Азаттыққа қолына Қазақстандағы ең жабық психиатриялық ауруханалардың бірінде түсірілген ондаған видео түсті. Оларды ауруханадағы науқастар жасырын түсірген. Онда науқастар азаптау, мәжбүрлі еңбек, өзіне қол жұмсау әрекеттері және жұмбақ өлімдер туралы айтады. Азаттық бұл мәліметтерді тексеріп, қазіргі және бұрынғы емделушілермен, олардың туыстарымен, бұрынғы қызметкерлермен және мемлекеттік органдармен сөйлесті. Денсаулық сақтау министрлігі шағымды тексергенін, айтылған дерек "шындыққа жанаспайтынын" мәлімдеді.
Your browser doesn’t support HTML5
Ақтастағы жабық ауруханада не болып жатыр? Науқастар ондаған видео жолдады
Алматы облысы Ақтас ауылындағы республикалық психиатриялық аурухана — Қазақстандағы мұндай үлгідегі жалғыз мекеме. Мұнда соттың шешімімен мәжбүрлі емдеуге жіберілген, қоғамға қауіпті әрекет жасаған психикалық ауруы бар адамдар жатады.
— Сені неге байлап тастаған?
— Қолжуғышты жуудан бас тарттым.
— Сол үшін байлап қойды ма?
— Иә.
Редакцияға түскен видеолардың бірінде Руслан Кемелов есімді емделуші үш тәуліктен бері төсекке байлаулы жатқанын, еркінен тыс екпе салатынын, одан хәлі нашарлайтынын айтады. Оның сөзінше, бөлімше меңгерушісі қолжуғышты үнемі жууды талап еткен, ал ол бас тартқаннан кейін дәрі егіп, қозғалысын шектеген.
Кемелов өзіне галоперидол мен тизерцин деген дәрілерді еркінен тыс егетінін, дәріден кейін ұйқы басып, денесі сіресетінін, жақ сүйегі тартылып, көзі ауыратынын айтады.
Азаттық ауруханадан Кемеловтің жағдайы туралы сұрады. Мекеме нақты науқасқа қатысты ақпаратты дәрігер құпиясына жатқызып, пікір бермеді.
Редакцияға осыған ұқсас ондаған видео келіп түсті. Телефон ұстауға тыйым салынған мекемеде оларды емделушілер жасырын түсірген. Видеоларда адамдар мекеме қызметкерлерінің талабына бағынбаған жағдайда күшті дәрілер егілетінін, бірнеше күн бойы төсекке байланатынын, дәретханаға жіберілмейтінін және шаруашылық жұмыстарына мәжбүрленетінін мәлімдейді. Кейбірі өзіне жарақат салған адамдар мен ауруханадағы өлімдер туралы айтады.
Азаттық видеоларда айтылған жекелеген оқиғаның бәрін тәуелсіз түрде тексере алмады. Дегенмен қазіргі және бұрынғы емделушілердің, олардың туыстары мен бұрынғы қызметкерлердің әңгімелерінде ұқсас жайттар айтылады.
Жіті бақыланатын жабық мекеме
Ақтастағы ауруханада 14 бөлімше бар, қазір онда 770-тен астам адам емделіп жатыр. 2026 жылы мекемені қаржыландыруға үш миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.
Науқастардың сыртқы әлеммен байланысы шектеулі. Редакция сөйлескен адамдардың сөзінше, мекеме ішіндегі жағдайға шағымдану қиын. Әкімшілікке жазылған арыз бөлімше басшыларына жетіп, шағым иесі қысымға ұшырауы мүмкін. Ал сырттан тексерушілер келгенде олармен аурухана қызметкерлерінсіз жеке сөйлесу мүмкін емес дейді.
"Он күн бойы байлаулы жатасың"
Видеоүндеу жариялаған емделушілердің бірі, 25 жастағы Әлішер Кәрімов болмашы қарсылық үшін аминазин, галоперидол, деканоат және тизерцин сияқты дәрілер егілетінін айтады.
"Бұл дәрілер адамға физикалық тұрғыдан ғана емес, психикалық жағынан да ауыр тиеді. Бірақ бұдан да сорақысы – төсекке байлап тастайды. Он күн бойы байлаулы жатасың, қимылдай алмайсың, тіпті дәретханаға баруға да жібермейді. Амалың жоқ, дәретті астыңа жібересің" дейді ол.
