«Велосипедпен - жұмысқа»

12 ақпан - «Велосипедпен - жұмысқа» акциясы күні. Бұл шараға қатысу үшін велосипедпен жұмысқа немесе шаруаларыңызға аттансаңыз болғаны.  

Акция әлемнің басқа қалаларында да өтеді. Алматыда шараға қатысуға 100-ден астам адам тіркелген.  

Акцияға қатысқысы келген адамдар winterbiketoworkday.org сайтына тіркеледі де сауалнама толтырып, жұмыстарына велосипедпен барады. 

Александр Габченко - «Велосипед қызықтары клубының» негізін қалаушы. Ол шараның адамдардың пікірін өзгертетінін айтады. Александр "Алматыда бірнеше жүз адам қыста да велосипедпен жүреді, бірақ қалада олар байқала бермейді. Осы себепті тұрғындардың көбі қыстыгүні велосипедпен жүру қолайсыз деп ойлайды" дейді. Ал шындығында қыста да велосипедпен жүретіндер көп. Габченко велосипед жолдары мен тұрақтары керек екенін айтады. 

43 жастағы Александрдың негізгі көлігі - велосипед. Бұл оның велосипедпен өткізіп жатқан 20-қысы. 

36 жастағы Асқар қыста велосипедке сирек мінетінін айтады, ол бұл шараны қолдауға келген.  

21 жастағы алматылық Азамат бірнеше жылдан бері қысы-жазы велосипед теуіп келе жатқанын айтады.  

Шараға қатысқан Наталья көлік ретінде велосипедті жиі пайдалануға тырысады. Ол велосипедке енді міне бастағандарға абай болуды, Алматы жүргізушілері велосипедшілерге әлі де үйрене қоймағанын ескертеді.  

Шараға қатысқан белсенділер велосипедтің спорттық көлік екенін де айтады. Оның үстіне, қозғалыс құралы ретінде велосипедті таңдаған тұрғындар қала экологиясы мен көлік қозғалысын жақсартуға да үлес қосады.  

Шараға қатысқан велосипедшілер.