Алматы соты ресейлік белсенді Юлия Емельянованы тағы алты ай қамауда ұстауды ұйғарды

Ресейлік белсенді Юлия Емельянова

Алматының тергеу соты Ресей экстрадициялауды сұрап отырған ресейлік белсенді Юлия Емельянованы тағы алты айға, 2027 жылғы 28 ақпанға дейін қамауда ұстау туралы шешім шығарған. Мұны ресейлік Соғысқа қарсы комитет құрған "Ковчег" құқық қорғау жобасы хабарлады.

Ресей түрмесінде қаза тапқан белгілі оппозиционер Алексей Навальныйдың Санкт-Петербургтегі штаб-пәтерінің бұрынғы еріктісі Юлия Емельянова былтыр жазда Грузиядан Вьетнамға ұшып бара жатқан жолда Алматы әуежайында ұсталған. Қазақстан соттары белсендіге баспана беруден бас тартып, оны экстрадициялауды мақұлдаған. Бұл шешімге келіспеген белсендінің қорғаушылары апелляциялық шағым түсіріп, ол бойынша шешім шыққанға дейін экстрадиция тоқтатылған.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Қазақстан соттарында істі қарау кезінде ресейлік белсендінің құқығы бірнеше рет бұзылған. Айталық, 14 мамырда сот Емельяноваға процеске онлайн-режимде қатысуға рұқсат бермеген, ал оның адвокаты бұл уақытта ұшақта болған. Оның отырысты шегеру туралы өтінішіне сот құлақ аспаған.

"Қазақстан билігінің шешімін даулай береміз және Юлияның Ресейге экстрадициялауына жол бермеуге тырысамыз. Алайда сот процестерінің сипатына қараған сайын Қазақстан Ресейге Юлияны беруден бас тартады деп үмітіміз азая түседі" деп жазды "Ковчег".

Қазақстан бас прокуратурасы бұған дейін Ресейдің Емельянованы экстрадициялау туралы өтінішін қанағаттандырған еді. Белсендіге қаулыны 29 қаңтарда берген. Осыдан соң Емельянованың қорғаушылары Жоғарғы сотқа шағымданған.

Ақпанның аяғында Қазақстан билігі Емельянованы экстрадициялауды уақытша тоқтатқаны мәлім болған. Белсендінің босқын мәртебесін сұраған өтініші қаралып жатқанда елден шығарылмайды.

"Ресейдің соғысқа қарсы комитеті" жобасы Юлия Емельянованы Ресейге депортациялау ықтималдығы жоғары деп санайды.

Юлия Емельянова – Emigration for Action және Just Help қозғалысының белсендісі. Ол 2025 жылы 31 тамызда Алматы әуежайында ұсталған. Ресей Емельяноваға "таксистің телефонын ұрлады" деген айыппен іздеу жариялаған. Қазір белсенді Алматы шетіндегі уақытша ұстау изоляторда отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Құқық қорғаушылар Тоқаевты ресейлік екі белсендіні экстрадиция жасамауға үндедіАпелляция ресейлік белсенділер Мовлаев пен Емельянованың пана сұрау бойынша шағымын қанағаттандырмадыҚазақстан соты Навальный штабының бұрынғы қызметкеріне тағы да пана беруден бас тарттыҚазақстан соты ресейлік Юлия Емельянованың өтінішін қанағаттандырмадыҚазақстан ресейлік белсенді Емельянованы экстрадициялауды уақытша тоқтатты