхиттағы қалдықтар ондағы балықтардан да көп болады.   

Оңтүстік Африка фотографы Нил Элдридждің мына туындысы "Қоршаған орта" категориясы бойынша үздік болып танылған. Ұйымдастырушылар бұл суретті көрменің де баннерінде қолданады. Ол 2017 жылы 21 қыркүйекте түсірілген. Онда Оңтүстік Африка республикасынан Ботсванаға қарай тасымалданып жатқан ұйықтатылған мүйізтұмсық көрсетілген. Оның мүйізі қатты бағаланғандықтан (бір килограм ұнтағы 20-50 мың еуро аралығында тұрады) ОАР-да мүйізтұмсықтарды заңсыз аулау жиілеген.

АҚШ фотографы Адам Фергюсонның суреттер топтамасы "Адамдар" категориясы бойынша бірінші орын алды. Сурет 2017 жылы 29 тамыз бен 22 қыркүйек аралығында түсірілген. Сурет "Боко Харам" экстремистік ұйымы ұрлап қашқан қыздар туралы. Ұйым қыздарды әдемі киіндіріп, жарылғыш зат байлап, қоғамдық орындарда "өз-өздерін жаруға" мәжбүрлеген. Қыздар топтың құрсауынан қашып шыға алған. 

Алматылық фотограф Валерий Коренчук Патрик Браунның (Австралия) "Оқиғалар" категориясы бойынша 2017 жылдың үздік фотосы ретінде танылған суретін қарап тұр. Сурет 2017 жылы қыркүйек айында түсірілген. Онда Мьянмадан қашам деп суға батып өлген рохинжа мұсылмандарының мәйіттері көрсетілген. (Шамамен жүз шақты босқын мінген қайық аударылып, тек 17-і ғана аман қалған). Рохинжа мұсылмандары Мьянманың батысына шоғырланған. Мемлекет оларды өз азаматтары ретінде мойындағысы келмейді. Елде қуғынға ұшыраған рохинжа мұсылмандары көрші мемлекеттерге - Бангладеш, Малайзия, Индонезия, Таиландқа қоныс аударуға мәжбүр.

Алматылық фотограф Валерий Коренчук World Press Photo байқауына екі рет қатысқан. Бірінші рет 1972 жылы өтініш беріпті. Бұл туралы көрмеге келгендерге айтып берді. Суретте сол жағында көрме жетекшісі - И Вэнь Ся, ал оң жағында - Қазақстандағы Нидерланд корольдығыны елшісінің орынбасары Нора Дессинг.

Ирландия фотографы Айвора Прикеттің суреттер топтамасы "Оқиға" категориясы бойынша бірінші орын иеленді. Сурет өздерін "Ислам мемлекеті" деп атайтын экстремистік ұйымнан азат етілген Ирактың Мосул қаласында түсірілген. Экстремистермен соғыста мыңнан астам адам өлген, ал аман қалғандары аштықтан азап шеккен. 

2017 жылы 1 қазанда америкалық фотограф Дэвид Беккер Лас-Вегастағы фестивальда болған атыстың куәгері болған. Қонақ үй терезесінен қалың шоғырды Стивен Пэддок атқан деп айтылады. 10 минуттың ішінде 58 адам қаза тапқан және 500-ден астам адам жараланған. Оның суреті "Шұғыл жаңалықтар" категориясы бойынша бірінші орын алды.

World Press Photo көрмесі Алматыда 13 желтоқсанға дейін жалғасады