Алматы әкімдігі "Рахат" базарын сүріп тастап, орнына сауда кешенін салғызбақ. Базарда қазір жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге басқа жаққа көшу ұсынылған. Саудагерлер оған келіспей отыр.
Алматыдағы "Барахолка" аталып кеткен аумақтағы "Рахат" базарының 7 сәуір күнгі жұмысы шумен басталды. Саудагерлер таңертең жұмысқа келгенде базар алдында арнайы жасаққа толы автобустар тұрған, ал базардың есіктерін дәнеркелеп тастаған. Артынан әкімдік өкілдері келіп, базарды босату қажетін айтты.
– Бұл жердің иесі бар, мұнда заңсыз базар орналасқан, сондықтан аумақты босатып, барлығын бұзу қажет. Одан кейін ғана жобаны қарастыруға болады, ал сіздер құрылыс аяқталғанға дейін уақытша басқа жерге орналаса аласыздар, – деді Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Айдын Сапарбек.
Әкім орынбасарымен сөйлескен кәсіпкерлердің бірі өз қарсылығын білдірді.
– "Рахат" базары 1990-жылдардың басында заңды негізде, ресми құжаттар бойынша құрылған. Жалпы "Барахолка" деп аталатын әмбебап базарлардың бастауында дәл осы "Рахат" тұр, – деді базардағы кәсіпкерлер атынан сөйлеген Жәмила Төленова.
Жетісу ауданы әкімдігі базар орнына жаңа сауда орталығын салғысы келеді. "Жобаны ресми жоспарлайын десек, жер бос емес" дейді әкімдік өкілі. Ол саудагерлерге басқа орындарға ауысуды ұсынып отыр. Кәсіпкерлер билік өкілінің күштік құрылым сарбаздарымен бірге келгеніне наразы. Әкімдік өкілі оларды "біз шақырмадық" деп басын ала қашты.
Дау шыққан базар айналасында полиция көліктері тұрды. Саудагерлер құқығын қорғап жүрген Жәмила Төленованың айтуынша, әкімдіктің бүгінгі әрекеті заңға қайшы.
– Базарды сүру немесе босату үшін сот шешімі керек. Ал әкімдікте сот шешімі жоқ. Олар тек жер иесі өздері екенін ғана айтып, осындай әрекетке барып отыр. Бұл – көшеде жая салған базар емес, ондаған жыл тарихы бар базар. Онда адамдардың кәсіби мүлкі тұр. Олар кетпейміз дейді, енді мәжбүрлеу шарасына жүгінбек. Ол үшін сот шешімі керек, – дейді ол.
Кәсіпкерлер басқа базарға ауысса, онда жалға алу құны жоғары болатынын айтады. Олардың сөзінше, саудагерлер базарды көркейту жұмыстарына деп ай сайын 40 мың теңге төлейді, ал өзге базарлардағы жалға алу құны 110 мың теңгеден басталады.
Дау болып отырған базар аумағы 97 сотық. Қазір онда 400 контейнер тұр. Базарда барлығы 200-ден астам кәсіпкер жұмыс істейтіні айтылады.
Рахат базары үшін тартыс 8 жыл бұрын басталған. Қаланы Бауыржан Байбек басқарып тұрғанда өзінің әкесімен байланысты жеке компанияға жиһаз фабрикасын салу үшін 5 жылға жалға берген. Кейін сот ол қаулының күшін жойды. Алайда жерді ұзақ жыл пайдаланып келген ТКМ компаниясы жалға алу шартын жаңарта алмады. Көп өтпей әкімдік базардың орнына сквер саламыз деген шешім қабылдады. Енді жергілікті билік бұл жерге сауда орнын салмақ. Әзірге екі тарап ортақ келісімге келе алар емес.