Ақтаудағы ұшақ апатына жыл толды: аралық хабарлама, бітпеген тергеу, төленбеген өтемақы

Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer E190 жолаушы ұшағы құлаған жер. Ақтау қаласының маңы, Маңғыстау облысы, 25 желтоқсан, 2025 жыл

Бір жыл бұрын Бакуден Грозныйға ұшқан Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer E190 жолаушы ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады. Ұшақтағы 67 адамның 38-і қаза тапты. Содан бері 12 ай өтсе де, тергеу әлі аяқталған жоқ, ал бұл оқиға Әзербайжан мен Ресей арасындағы ұзаққа созылған дипломатиялық дағдарысқа себеп болды.

Түпкілікті есеп емес, аралық хабарлама

Маңғыстау облысы аумағына Әзербайжанның жолаушы ұшағы құлап, 38 адамның өмірін қиған оқиғаға тура бір жыл толғанда, 25 желтоқсанда Қазақстан көлік министрлігі ұшақ апатының жай-жапсарын анықтау бойынша аралық хабарлама жариялады. Бұл әзірге аралық қорытынды.

Онда Ақтаудағы ұшақ апатына "оқ-дәрі бөлігінің зақымдаушы элементтері" әсер еткен болуы мүмкін екені айтылған.

"Жарылғыш заттардың іздері табылған жоқ. Зерттеуге ұсынылған үш оттегі баллонында жарылыс іздері жоқ. Әуе кемесінің зақымдануы, болжам бойынша, оқ-дәрі бөлігінің зақымдаушы элементтері әсерінен болуы мүмкін. Алайда олардың нақты тиесілігін анықтау мүмкін емес", – делінген ресми хабарламада.

Былтыр 26 желтоқсанда Қазақстан көлік министрінің бұйрығымен құрылған апат себептерін тергеп-тексеру жөніндегі комиссия жұмысын әлі жалғастырып жатыр. Комиссия жұмысына Әзербайжан, Ресей, Бразилия өкілдері және Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) бақылаушысы қатысады.

Комиссия ұшақтың гидравликалық жүйесі "қатты заттар жанасуынан металлдың жыртылуы" салдарынан бүлінген деген қорытынды жасаған.

Комиссия ұшақтың орталық техникалық қызмет көрсету компьютерінің кассетасындағы деректерді саралай алмағана құрылғының аса жоғары температура салдарынан бүлінуі себеп болған деп жазған.

Құжатта комиссияның түпкілікті есебі Қазақстан көлік министрлігінің сайтында жарияланатыны айтылғанымен, нақты мерзімі көрсетілмеген.

Биыл 4 ақпанда Қазақстанның көлік министрлігі Ақтау маңына құлаған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы апатын тергеудің алдын ала қорытындысын жариялаған. 53 беттен тұратын есепте ұшақ қаптамасындағы іздер "сырттан бөгде заттар тигенін көрсетеді" деп жазылған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ақтау маңында құлаған AZAL ұшағы апаты жайлы алдын ала есепте не айтылған?

38 адамның өмірін қиған ұшақ апаты

2024 жылғы 25 желтоқсан күні таңертең Әзербайжаннан Шешенстанға ұшып шыққан жолаушы ұшағы Грозный әуежайына қона алмады. Солтүстік Кавказ аспанында ұшақ басқаруда елеулі қиындықтар туындаған. FlightRadar24 деректеріне сәйкес, Ресейдің әуе кеңістігіне енгеннен кейін ұшақ әдеттен тыс манёврлер жасап, жерден биіктігі мен жылдамдығы жиі әрі күрт өзгеріп отырған.

Ресей авиациясы билігі өкілдерінің мәліметінше, ұшақ Шешенстанда екі рет жерге қонуға әрекет жасаған. Алайда қою тұман тұрғандықтан және "Ковёр" режимі енгізілуіне байланысты (әуеде ұшқышсыз ұшатын аппараттар бары анықталған жағдайда әуежай азаматтық авиация рейстерін қабылдамай, уақытша жабылады – ред.) қона алмаған. Қосалқы әуежайларды, соның ішінде Махачқала әуежайын да қарастырып көрген, бірақ ол жерде де ауа райы қолайсыз болған деген ақпарат тарады.

