АҚШ сенаты Джей Клейтонды Ұлттық барлау (DNI) директоры етіп бекітті. Оның кандидатурасын 51 сенатор қолдап, 47 сенатор қарсы дауыс берген.
Клейтон өткен айда отставкаға кеткен Тулси Габбардтың орнына келді. Бұған дейін хабарланғандай, Габбард қатерлі ісік диагнозы қойылған күйеуінің қасында болу үшін қызметтен кетуді ұйғарған.
Дауыс беру аяқталғаннан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Клейтонды жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтады. "Джей барлық жағынан ерекше жан және директор міндетін өте жақсы атқарады!" – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісіне.
Бұл лауазымға тағайындалмас бұрын Клейтон федералды прокурор болып істеді және бірнеше атышулы істі, соның ішінде Венесуэланың бұрынғы басшысы Николас Мадуроға қарсы қозғалған істі қадағалаған.
Клейтонның барлау саласындағы тәжірибесі шектеулі, бірақ ол Ұлттық барлау директорының міндетін атқарып келген Билл Пултеге қарағанда лайықты кандидат деп қарастырылған. Пулте осы қызметті атқарған кезде қызметкерлерді жаппай қысқартып, Конгрестегі екі партиядан сайланған заң шығарушылардың сынына қалған еді.
Ұлттық барлау директоры АҚШ-тың 18 барлау мекемесінің жұмысын үйлестіреді және президентке күнделікті барлау деректерін дайындап беріп отыруға жауапты саналады.
Клейтон бұл лауазымға АҚШ барлау агенттіктерін қайта құру жалғасып жатқан шақта тағайындалды. Трамп әкімшілігін сынға алушылар барлау қызметтерін саяси мақсатта, соның ішінде президенттің 2020 жылғы сайлау туралы мәлімдемелеріне және барлау құрылымдарындағы ауыс-түйіске байланысты пайдалануға алаңдаушылық білдіріп отыр.