Тағы бір емделуші Фархат Ғалымжан Ақтасқа 2021 жылы желтоқсанда түскенін айтады. Оның сөзінше, шашын алдырудан бас тартқаны үшін он күн бойы күніне алты реттен екпе алған.
"Он күнде 60 екпе алдым. Шашымды мәжбүрлеп алды. Сол сәттен кейін ішімдегіні айтуға немесе бір нәрседен бас тартуға қорқып қалдым" дейді ол.
Алматы облысы Ақтас ауылындағы психиатриялық ауруханада емделуші Фархат Ғалымжан аурухана қызметкерлерді науқастарды мәжбүрлеп жұмыс істететінін, көнбегенге ауыр дәрі салатынын айтады. Денсаулық сақтау министрлігі мұны жоққа шығарып отыр. Азаттық видеосынан скриншот.
Редакцияға түскен тағы бір видеода төсекте денесі сіресіп жатқан адам көрінеді. Видеоны түсірген азамат мұны дәрінің салдары деп сипаттайды. Бұл адамның диагнозы, оған қандай препарат және қандай мөлшерде егілгені белгісіз болғандықтан, кадрдағы жағдайдың себебін Азаттық анықтай алмады.
Ақтас ауруханасында төрт жыл жатып, биыл ақпанда шыққан Самат Саттаров видеодағы адамдардың көбін танитынын және олардың сөзін растайтынын айтты. Ол өзі де он күн бойы төсекке байлаулы жатып көрген және оған еркінен тыс ауыр дәрілер салған.
"Деканоаттан кейін адам жүре алмайды, отыра алмайды, жата да алмайды. Үнемі ауыр күйде боласың. Мұның бәрі адамды қорқыту үшін жасалады, науқас қарсыласудың пайдасы жоқ екенін түсінуі үшін. Осындай азаптан кейін адамның ештеңеге зауқы соқпай қалады. Тірі өлік сияқты күйге түсесің" дейді Саттаров.
Аурухана басшысы Дулатбек Дауылбеков Азаттыққа жолдаған жауабында науқастың қозғалысын шектеу жазалау тәсілі ретінде қолданылмайтынын мәлімдеді.
"Дене қимылын шектеу шаралары тек медициналық көрсетілімдер болған жағдайда ғана қолданылады және жаза немесе тәртіптік ықпал ету шарасы ретінде қолданылмайды. Фиксация науқастың өзіне немесе айналасындағыларға тікелей қауіп төнген жағдайда ғана, ең соңғы медициналық шара ретінде қолданылады" делінген жауапта.
Аурухана видеода айтылған нақты оқиғалар туралы дәрігер құпиясына сілтеп, ақпарат бермеді.
"Шыққың келсе, дәретхана жу"
Редакцияға түскен видеолардың бірінде емделуші дәретхананы қолымен жуып жүр. "Мұны не үшін істеп жүрсің?" деген сұраққа ол "мына жерден шығу үшін" деп жауап береді. Оның сөзінше, тапсырылған жұмысты істемесе, "ауруханадан шығармаймыз" деп қорқытқан.
Басқа кадрларда науқастар ас үйде ыдыс жинап, тамақ пен ауыр ыдыстарды тасып жүреді. Бір емделуші күн сайын таңертең асханаға шығып, салмағы қырық келі екі термос таситынын айтады.
Фархат Ғалымжан ауруханадағы тамақ қалдығы мен өзге де қоқыс төгілетін орынды науқастарға тазалататынын мәлімдеді. Оның сөзінше, жұмыстан бас тартқан адамды бақылау палатасына қамап, дәрі егумен қорқытады. Қоқыс тазалауға бармау үшін ол бөлімшенің асханасында жұмыс істеуге келіскен.
Әлішер Кәрімов те науқастарға ыдыс, дәрігерлердің халаты мен қызметкерлердің киімін жуғызатынын айтады.
"Аурухана аумағында барлық қоқыс пен қалдық төгілетін жер бар. Бізді соның бәрін жалаң қолмен тазартуға мәжбүрлейді. Біреу құқығын қорғамақ болса немесе қарсылық білдірсе, бірден жазалайды: екпе салып, төсекке байлап тастайды. Сосын бақылау палатасына кемінде он күнге қамайды" дейді ол.