Бірқатар халықаралық басылымдар ұшақ экипажының Ресейдегі өзге әуежайларға қонуға рұқсат сұрауға мүмкіндігі болғанын, алайда аяғында Каспийдің арғы бетіндегі Қазақстанға бет алғанын жазды. Ұшақтың жерге қонбақ болған бірнеше әрекеті сәтсіз болып, кейін жүйелері істен шыға бастаған соң экипаж шұғыл қонуға Ақтауды таңдаған.

"Апатқа Ресей жауапты". Ақтау маңына Әзербайжан жолаушы ұшағы құлағанына жыл толды

Қазақстанның әуе кеңістігіне кіргенде ұшақ өте қиын жағдайда болған. Астана уақытымен сағат 11:28 кезінде Ақтау әуежайы үстінен екі айналғаннан кейін ұшып-қону алаңына таяу жерге құлаған ұшақ екі бөлініп, алдыңғы бөлігі өртенген.

Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 адам тірі қалды. Тергеу материалдары мен ресми мәліметтерге сәйкес, Azerbaijan Airlines ұшағында экипаждың бес мүшесіне қоса Әзербайжанның - 37, Ресейдің - 16, Қазақстанның - 6, Қырғызстанның 3 азаматы – барлығы 67 адам (екеуі - бала) болған.

Ұшақтағы қазақстандық алты жолаушы түгел опат болды. Олардың екеуі бір шаңырақтан еді: астаналық 49 жастағы нотариус Гаухар Шаймерденова 11 жастағы ұлы Елдармен бірге отбасы достарының шақыруымен Грозныйға бара жатқан.

Гаухар үйіндегі жандарға тірек болатын: ол студент үлкен ұлы мен қарт анасына қамқор еді.

Гаухар Шаймерденованың анасы 2025 жылғы желтоқсанда, қызы мен немересінің қазасынан соң бір жылға жетпей дүние салды.

Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы құлаған жер. 27 желтоқсан, 2024 жыл.

– Бізге бұл өте ауыр жыл болды, өйткені әріптесімізден, досымыздан, серіктесімізден айырылдық, – дейді Астана қалалық нотариалдық палатаның төрайымы Әйгерім Айкешева. – Гаухар жалғыз өзі емес, ұлымен бірге қазаға ұшырады, сондықтан бұл қаза одан сайын ауыр тиді. Біз Гаухардың үлкен ұлының Аустралияда оқуын жалғастыруына материалдық көмек көрсеттік. Қажет қаржыны жинауға атсалысқан Қазақстанның барлық нотариустарына зор алғыс айтамыз. Жуырда Гаухардың анасы да қайтыс болды, сірә, қызының қазасын көтере алмаған болар. Әжесін жерлеуге Гаухардың ұлы Аустралиядан арнайы ұшып келді, ал бір аптадан кейін туыстары Гаухар мен оның кенже ұлы Елдардың жылдығын берді.

Әйгерім Айкешеваның айтуынша, Гаухар Шаймерденованы жерлеуге Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі де қатысқан. Жерлеу шығынын Әзербайжан жағы көтеріп алған. Қазақстанда құрылыс бизнесімен айналысатын әзербайжандық кәсіпкер Амил Юсифов ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың отбасына Алматы қаласынан екі бөлмелі бес пәтер сыйлағаны биыл ақпанда белгілі болды.

Ал Ресей жағынан ондай талпыныс я қозғалыс байқалмады.

Сырттан тиген болуы ықтимал екендігіне айғақтар

Апаттан кейінгі алғашқы күндері ресми Мәскеу болған оқиға үшін жауапкершілікті мойынға алу мәселесінде үнсіз қалды.

Әуелгіде Ресейдің ресми дереккөздері ұшаққа әуеде құстар соғылған немесе тұман салдарынан жерге қонбақ болған кезде техникалық ақау пайда болған дегенді алға тартты. Алайда ұшақ сынықтарын алғашқы тексеру барысында ұшақтың артқы бөлігінде, кильде және басқару беттерінде көптеген зақым бары анықталды. Сарапшылар оны ұшақты зақымдаған оқ-дәрі жарықшақтарының ізі деп бағалады. Сырттай қарағанда көзге түскен айғақтар мен жерге құлар алдында ұшақ ішінде түсірілген бейнекадрлар да осы нұсқаны растады.

