"Ялта 2.0" бола ма? АҚШ, Қытай және Ресей басшыларының үшжақты кездесуі қалай өтпек?

Ресей президенті Владимир Путин, Қытай басшысы Си Цзиньпин және АҚШ президенті Дональд Трамп Шэньчжэнь қаласында үшжақты кездесу өткізбек.

АҚШ президенті Дональд Трамп, Қытай басшысы Си Цзиньпин және Ресей президенті Владимир Путиннің Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті аясында Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін үшжақты кездесуі тарихи оқиға болғалы тұр. Алайда оның символдық мәні зор болғанымен, нақты нәтижесі көңіл көншітпеуі мүмкін.

Үшжақты саммит өткізу идеясын алғаш рет қазанда Владимир Путин ұсынған. Ақ үй бұл бастаманы 13 қарашада растады. Бұл хабар 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталар тұста өткен Ялта конференциясын еске түсірді. Соғыста жеңіске жеткен АҚШ, Ұлыбритания және Совет одағының басшылары Қырымдағы курортты қалада жабық есік жағдайында соғыстан кейінгі ықпал ету аймақтарын бөлісіп, Еуропа мен Азиядағы көптеген шағын елдердің тағдырына қатысты шешім қабылдаған еді.

Украина президенті Владимир Зеленский бұл кездесу жайлы пікір білдіріп, Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысы Киевтің қатысуынсыз талқыға түсуі мүмкін деп алаң білдірді.

CNN телеарнасына берген сұхбатында ол: "Ялта 2.0 болғанын қаламаймыз" деді.

"Жаңа Ялта" деуге келе ме?

Азаттық радиосы сөйлескен сарапшылардың көбі 19 қараша күні өтеді деп жоспарланып отырған үшжақты кездесу 81 жыл бұрынғы тарихи конференциядан елеулі түрде өзгеше екенін айтты.

Вирджиния штатындағы CNA зерттеу ұйымының Қытай мен Ресей қатынастары жөніндегі сарапшысы Элизабет Вишник мұндай салыстырудың қисыны жоқ дейді.

"Олардың сол деңгейдегі шешімдерді қабылдай алатын билікке ие болғысы келген күннің өзінде, оны жүзеге асыра алмайды деп ойлаймын. Өйткені содан бері әлем өзгерді. Қазір ірі державаларға қарсы тұра алатын тәуелсіз ойыншылар көп. Парсы шығанағындағы жағдай – соның мысалы" дейді ол.

Австралияның Lowy институтының шақырылған зерттеушісі Бобо Ло Қытай өзін "Жаһандық Оңтүстіктің" көшбасшысы ретінде көрсетуге тырысатынын, халықаралық қатынастарды демократияландыруды қолдайтынын мәлімдеп жүргенін айтады.

"Әлемдегі үш көшбасшының жаһандық басқаруға қатысты маңызды шешімдерді өздері қабылдауы туралы идея Пекиннің үнемі айтып жүрген ұстанымына қайшы келеді. Сондықтан Қытай мұндай бастамаға аса сақтықпен қарайды" деді ол Азаттыққа.

Вашингтондағы Хадсон институтының штаттан тыс қызметкері Ципора Фридтің пікірінше, Шэньчжэньдегі саммит нақты нәтиже бермесе де, одан ең көп ұтатын тарап – Владимир Путин болуы мүмкін.

"Бұл оған халықаралық аренадағы мәртебесін қалпына келтіріп, Ресейдің оқшаудан шығуына мүмкіндік береді. Путин Ресейді Украинаның болашағына қатысты келіссөздерге қатысатын ұлы держава ретінде көрсете алады және ол мұндай жағдайда майданда жеңіліп қалу қаупіне алаңдамайды" дейді ол.

Қытайдың Гуандун провинциясында орналасқан Шэньчжэнь қаласында Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті өтеді.

Си Цзиньпин үшін кездесудің қалай өтетіні маңызды

Си Цзиньпин бұл кездесудің бастамашысы болмады. Ол үшін іс-шараның алдын ала белгіленген тәртіп бойынша өткені маңыздырақ.

Вашингтондағы Стимсон орталығындағы Қытай бағдарламасының директоры Юнь Сунь Азаттыққа берген сұхбатында Қытай басшысы үшін ең бастысы – кездесуді сәтті өткізіп, ірі державалар арасындағы қарым-қатынас тұрақтанып келе жатқандай әсер қалыптастыру екенін айтты.

"Қытай нақты келісімдерден гөрі кездесудің символдық мәніне басымдық береді" дейді сарапшы.

Путин 9 қазанда Трамппен телефон арқылы сөйлескен кезінде үшжақты саммит өткізу идеясын алғаш көтергенде Пекин де, Вашингтон да оны бірден қолдаған жоқ. Алайда 19 қазанда Трамп Ақ үйде журналистерге Си Цзиньпин келіссе, кездесуге дайын екенін мәлімдеді.

Қытай үшжақты саммит өткізу мәселесі талқыланып жатқанын тек 4 қарашада растады.

Кейін Wall Street Journal басылымы Вашингтон мен Пекин кездесудің форматына қатысты ортақ мәмілеге келе алмай отырғанын жазды. Қытай күтпеген жағдайларға жол бермеу үшін кездесудің барысы мен нәтижесі алдын ала белгіленген қатаң сценарий бойынша өткенін қалаған. Ал Вашингтон ашық пікір алмасуға мүмкіндік беретін икемді форматты жөн көрген.

