АҚШ Сенатында өткен негізгі процедуралық дауыс беру федералдық үкіметті қаржыландыруды қайта бастау жолындағы басты кедергілердің бірін жойды. Елде 1 қазаннан бері жалғасып келе жатқан шатдаун (үкімет жұмысын қаржыландырудың ішінара тоқтауы) АҚШ тарихындағы ең ұзаққа созылған оқиғаға айналған. Республикашылдар мен бірқатар демократ сенаторлар арасындағы ымыра нәтижесінде қабылданған қазіргі шешім шатдауннан шығу бағытындағы маңызды қадам болып отыр.
1 қазанда АҚШ-та жаңа қаржы жылы басталғанымен, Конгресс сол уақытқа дейін не тұрақты, не уақытша бюджет қабылдай алған жоқ. Республикалық және демократиялық партиялар өкілдері бюджет өлшемдері жөнінде ортақ келісімге келе алмағандықтан, федералдық мекемелердің бір бөлігі қаржысыз қалды.
Үкіметті қаржыландыру туралы заң жобасын қабылдау үшін Сенатта "филибастер" деп аталатын парламенттік тосқауылды еңсеру үшін ең аз дегенде 60 дауыс қажет. Алайда республикашылдарда 53 дауыс қана бар еді. Кейінгі 40 күн бойы осы тосқауылды еңсеру мүмкін болмады.
Дегенмен жексенбі күні сегіз демократ сенатор Сенаттағы және Ақ үйдегі республикашыл басшылармен мәмілеге келді. Сөйтіп олар үкіметті уақытша қаржыландыру жөніндегі заң жобасын қолдап дауыс берді. Мұның есесіне республикашылдар медициналық сақтандыруға арналған субсидияларды ұзартуға уәде берген – бұл демократтардың басты талаптарының бірі болатын. Осылайша бюджет жайлы заң жобасын қолдап 60 сенатор, яғни құжатты қабылдау үшін қажет ең төменгі межеге тең шамада дауыс берді.
Сенатта алдағы күндері заң жобасы бойынша негізгі дауыс беру өтпекші. Одан кейін құжатты Өкілдер палатасы мақұлдап (ол үшін қарапайым көпшілік дауыс жеткілікті), содан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп қол қоюы қажет. Заң жобасы федералдық мекемелерді қаңтардың аяғына дейін қаржыландыруды қамтамасыз етуді көздейді. Ал 2026 жылға арналған толық бюджет қашан қабылданары әзірге белгісіз.
Қаржыландыру тоқтап қалғандықтан шамамен 1,5 миллион америкалық мемлекеттік қызметкер ақысыз демалысқа жіберілген немесе еңбекақысыз жұмыс істеп жатыр. Егер шатдаун желтоқсанға дейін созылса, әскери қызметкерлер де жалақысыз қалатын еді, ал авиадиспетчерлерді мәжбүрлі демалысқа жіберуге байланысты әуе рейстері тоқтай бастаған. Жақында АҚШ НАТО бойынша одақтастары мен Украинаға қару-жарақ жеткізуді уақытша тоқтатқаны жайлы хабар тарады. АҚШ Мемлекеттік департаментінің қару-жарақ жеткізуді бақылайтын қызметкерлері ақысыз демалысқа жіберілген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ НАТО елдері мен Украинаға қару жеткізуді шатдаун кесірінен уақытша тоқтатты