Апаттан тірі қалғандардың сөзінше, ұшақ Грозныйдың әуе кеңістігінде болған кезде қиындықтар басталған. Жолаушылардың әңгімесі мынадай жайттарға тоғысты: қатты тарсыл-гүрсіл естіліп, ұшақ қатты шайқалатап кеткен, ұшақтағы жолаушылар шошып, үрейлене бастаған.

– Маған бірдеңе жарылғандай көрінді. Бірден ұшақ ішіндегі сол жақ шетке қарадым, онда әлдене бүлінгені анық еді. Пластиктен тұратын беткі қабат ұшып кеткендей көрінді, төбеден түскен оттегі маскалары салбырап тұрды. Жолаушылардың кейбірі орнынан тұрып, ерсілі-қарсылы жүре бастады, жұрт абыржып, дүрбелең боп кетті. Бортсеріктер оларды сабырға шақыруға тырысты, – деп еске алған еді сол ұшақта болған үш қырғызстандықтың бірі Ринат Асанов.

Your browser doesn’t support HTML5

Ұшақ апаты. Куәгерлер мен ресми органдар не дейді? – AzatNEWS | 25.12.2024

Тірі қалған 29 адамның бірі, 71 жастағы Әзербайжан азаматы Нурулла Сираджов ұшақ құлар алдында не болғанын бүге-шүгесіне дейін айтып берген еді. Оның сөзінше, Бакуден ұшып шыққаннан кейін шамамен 40 минут өткенде қатты соққыны сезген: гүрс еткен дыбыс естіліп, ұшақ шайқалып кеткен. Шошып кеткен жолаушылар айғайлап, азан-қазан болған.

– Аяғым қатты ауырып кетті, құдды жараланып қалғандай сезіндім. Қолыммен ұстап көріп едім, ештеңе байқамадым. Жолаушылар орнынан тұрып, әйелдер жылай бастады. Стюардессалар: "Қорықпаңыздар, орындарыңызға отырыңыздар!" деп жұртты сабырға шақырды. Барлығы қайтадан орнына отырды, сол сәтте тағы бір соққы сезілді. Бұл жолы [біріншісінен де] қатты болды. Өзімнен бірнеше метр тұстан ұшақта тесік пайда болғанын көрдім, "қыр-қыр" етіп ауа кіріп жатқаны естілді. Ұшақ жіпке ілінген зат құсап, біресе жоғары көтеріліп, біресе төмен түсіп, оң мен солға теңселіп, шайқалып кетті. Адамдар айғай-шуға басты. Бір қыз: "Аяғым-ай, аяғым!" деп жылады. Бізбен бір ауылда тұратын тағы бір ер адам: "Бүйрегім!" деп айғайлады. Жарықшақ па, жоқ әлде басқа зат тиді ме, білмеймін. Мен ұшақтың құйрық жағында отырғам, оның айғайын естідім, бірақ өзін көрген жоқпын, – деген еді Азаттыққа Нурулла Сираджов.

Апаттан кейін үшінші күні, 28 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Илхам Әлиевке телефон шалып, Ресейдің әуе кеңістігінде болған "қайғылы оқиғаға байланысты" кешірім сұрап , қаза болғандардың отбасына көңіл айтқан. Azerbaijan Airlines ұшағы Грозный әуежайына қонбақшы болған сәтте Шешенстан астанасына "украиналық ұшқышсыз ұшатын аппараттар шабуыл жасап, ресейлік әуе шабуылынан қорғанатын құралдар оларға тойтарыс беріп жатқан еді" деген Путин. Бұған қоса ол түпкілікті қорытынды тексеру аяқталғаннан кейін ұсынылатын болады деп мәлімдеген.

Қазақстан аумағына құлаған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясы ұшағының экипаж мүшелерін жерлеуге жиналған жұрт. Баку, Әзербайжан, 29 желтоқсан, 2024 жыл.

Ұшақ апатын тексерумен мемлекетаралық арнаулы комиссия айналысты, оның құрамына авиация оқиғаларын тексеру бойынша сарапшылар, авиация билігі өкілдері мен техникалық мамандар енді. Ұшақ Қазақстан аумағына құлағандықтан комиссияға да сол ел жетекшілік жасайтын болды.

