АҚШ-тағы сот: Венесуэла экс-президенті Мадуро сот шығынын төлеуге ақшасы жетпейтінін айтты

Николас Мадуро мен әйелі Манхэттендегі федералдық сотқа әкелінді. АҚШ, 5 қаңтар, 2026 жыл. Сурет авторы - Джейн Розенберг.

Венесуэланың биліктен шеттетілген бұрынғы президенті 63 жастағы Николас Мадуроның ісі бойынша бейсенбі, 26 наурыз күні Нью-Йорктің федералдық сотында екінші тыңдау өтті.

Венесуэланы 2013 жылдан бері басқарған Мадуро мен оның әйелі Силия Флорес қаңтардың басынан бері Бруклиндегі атышулы Metropolitan Detention Centre федералдық түрмесінде отыр. Мәліметтерге қарағанда, Мадуро камерада жалғыз өзі отыр.

Өзін "соғыс тұтқынымын" деп атаған Мадуро өзіне тағылған "есірткі терроризмі" бойынша сөз байласу, кокаин әкелуге келісу, қару-жарақ сақтау, сондай-ақ оларды сақтау мақсатында сөз байласу сияқты төрт айыптың ешбірін мойындамай отыр.

Бейсенбі күнгі сот отырысында үстіне жасыл түсті түрме киімін киіп, көзілдірік пен аудармашының сөзін тыңдауға арналған гарнитура таққан Мадуро әлденені жазып, кейде аудармашы арқылы адвокатымен сөйлесіп отырды.

Бұл жолғы отырыста негізінен Мадуро мен әйелінің сот шығындарын кім өтейтіні жайлы сөз болды. АҚШ санкциялары Венесуэла үкіметіне сот шығынын төлеуге мүмкіндік бермейді, ал Мадуро мен Флорес өздерінде жеткілікті қаражат жоғын айтады.

Айыпталушылардың адвокаттары істі қарап отырған 92 жастағы судья Элвин Хеллерштейннен АҚШ санкцияға байланысты Мадуро мен әйеліне Венесуэла үкіметі қаржысын пайдалануға рұқсат етпейтіндіктен, оларға қарсы қозғалған есірткі терроризмі туралы істі тоқтатуды сұрап, өтініш айтты.

Ал прокурорлар болса Венесэуланың байлығын "тонаған" Мадуро мен зайыбы мемлекет қаржысын пайдаланбауы керек деп мәлімдеді.

Судья "қорғалу құқығы бірінші кезекте маңызды" екенін, бұл дауға бола істі тоқтатпайтынын, өз шешімін кейінірек, келесі сот отырысын белгілеген кезде шығаратынын айтты.

Сот тыңдауы басталар алдында АҚШ президенті Дональд Трамп Мадуроға қарсы "тағы да істер қозғалады" деп мәлімдеген, бірақ нақты қандай іс екенін ашып айтқан жоқ.

26 наурыз күні Манхэттендегі сот ғимараты маңына Мадуроны қолдаушылар мен қарсыластары жиналды. Олардың арасында оны қызғылт сары түрме киімінде, қолына кісен салынған күйде бейнелейтін үлкен қуыршақ әкелгендер де болды. Бір мезгілде демонстранттар арасында кикілжің шығып, полиция бір адамды алып кетті деп жазды басылымдар.

Нью-Йоркте тыңдау болып жатқан шақта Венесуэла астанасы Каракаста да жүздеген адам қатысқан митинг өтті. Оған қатысқандар арасында Мадуроның ұлы Николас Мадуро Герра да болды.

"Біз АҚШ-тың құқықтық жүйесіне сенеміз", – деген ол AFP агенттігіне, бірақ әкесінің "ұрлануы" істің заңдылығына күмән келтіретінін де айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Венесуэла билігі АҚШ-тың әскери операциясы салдарынан кемінде 100 адам қаза болғанын мәлімдеді

Николас Мадуро мен оның әйелін 3 қаңтар күні таңертең АҚШ арнайы жасағы Каракастағы үйінен ұстап әкеткен. Операция кезінде әскери ұшақтар мен әскери-теңіз күштерінің қолдауына сүйенген АҚШ Венесуэла астанасына әуеден соққы жасаған. Венесуэла билігі шабуыл салдарынан кемінде 100 адам қаза тауып, 112-ден астамы жараланған деп мәлімдеген. АҚШ әскери қызметкерлері арасында шығын болмаған.

Мұнай қоры бойынша әлемде алдыңғы орында тұрған, экономикасы күйреген Венесуэланы қазір 2018 жылдан бері Мадуроның вице-президенті болған Делси Родригес басқарып отыр.