Алматыда Иаков Воронцовтың ұсталғаны хабарланды

Иаков Воронцов

Алматыда шіркеу қызметкері Иаков Воронцовтың ұсталғаны хабарланды. Оның ұсталғанын журналист Данияр Молдабеков телеграм-арнасында жазды.

"Менде бар дерек бойынша, түнде оның үйіне күштік құрылымдар басып кіріп, тінтіп, өзін полиция департаментінің изоляторына алып кеткен. Ақпаратпен бөлісіп отырамын" деп жазды журналист.

Алматы полициясы әзірге түсініктеме бермеді.

Адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің Азаттыққа айтуынша, Иаков Воронцовқа қарсы 440-бап 2- бөлік бойынша әкімшілік іс ашқан.

"Есірткі затты медициналық емес мақсатта пайдаланды деп айыптап отыр" деді адвокат полициядан шыққаннан кейін. Айтуынша, жақын арада сот өтеді. Ол түнгі ұстауға қатысты ақпаратқа түсініктеме бермеді.

Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуовтің айтуынша, анализ оның қанынан "канабиоид анықтаған-мыс". Ағелеуовтің сөзінше, оның үстінен "алауыздық қоздыру" бабы бойынша да қылмыстық іс қозғауы мүмкін.

Бұған дейін ҚазТАГ Иаков Воронцов "діни бірлестігін тіркеуден бас тартқаны үшін" қалалық әділет департаменті үстінен Алматы әкімшілік сотына шағым түсіргенін жазған еді.

ҚазТАГ-тың жазуынша, 1,5 жыл бұрын "экстремизм" бойынша оған қарсы ашылған қылмыстық іс тоқталған.

Иаков Воронцов – Ресейдің Украинаға ашқан соғысын және Орыс православ шіркеуінің Кремль басқыншылығын қолдағанын айыптаған адам. Ол шіркеуде қазақ тілінде дұға оқығанымен де танылған.