5 ақпанда Reuters агенттігі Azerbaijan Airlines ұшағына ресейлік "Панцирь-С" зымыраны тиген деп хабарлады . Содан бір күн бұрын Қазақстанның көлік министрлігі Ақтау маңына құлаған ұшақ апатын тексерудің алдын ала есебін ресми сайтында жариялады. Онда ұшақтағы арнаулы құрылғыларға жазылып қалған екі "қатты дыбыстан" кейін ұшақтың басқару жүйесі істен шығып, салонда саңылау пайда болған, "ұшақтағы әртүрлі пішіндегі көптеген шұрық-тесіктер сырттан бөгде заттар тигенін көрсетеді" деп жазылған. Тергеушілердің хабарлауынша, ұшақ корпусынан бөгде заттар көп алынған, бірақ олар қайдан пайда болғаны жөнінде құжатта ештеңе айтылмаған. Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, ұшақ апатының себебін тексеру жөніндегі комиссияның төрағасы Қанат Бозымбаев тамыз айында журналистерге: "Әзербайжан мен Ресей жағынан немесе ұшақ өндіруші Embraer тарапынан тексерудің ешқандай құпиясы жоқ" деп мәлімдеген,

"Оған зақым қалай келген – бізге бұл сұрақтарға жауапты құқық қорғау органдары тарапынан жүргізіліп жатқан жарылыс-техникалық сараптама қорытындысы беруге тиіс", – деген Бозымбаев.

Әзербайжан мен Мәскеудің қарым-қатынасы неге суыды?

Azerbaijan Airlines компаниясы ұшағының апатқа ұшырауы Әзербайжан мен Ресей қарым-қатынасына сызат түсірді.

Ресей президенті Владимир Путиннің Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауына байланысты кешірім сұрағанымен , жауапкершілікті мойнына алмауы Баку мен Мәскеудің қырын қабақ қатынасына негізгі себептердің бірі болды.

Қаңтардың басында Әзербайжан президенті Илхам Әлиев ұшақ апатына Ресей федерациясы жауапты деп мәлімдеді. Ол "ресейлік мемлекеттік органдардың оқиғаны жылы жауып қойғысы келетіні және түрлі қисынсыз уәж айтатыны таңғалдырып, қынжылтатынын және орынды наразылық" тудыратынын айтты.

Your browser doesn’t support HTML5

Әлиев Путиннен кешірім талап етті. Астана мұндай талап қоя ала ма?

"[Ақтаудағы ұшақ апатынан] қаза тапқан Әзербайжан азаматтарының [өлімі] Ресей өкілдерінің мойнында деп сеніммен айта аламын. Біз әділдік талап етеміз, кінәлілерді жазаға тартуды талап етеміз, ашықтық пен адамгершілік талап етеміз", – деді Әлиев.

2025 жылдың жазына қарай Ресейдегі әзербайжан диаспорасы өкілдеріне қатысты оқиғалар Баку мен Мәскеудің қарым-қатынасын одан сайын шиеленістіріп жіберді.

27 маусымда Екатеринбург қаласында күш құрылымдары ұлты әзербайжан 50-ден астам адам ұстаған кезде екі кісі көз жұмып, бірнешеуі зардап шекті. Баку адам қазасы мен жапа шеккендер туралы мәлімдеп, ресейлік күш құрылымдарының іс-әрекетін тексеруді және кінәлілерді жазалауды жария түрде талап етті. Ресей болса құқық қорғау органдары Әзербайжанда туып, Ресей азаматтығын алған күдіктілерге қарсы қозғалған қылмыстық іс аясында тергеу амалдарын жүргізгенін және заң аясында әрекет еткенін айтты.

Бұдан соң екі елдің қарым-қатынасы суып, бір-біріне қарымта шаралар қабылдады. Әзербайжанда бірнеше ресейлік ұсталды, ресейлік "Спутник" арнасының қызметкерлері қамауға алынды, ресейлік әртістер қатысатын концерттерді өткізуге Әзербайжан билігі тыйым салды. Ресей тарабы Әзербайжаннан ұсталған адамдарды босатуды талап етіп, Бакудің әрекетін екіжақты қарым-қатынасқа жасалған соққы деп бағалады. Халықаралық агенттіктер бұл оқиғалар Екатеринбургтегі әзербайжандарды ұстау операциясы мен Ақтау маңында болған ұшақ апатынан кейін екі елдің қарым-қатынасындағы шиеленісті көрсетті деп жазды.