Алматы облысы Ақтас ауылындағы психиатриялық ауруханада емделушілер аурухана қызметкерлерді науқастарды мәжбүрлеп жұмыс істететінін, көнбегенге ауыр дәрі салатынын айтады. Азаттықтың осы туралы видеосынан скриншот.
Мәжбүрлі еңбек туралы аурухананың бұрынғы екі қызметкері де айтты. Бұрын санитар болып істеген Байжан Сағындықов аурухана қызметкерлері науқастарға дәретхана мен қолжуғыш жуғызатынын өз көзімен көргенін айтады.
"Науқас құқығын қорғайын деп бір сөз айтса, "байлап тастаймын, екпе саламын" деп қорқытады. Мұны өз көзіммен көрген соң айтып отырмын" дейді ол өзі жазған бейнеүндеуінде.
Тағы бір бұрынғы қызметкер Нағима Нұрбекованың сөзінше, аурухана әкімшілігі өзі әрең жүретін науқастарға да жұмыс істетіп, қарсылық білдіргендерге инъекция салып, байлап қоятын болған.
Аурухана бұл мәлімдемелерді жоққа шығарды.
"Пациенттер мекеменің қызметін қамтамасыз етуге бағытталған немесе мекеме қызметкерлерінің функцияларын алмастыратын шаруашылық жұмыстарына тартылмайды. Ортақ пайдаланылатын үй-жайларды, санитарлық тораптарды, асүй бөлмелерін және аумақты жинау мекеме қызметкерлерінің лауазымдық міндеті шеңберінде жүзеге асырылады" деп жауап берді мекеме басшысы Дулатбек Дауылбеков.
Денсаулық сақтау министрлігі Азаттыққа науқастар еңбегін мекеменің шаруашылық қызметіне пайдалану немесе оларды еркінен тыс жұмысқа мәжбүрлеу заңға қайшы екенін хабарлады. Министрлік 9 тамыз күні мекемені тексеру жұмыстары аяқталғанын мәлімдеді. "Онда ешқандай заң бұзу фактілері анықталмады, желіде жарияланған видео ескі және онда айтылған шағымдар шындыққа жанаспайды" деп жазған.
Атышулы 9-бөлімше
Аурухананың бұрынғы емделушілері 9-бөлімшені мекемедегі ең жабық орындардың бірі деп сипаттайды. Олардың айтуынша, өз құқығын ашық талап еткен адамдарды көбіне сонда ауыстырады. Бұл бөлімше басқа корпустардан оқшау орналасқан және онда туберкулезге шалдыққан науқастар отырады дейді.
Ақтаста шамамен он жыл жатқан Алексей Алексеев ауруханадан шықпай тұрып түсірілген видеода Юрий Приходченко есімді емделушінің туберкулезбен ауырмаса да 9-бөлімшеде жатқанын айтқан.
"Оның төсекте байлаулы жатқанына 10 күннен асты, сонша уақыт екпе де салған. Дәрілерден кейін адам төзгісіз физикалық азап шегесің. Дәретіңді астыңа жіберуге мәжбүр боласың. Мұны ашық айтып отырмын, өйткені осының бәрі өз басымнан өткен" дейді Алексеев видеода.
Материал әзірленіп жатқанда Алексей Алексеевтің ауруханадан шыққаны белгілі болды. Онымен байланысу мүмкін болмады.
Тимур Науанов есімді тағы бір емделуші де Приходченконың құқығы мен бостандығын талап еткені үшін 9-бөлімшеге ауыстырылғанын мәлімдеген.
"Олар бізді қорқытады, үрейде ұстайды, үнсіз қалғанымызды қалайды. Мен өз өмірім мен денсаулығым үшін қорқамын. Өйткені мұнда науқастар қайтыс болған жағдайлар бірнеше рет болды" дейді ол видеода.
Приходченконың анасы Ольга Петрова Азаттыққа ауруханаға хабарласа алмай отырғанын, ұлының жағдайынан бейхабар қалғанын айтты.
"Бұрын осы нөмірлерге хабарласқанда жауап беретін. Қазір әдейі тұтқаны алмай отырғандай әсер қалдырады" деді ол.
Петрованың сөзінше, аурухана көбіне "ұлыңыз ауырып қалды" деген себеппен кездесуге рұқсат бермеген. Ол ұлын кейінгі рет үш ай бұрын көргенде жүдеп кеткенін байқаған.