CNA сарапшысы Элизабет Вишниктің айтуынша, Пекин кездесудің әрбір кезеңін мұқият жоспарлауға мүдделі және АТЭС саммиті осы кездесудің көлеңкесінде қалғанын қаламайды.

Бір қызығы, Путиннің Украинадағы соғысты тоқтату мәселесін үшжақты саммитте талқылау туралы ұсынысын Қытай қолдаған жоқ.

Жақында Қытайға мемлекеттік сапармен барған Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер ARD телеарнасына берген сұхбатында Си Цзиньпинмен сөйлескенін, Қытай басшысы оған Украинадағы соғысқа қатысты кез келген келіссөзге Еуропа елдері қатысуы керек екенін, өйткені соғыс Еуропа қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін айтты деп мәлімдеді.

Элизабет Вишник Еуропа елдері Қытайды Ресейдің Украинаға қарсы соғысын жалғастыруына көмектесіп отырған мемлекет ретінде қабылдайтынын айтады. Сондықтан Пекин бұл мәселеде барынша сақ әрекет етуге мәжбүр.

Украина мен Еуропа елдерін қатыстырмай, соғысты тоқтату мәселесін Вашингтон, Мәскеу және Пекиннің өзара талқылауы Қытайдың Еуропамен дипломатиялық байланысын одан әрі қиындатар еді, дейді ол.

Сарапшының пікірінше, Қытай Украина мен Еуропа елдері де қатысатын кеңірек форматты қолдайды.

Трамптың басты мақсаты – ядролық қаруды шектеу

Трамп үшжақты кездесуде ядролық қарусыздану мәселесін талқылауды көздейді. Ол бұл тақырыпқа 1980 жылдардан бері қызығушылық танытып келеді. Мәселен, 1984 жылы Washington Post газетіне берген сұхбатында ол АҚШ атынан Совет одағымен ядролық қаруды бақылау жөнінде келіссөз жүргізгісі келетінін айтқан.

2019 жылы алғашқы президенттік мерзімі кезінде Трамп АҚШ-тың ядролық стратегиясын өзгертуді ұсынып, бұған дейін Ресеймен екіжақты форматта жүргізіліп келген қаруды бақылау келіссөздеріне Қытайды да қосу бастамасын көтерді.

15 қазанда Newsmax телеарнасына берген сұхбатында Трамп: «Мүмкіндік болса, ядролық қарусыздануға қол жеткізгім келеді. Бұл мәселені Ресеймен де, Қытаймен де талқылап жатырмыз" деді.

13 қарашада Ақ үй өкілі Оливия Уэйлс Трамптың әлемдегі ядролық арсеналдарды қысқарту мәселесін көтеретінін мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ президенті ядролық қарудың таралуын аса қауіпті құбылыс деп санайды.

Алайда Қытай АҚШ-пен және Ресеймен ядролық қаруды бақылау мәселесін талқылауға әлі де сақтықпен қарайды.

Хадсон институтының сарапшысы Ципора Фридтің айтуынша, Пекиннің бұл мәселедегі ұстанымы анық: үшжақты келіссөз басталмас бұрын АҚШ пен Ресей өздеріндегі әлдеқайда ірі ядролық арсеналдарды қысқартуы керек.

Вашингтондағы Америкалық ғалымдар федерациясының дерегінше, әлемдегі ядролық қарудың 90 пайыздан астамы АҚШ пен Ресейдің үлесінде. Ресейде 5459, АҚШ-та 5177 ядролық оқтұмсық бар. Ал Қытай шамамен 600 оқтұмсықты ұстап отыр.

Пекин ядролық әлеуетін белсенді түрде арттырып келеді. Пентагонның болжауынша, 2035 жылға қарай Қытайдағы ядролық оқтұмсық саны 1500-ге жетуі мүмкін.

Қытай билігі ядролық арсеналды ұлғайтуды қорғаныс шарасы деп түсіндіреді. Оның мақсаты – қарсы тарап ядролық қару қолданған жағдайда жауап қайтаруға жеткілікті әлеует қалыптастыру. Пекин "бірінші болып ядролық қару қолданбау" (No First Use, NFU) саясатын ұстанатынын мәлімдейді. Сондай-ақ ядролық қаруы жоқ мемлекеттерге және ядролық қарудан азат аймақтарға қарсы оны қолданбауға әрі қолданамын деп қорқытпауға міндеттеме алған.

Ципора Фрид үшжақты ядролық қаруды бақылау келісіміне қол жеткізуге елеулі кедергілер бар екенін айтады. Оның басты себебі – үш державаның ядролық әлеуетіндегі айырмашылық пен стратегиялық басымдықтарының бір-біріне сәйкес келмеуі.

"Дей тұрғанмен, олардың арасындағы диалог пайдалы болар еді" дейді сарапшы.

Оның сөзінше, ендігі міндет – осы диалогты нақты мақсаттары, өзара міндеттемелері және келісілген тетіктері бар мазмұнды келіссөздерге айналдыру. Сонда ғана үш елдің ядролық арсеналына елеулі әрі тексеруге болатын шектеулер қою мүмкіндігі туады.