Биыл қазанда Тәжікстан астанасында өткен ТМД саммитінде Әлиев пен Путиннің кездесуі екі тараптың қатынасында жылымық лебі сезілгендей болды. Екі президент оған дейін қыркүйекте Қытайда Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитінде де жүздескен, бірақ ол жолы сәлемдесумен шектелген еді.

Ал Душанбедегі кездесуде Путин әңгімені ұшақ апатынан бастап, бұған дейін Әлиев екеуі телефонмен сөйлескен кезде апат "Ресей аспанында болғаны" үшін кешірім сұрағанын еске салды. Ол қаза тапқандардың отбасына тағы да көңіл айтып, Ресей апаттың жай-жапсарын тексеруге "қолдан келер бар көмекті" көрсетіп жатқанын және тергеу "аяқталуға жақын" қалғанын айтты. Ол Ресей тарапы "мұндай қайғылы жағдайда берілуі тиіс" өтемақыны төлейді деп сендірді.

Илхам Әлиев (сол жақта) пен Владимир Путин. Душанбе, Тәжікстан, 9 қазан, 2025 жыл.

Associated Press агенттігінің жазуынша, Путин ұшақ апатын ресейлік әуе қорғанысы күштерінің украин дрондарына қарсы жұмысымен алғаш рет жария түрде байланыстыра сөйлеп, лауазым иелерінің құқықтық баға беруге және өтемақы төлеуге дайын екенін айтқан. Өз кезегінде Әлиев Путинге жағдайды "жеке бақылауымда ұстаймын" дегені үшін алғыс айтып, Әзербайжан бұл оқиға тексерілетініне ешқашан күмәнданған

Сарапшылардың көбі екі президенттің Душанбедегі кездесуін екі елдің қарым-қатынасын жылытуға бағытталған алғашқы қадам деп бағалаған, алайда Илхам Әлиев "жұмыс кестесінің тығыздығына" байланысты, 2025 жылғы желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД елдері басшылары саммитіне барған жоқ. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей Әлиевпен кездесуге дайындалғанын хабарлаған.

"Әзербайжан апатқа кінәлілер әлі күнге жазаланбағанына назалы". Сарапшы пікірі

Саяси қауіп-қатерді талдауға маманданған Nightingale Intelligence компаниясының зерттеу бөлімінің жетекшісі Елданиз Гусейнов қазанда Душанбеде болған кездесуге қарамастан, Әзербайжан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың қатты тоңы әлі жібіген жоқ, өйткені кінәлілерді жазалауды талап еткен Бакудің айтқанын Мәскеу орындамады дейді.

Ал Санкт-Петербургтегі ТМД басшылары саммитіне Илхам Әлиевтің бармай қалуы – бұл мәселе бойынша Әзербайжанның ұстанымы қандай екенін еске салу дейді сарапшы.

Елданиз Гусейнов

Елданиз Гусейнов: Бұл – ресми ұстаным. Біз ең алдымен тура бір жыл бұрын болған оқиғадан, яғни ұшақтың апатқа ұшырауынан бастап қарауымыз керек. Өздеріңіз білетіндей, дәл сол сәтте Әзербайжан президенті тура осы саммитке қатысуға Ресейге ұшып бара жатқан еді.

Сол кезде бәрімізге белгілі оқиға болды: Маңғыстау облысында ұшақ апатқа ұшырағаны туралы хабарды ести салысымен, Әлиев кері қайтты. Менің ойымша, мұнда үлкен символизм бар: сол қасіретті оқиғаны еске салу әрі сол кезде Әлиевтің бұл шараға келмей, ұшақты кері бұрып, Бакуге қайтып кеткенін көрсету.

