АҚШ Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) басшысы Томоко Акане мен ұйымның адвокаттарының бірі Абдулайе Сайеге санкциялар салды. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұл туралы X әлеуметтік желісіндегі парағына жазды.
Рубионың айтуынша, ол өткен айда "Халықаралық қылмыстық сот ұлттық егемендікке төндірген қатерді жоюға бағытталған" науқанды бастаған.
"Трамп әкімшілігі америкалықтарды осы жалған соттан қорғау жөніндегі біздің табанды миссиямыздың аясында ХҚС төрағасы Томоко Акане мен аға заңгер Абдулайе Сайеге санкциялар енгізді", – деп жазды Рубио.
Халықаралық қылмыстық сот 2024 жылы қарашада Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галантты тұтқындау туралы ордер шығарғаннан кейін 2025 жылдың ақпан айында АҚШ президенті Дональд Трамп ХҚС-ке санкция салу туралы жарлыққа қол қойған.
Халықаралық қылмыстық сот шешімдерін мойындамайтын АҚШ санкциясына ұшырағандар қатарында ХҚС прокуроры Кәрім Хан (кейін жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты күдікке байланысты қызметінен шеттетілді), франциялық судья Николя Гийу (Газа секторында Израиль армиясы мен ХАМАС арасындағы соғыс кезінде жасалған адамзатқа қарсы қылмыстар туралы істі қараған) және канадалық судья Кимберли Прост бар.
- 2023 жылдың наурыз айында Акане және ХҚС-тің тағы екі судьясы Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдің балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Мария Львова-Белованы қамауға алу туралы ордер шығарған. ХҚС оларды Украинаның жаулап алынған аумақтарынан Ресейге балаларды заңсыз депортациялауға жауапты санайды.