"Ол жаңа бөлім меңгерушісі келгеннен кейін дәрілердің дозасын көбейткенін айтты. Менімен кездескенде, не сөйлескен кезде барынша абайлап сөйлеседі, жағдайын ашық айтуға қорқады. Егер бәрін айтса, жағдайы осындай болады. Ұлым өз денесіне жарақат салыпты. Мұны маған достары айтты. Шындықты айтса болды, жағдайы нашарлайды, оны маған көрсетпей қойды" дейді анасы.
Материал әзірленіп жатқанда Петрова ұлымен 15 минут кездесуге мүмкіндік алғанын, Приходченконың басқа бөлімшеге ауыстырылғанын хабарлады.
Ақтас ауруханасы Приходченко туралы ақпарат бермеді. Мекеме тоғызыншы бөлімшеде бұрын туберкулезбен ауырғандар жатқанын, қазір ауруханада туберкулезге қарсы бөлімше жоқ екенін мәлімдеді.
Алайда Талғар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Азаттыққа мекемеде туберкулезбен ауыратын науқастарға арналған 60 орындық бөлімше бар деп жауап берді. Басқарма басшысы Нұрлан Зайнолдиннің сөзінше, онда туберкулезге күдікті адамдар диагнозы анықталғанға дейін жататын оқшаулау бөлмесі де қарастырылған.
Самат Саттаров тоғызыншы бөлімшені "алыста, арал сияқты оқшау тұрған жер" деп сипаттайды. Оның сөзінше, төртінші бөлімшеде бірге жатқан Әкім Болашақ есімді науқасты тоғызыншы бөлімшеге ауыстырғаннан кейін, биыл наурыз айында өзіне қол жұмсап көз жұмған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Адам жаңа нәрсе үйренген сайын, ауруды жеңеді". Ментал саулығы ерекше адамдардың өміріӨзіне зақым келтіру жағдайлары
Ақтас ауруханасы Әкім Болашақтың қазасына қатысты жеке түсініктеме бермеді. Бірақ 2026 жылдың алғашқы жартысында мекемеде бір науқас қайтыс болғанын хабарлады. Мекеме науқастар өлімінің басым бөлігін жүрек-қан тамырлары ауруларымен байланыстырады.
"Өлім жағдайларының негізгі себептері – жүректің ишемиялық ауруы және цереброваскулярлық аурулар. Жүргізілген талдау өлім жағдайларының басым бөлігі негізгі психиатриялық диагнозға емес, қатар жүретін ауыр соматикалық ауруларға байланысты болғанын көрсетті" делінген аурухана жауабында.
Мекемеде былтырдан бері емделушілердің өзіне зақым келтіруіне байланысты он жағдай тіркелген. Олардың арасында суицид әрекеттері болған-болмағанын нақтыламады.
Редакцияға түскен видеолардың бірінде Әлішер Кәрімов ауруханадағы жағдайға шыдай алмайтынын айтып, өзіне жарақат салады.
Самат Саттаров мұндай оқиға ауруханада аз болмағанын айтады. Ол Фархат Ғалымжан, Александр Кашиваров және Руслан Игимедов есімді емделушілердің өзіне бірнеше рет жарақат салғанын көргенін мәлімдеді. Саттаров ауруханадағы өлімдердің ресми себептеріне тәуелсіз тексеру жүргізу қажет деп санайды.
"Бұл — жабық мекеме. Өздерінің сот-психиатриялық комиссиясы, өз сарапшылары бар. Егер Бас прокуратураның бастамасымен шынайы тексеру жүргізілсе, қанша адамның қайтыс болғаны анықталуы мүмкін. Сірә, мен сот-медицина сарапшысы емеспін. Тек қанша науқас қайтыс болды және олардың өліміне не себеп болды – соны тексеру керек" дейді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Бірнеше рет зорлады". Шымкенттегі психдиспансерде емделген екі қыз жәбір көргенін айттыМемлекеттік органдар не дейді?
Талғар аудандық прокуратурасы әлеуметтік желіде жарияланған видеоларды зерделегенін хабарлады. Прокуратураның мәліметінше, ауруханада санитариялық талаптардың сақталуы, медициналық көмектің заңдылығы және қызмет сапасы тексеріліп жатыр. Бірақ қылмыстық іс қозғалғаны не қозғалмағаны туралы ақпарат бермеді.