Әзербайжанның басты негізгі наразылығы – болған оқиғаға кінәлілер, яғни ұшақ апатына жауапты адамдар әлі күнге жазаланбағаны. Кешірім сұрағанымен, кінәлілер жауапқа тартылған жоқ. Негізінен, Әзербайжандағы сарапшылар қазан айында Душанбеде болған оқиғаны осы мәселені реттеуге жасалған әлдебір талпыныс деп қабылдайды. Ал Әзербайжан президентінің жиынға қатыспауы – бұл мәселе бойынша Баку ұстанымын еске салатын белгі іспетті.

Азаттық: Қазан айында Душанбедегі саммитте Әлиевпен кездескенде Путин ұшақ апатына байланысты кешірім сұраған еді. Сарапшыларға екі елдің арасындағы даулы мәселелер шешілетіндей болып көрінген сол кезде. Бірақ Әлиевтің Санкт-Петербургке бармай қалуын сарапшылар түрліше бағалап жатыр. Бұл Бакудің Мәскеуден іргесін аулақ салғысы келгенін дипломатия тілімен ашық көрсетуі ме?

Елданиз Гусейнов: Қазір Әзербайжан сарапшылары арасында бұл жағдай дәл осылай, белгілі бір декуплинг, яғни Әзербайжан мен Ресейдің алшақтауы, бөлініс ретінде сипатталып жүр. Жалпы бұл жерде Қазақстанның жанама, бірақ өте ерекше рөлі бар. Қазақстан бір кездері өзін "орта держава" деп атаған, қазір де солай сипаттайды. Менің ойымша, бұл көп мемлекетті халықаралық қатынастардағы өз рөлі туралы ойлануға итермеледі.

Аумақ тұтастығын қалпына келтіріп, сыртқы саясатта белгілі бір табыстарға қол жеткізген соң Әзербайжан да өзін "орта держава" ретінде қабылдай бастады деген түсінік қалыптасты. Яғни Әзербайжанның халықаралық қатынастарда, соның ішінде Ресей, Иран, Еуропа одағы, АҚШ сияқты ірі ойыншылармен қарым-қатынаста өзіне тән дербес субъектілігі бар деген көзқарас күшейді.

Осы тұрғыдан алғанда, меніңше, Әзербайжан өзін сыртқы саяси мақсаттарына қол жеткізе алатын, халықаралық аренада өз ұстанымын нақты көрсете алатын мемлекет ретінде танытуға ұмтылып отыр.

Азаттық: Баку мен Мәскеу арасының суып кетуіне негізгі себеп Ақтау маңындағы ұшақ апаты ма, жоқ әлде оның тамыры тереңде жатыр ма?

Елданиз Гусейнов: Оның себебі әлдеқайда тереңде жатыр. Әзербайжан азаматтарымен сөйлессеңіз, мұны өзіңіз де байқайсыз. Ең алдымен, Әзербайжанның Қарабақ қақтығысындағы рөлі қалай қабылданғаны жөнінде қоғамдық түсінік бар. 44 күнге созылған екінші Қарабақ соғысы кезінде Ресей Федерациясының әрекеттері қалай қабылданды, ол да маңызды.

Бұдан бөлек, 2023 жылдың ортасына дейін Қарабақта болған Ресей Федерациясының бітімгер күштерінің іс-қимылына қатысты көзқарас та рөлін ойнады. Яғни осының барлығы белгілі бір деңгейде алғышарттар қалыптастырып, негіз қалады.

Әзербайжанда сарапшылар деңгейінде де Ресей Әзербайжанға "іні" деп қарайды деген пікір жиі айтылады. Менің ойымша, қазіргі болып жатқан жағдайлар ұшақтың апатқа ұшырауымен ғана шектелмейді, бұл одан әлдеқайда ауқымды мәселе. Жаңа айтқанымдай, бұл – Әзербайжанның әлемдік процестердегі өз рөлін қайта пайымдап, Еуразияның қалыптасып келе жатқан геосаяси кеңістігінде өзінің жаңа орнын табуға деген ұмтылысы.

Әрине, себептер ұшақ апатына дейін-ақ жиналып қалған. Арасында "Ресей Арменияға және оның Қарабақтағы әрекеттеріне қолдау көрсетті" деген айыптаулар да бар. Яғни, шын мәнінде, Ресей мен Әзербайжан арасындағы өзара наразылық пен түсінбеушілік өте көп.

Your browser doesn’t support HTML5

Ресей мен Әзербайжан арасы неге суып барады? Дау неден басталды?

