"Мәжбүрлі еңбек өнімі болуы мүмкін". АҚШ Қытайдың тағы 43 компаниясын санкция тізіміне қосты

Қытайдың Шыңжаң аймағындағы "қайта тәрбиелеу лагері". 2018 жылғы желтоқсан айында түсірілген фото.

АҚШ Қытайдың тағы 43 компаниясын өнімдерін елге әкелуге тыйым салынған ұйымдар тізіміне енгізді. Бұл кәсіпорындар Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында адамдарды мәжбүрлеп жұмысқа жеккен деген күдікке ілінген. Мұны АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрлігі мен Мемлекеттік департаменті хабарлады.

Санкция тізіміне тау-кен өндірісі, ауыл шаруашылығы, көлік, металлургия және теңіз өнімдерін өңдеу салаларында жұмыс істейтін кәсіпорындар енгізілген. 31 шілдеден бастап олардың өнімдерін АҚШ-қа енгізуге тыйым салында. Осылайша, санкция тізіміндегі қытай компанияларының жиынтық саны 187-ге жетті.

АҚШ билігі бұл шектеулер 2021 жылдың аяғында күшіне енген "Ұйғырларды мәжбүрлеп жұмысқа жегудің алдын алу туралы" заң (Uyghur Forced Labor Prevention Act) аясында енгізілгенін айтты. Бұл заңға сәйкес, Шыңжаңнан жеткізілетін тауарлар адал еңбекпен өндірілгені дәлелденбесе, мәжбүрлеп жұмысқа жегу жолымен алынған өнім ретінде қарастырылады.

БҰҰ мен құқық қорғау ұйымдары Қытай билігі елдің солтүстік-батысында орналасқан Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында тұратын ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды жаппай ұстап, лагерьлерге қамағанын бірнеше рет мәлімдеген.

Вашингтон Қытай билігін ұйғырлар мен өзге де мұсылман халықтары өкілдерінің құқықтарын жаппай бұзды деп айыптап келеді. Ал Пекин бұл айыптауларды саяси астары бар мәлімдеме деп атап, Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатын экстремизммен күресуге және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуді көздейтін шара деп сипаттайды. Қытай билігі аймақта халықаралық террористік ұйымдармен байланысы бар сепаратистік топтар әрекет етеді дегенді алға тартады.

Шыңжаңдағы бұл науқан 2017 жылы бүкіл әлемге мәлім болған. АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінше, содан бері бір миллионнан астам адам ұсталып, лагерьге қамалған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қытайдың "Этностық бірлік" заңы Шыңжаңнан Қазақстанға келген қазақтарды да алаңдатады"Қытайға экстрадицияланған ұйғырлар ұшты-күйлі жоғалады". Зумретай Аркинмен сұхбат"Қамаудағылар ойымнан кетпейді". Шыңжаң лагеріндегі азапты көрген қазақтың шеріҚытайлық компания Қазақстанда мақта-мата өндірісіне инвестиция салып, киім фабрикасын ашпақ"Бұл – құлдық". АҚШ Қытайдың бес компаниясының тауарына тыйым салды