АҚШ "тасадағы флоттың" тағы бір танкерін ұстады

Aquila II танкері

АҚШ әскери күштері 9 ақпанда Ресейдің "тасадағы флотыныкі" болуы мүмкін тағы бір танкерді ұстады. Пентагонның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Aquila II танкерінің ізіне Кариб теңізінен бастап түсіп, үш аптаға жуық уақыттан кейін Үнді мұхитында қолға түсірген.

АҚШ қорғаныс министрлігі (президент Дональд Трамптың жарлығына сәйкес ресми түрде "Әскери министрлік" деп аталады) ұсталған танкер "Кариб теңізіндегі санкцияға іліккен кемелерге президент Трамп енгізген карантин талаптарын бұзған" деп мәлімдеді. Танкер санкцияларға қарамастан, Венесуэла мұнайын Қытайға жеткізуге әрекет етті деген күдікке ілінген. Бұған қоса ол Ресейдің "тасадағы флотының" бір бөлігі ретінде санкция тізіміне енгізілген. Экипаж құрамында ресейліктер бар-жоғы әзірге айтылған жоқ.

"Тасадағы флотқа" Ресей мұнайы мен басқа да ресурстарды таситын, басқа елдердің туын пайдаланатын, бірақ іс жүзінде Ресей бақылауында болатын кемелер жатады. Мұндай жүздеген кеме АҚШ, Еуроодақ және Ұлыбританияның санкция тізіміне енгізілген. Дүйсенбі күні Еуроодақ Ресейге салуға дайындап жатқан жаңа, 20-санкциялар пакетінде Ресей мұнайын теңіз жолымен жеткізуге байланысты қызмет түрлеріне толық тыйым салуды және ресейлік "тасадағы флоттыкі" деп есептелетін тағы 43 кемені санкция тізіміне қосу көзделіп отырғаны белгілі болды. Егер ол бұл пакет күшіне енсе, онда Еуроодақ санкция салған кемелердің жалпы саны 640-қа жетпек.

Қаңтар айында АҚШ әскери күштері Солтүстік теңізде Marinera танкерін ұстаған. Ол 2025 жылғы тамызда Ираннан Венесуэлаға қарай шыққан. Ізіне қуғыншы түскен сәтте кеме ресейлік компания атына қайта тіркелген, ал Кремль АҚШ-ты кемені қууды доғаруға шақырып, танкерге қолдау көрсету үшін Солтүстік теңізге сүңгуір қайығын жіберген.

22 қаңтарда Ұлыбританияның әскери-теңіз күштері Францияға Жерорта теңізінде Grinch танкерін ұстауға көмектесті. "Тасадағы флотқа" жататын бұл кеме Мурманскіден ресейлік шикі мұнай тиеп шыққан және оны АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбритания, Украина мен Канада санкция тізіміне қосқан.

Британдық The Sunday Times газеті Ұлыбританияның корольдік әскери-теңіз флоты Солтүстік теңіздегі Ресейдің "тасадағы флоты" кемелерін бақылау үшін елдің шығыс жағалауында басқару орталығын құруды жоспарлап отыр деп жазды. Басылым дерегіне қарағанда, британ теңіз күштері барлау мәліметтерін жинап, қажет болған жағдайда мұндай кемелерді тоқтата алады. Бұл үшін Гейтсхедтегі әскери-теңіз резервінің оқу орталығы қайта жабдықталып, Солтүстік теңіз бен Ла-Манштағы пилотсыз қайықтар флотилиясын басқару базасына айналмақ деп хабарлады "Настоящее Время".

Сонымен қатар басылымның жазуынша, Кремль танкерлерді қорғау үшін Ла-Манш пен Дат бұғазына әскери кемелер жібере бастаған. Батыс барлау қызметтері бұл аймақта Ресей Балтық флотының "Бойкий" және "Сообразительный" кемелерін, сондай-ақ Солтүстік флот құрамындағы "Североморск" эсминеці жүргенін байқаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

АҚШ Olina танкерін ұстады. Ол да Ресейдің санкцияға ілінген "тасадағы флотына" тиесіліАҚШ Венесуэлаға қатысты алтыншы танкерді ұстадыАҚШ наразылықты басып-жаншығаны үшін Иранның “тасадағы флотына” санкция салдыАҚШ Венесуэла жағалауындағы танкерді ұстадыFT: Ресей мұнай шектеулерін айналып өту үшін "көлеңкелі флот" жасақтайды