Ақтас ауруханасы туралы видеолар тарағаннан кейін Денсаулық сақтау министрлігі мекемеде тексеру жүргізген. Министрлік 9 тамызда ресми сайтында жариялаған қорытындысында науқастарға қатыгездік көрсетілгені туралы шағымдар расталмағанын мәлімдеді.
Ведомство тексеруге негіз болған жарияланымда автордың жеке естеліктері баяндалғанын, ондағы оқиғалар 2008 жылы аурухананың 7, 10 және 12-бөлімшелерінде болған деп көрсетілгенін жазды. Министрліктің мәліметінше, жарияланым авторының дербес деректері көрсетілмеген.
"2026 жылғы 7 тамыздағы №127 тексеру нәтижелері туралы актіге сәйкес пациенттерге физикалық шектеу шараларын қолдану, ықпал ету шарасы ретінде дәрілік препараттарды пайдалану және пациенттердің ар-намысына тиетін өзге де әрекеттер туралы мәліметтер расталмады. Осылайша, жарияланымда көрсетілген мәлімдемелер ресми тексеру барысында анықталған нақты мән-жайларға сәйкес келмейді" делінген министрлік хабарламасында.
Алайда ведомство мәлімдемесінде тексеру нақты қай кезеңді қамтығаны және Азаттыққа келіп түскен 2026 жылы түсірілген видеолардағы шағымдар зерттелген-зерттелмегені айтылмаған. Министрлік келтірген жарияланымдағы оқиғалар шамамен 18 жыл бұрын болған, ал Азаттық материалындағы қазіргі және бұрынғы емделушілер мен қызметкерлердің мәлімдемелері кейінгі жылдарға қатысты болған. Видеоларды жіберген адам кадрлардың 2025-2026 жылдары түсірілгенін айтты.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі де мәселеге назар аударып, мониторинг жүргізуді жоспарлап отырғанын хабарлады.
Уәкілдің Алматы облысы бойынша өкілі Бексұлтан Ділдабекұлы физикалық шектеу, оқшаулау және дәрілік препарат қолдану тек медициналық көрсетілім болған жағдайда ғана рұқсат етілетінін айтты.
Your browser doesn’t support HTML5
"Қотыр бар, бірақ жұқпайды". Риддерде психикалық науқастар қалай тұрып жатыр?
"Аталған шараларды жазалау, қысым көрсету немесе мәжбүрлеу құралы ретінде қолдануға жол берілмейді" деді ол.
Ақтас ауруханасынан шыққан видеолардың бір бөлігін әлеуметтік желіде жариялаған құқық қорғаушы Елена Семенова өзіне бұрынғы емделушілер мен ауруханада жатқан адамдардың туыстары хабарласқанын айтты. Оның сөзінше, олардың әңгімелері видеодағы мәлімдемелермен сәйкес келеді.
Семенова науқастардың айтқаны расталса, мекеме қызметкерлерінің әрекетін қатыгез және ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас, тіпті азаптау белгісі ретінде қарастыруға болады деп санайды.
"Бұл – адамның еркін басып-жаншу, қорқыныш ұялату арқылы белгілі бір әрекетке мәжбүрлеу. Мұның өзі азаптау саналады. Оның үстіне, бұл – медицинаның атын жамылған өте қатыгез тәсіл" дейді құқық қорғаушы.
Семенованың сөзінше, ауруханадан шыққан адамдардың өзі ашық сөйлеуге қорқады, қайтадан мәжбүрлі емдеуге жіберілуі мүмкін деп қауіптенеді. Ал туыстары ауруханада қалған жақындарының қауіпсіздігіне алаңдайды. Құқық қорғаушы жарияланған видеолардың өзі ресми тергеу бастауға негіз болуға тиіс деп есептейді.
Азаттық бірнеше мемлекеттік органға сауал жолдағаннан кейін ауруханада тексерістер басталған. Материал әзірленіп жатқан кезде бірнеше емделушінің шағымы ескеріліп, кейбіріне туыстарымен кездесуге мүмкіндік берілгені белгілі болды. Алайда видеоларда айтылған төсекке байлау, дәріні жаза ретінде қолдану және мәжбүрлі еңбек туралы мәліметтер бойынша қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде ақпарат жоқ.