Менің ойымша, Ресей-Әзербайжан қарым-қатынасы негізінен Әлиев пен Путин арасындағы тікелей диалогқа, олардың өзара байланыс орнату тәсіліне сүйеніп келді. Алайда дәл осы ұшақ апаты төңірегіндегі оқиға және одан кейінгі процестер, соның ішінде Ресейдегі әзербайжан диаспорасына қатысты жағдай, сондай-ақ Әзербайжан ішіндегі элиталық ахуал мен онда Ресейдің қандай рөл атқарғаны жөніндегі болжамдар – осының барлығы жиналып, бүгінгі жағдайға алып келді.

Қайталап айтсам, бұл - Ресей мен Әзербайжан арасының салқындауы. Бәлкім, алдағы кезеңде бұл қатынастар негізінен экономикалық және көлік жобаларымен толыға түсуі мүмкін. Сонымен қатар, келесі жылы бұл қарым-қатынаста дағдарыстар қайталануы да ықтимал.

Азаттық: Путин мен Әлиев арасындағы осындай жасырын "есеп айырысулар" Орталық Азия елдерінің Мәскеумен және Бакумен қарым-қатынасына қалай әсер етеді?

Елданиз Гусейнов: Олар қазірдің өзінде әсер етіп жатыр. Менің ойымша, ұшақ апаты Қазақстан халқының сана-сезіміне қатты әсер етті. Сіз де байқайтын шығарсыз, бұл оқиға ең алдымен Украинадағы қақтығысқа байланысты қалыптасқан белгілі бір параллель тұжырымдарды өршіте түсті.

Яғни халықтың белгілі бір бөлігі бұл оқиғаларды әркелкі түсіндіреді: біреулер кінәні Украинадан көрсе, енді біреулер Ресей Федерациясын айыптады. Мен мұны тіпті отбасылардың өз ішінде де байқадым: мысалы, бір отбасының бір мүшесі бұл оқиғаға Украина кінәлі десе, екінші мүшесі Ресей тікелей жауапты деп есептейді.

Ресей мен Әзербайжан арасындағы белгілі бір деңгейдегі алшақтау Қазақстанға да әсер етті, себебі ұшақ апаты Маңғыстау облысында болды. Кейінгі кезде бұл жағдай Әзербайжан мен Орталық Азияның жақындасуы тұрғысынан да қарастырылып отыр, бұл Әзербайжанның сыртқы саясаттағы рөлін қайта пайымдау талпынысымен байланысты.

Кеңірек ауқымда қарасақ, мұнда Ресей тек Әзербайжан аумағы арқылы өтетін көлік бағыттарын дамытуға ғана сүйеніп қалмас деген болжам бар. Өздеріңіз білетіндей, "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізінің бірнеше тармағы бар. Шын мәнінде, Әзербайжан арқылы өтетін көлік жолымен қатар, Ресей Орталық Азия арқылы Иранға, Ауғанстанға, Пәкістанға және Үндістанға шығатын халықаралық көлік дәліздерін дамытуды да көздеуі мүмкін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Зангезур дәлізі Орталық Азияға не береді?

Бұл процестерді мемлекетаралық қатынастар контексінде қарастырсақ, бір жағынан Әзербайжан Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасын одан әрі дамытып, тереңдетуге ұмтылып отыр. Ал екінші жағынан, Ресей көлік дәліздерін әртараптандыруға, бір ғана бағытқа тәуелді болмауға тырысып жатқанын көріп отырмыз. Яғни Мәскеу Орталық Азия елдерімен халықаралық көлік дәліздерін дамытып, жаңа нарықтарға шығуға мүдделі.

Ал жалпы мемлекетаралық деңгейде алсақ, бұл процестерді Орталық Азия елдерінің барлық көшбасшылары мұқият бақылап отыр деп ойлаймын. Сондай-ақ бұл жағдай постсоветтік мемлекеттер басшылары мен Путиннің қарым-қатынасын қайта ой елегінен өткізу тұрғысынан да оларға әсер етпей қоймайды.

Өзіңіз білесіз, қазір Ресейдің өте жақын одақтасы саналатын Тәжікстанмен де қарым-қатынасында дағдарыс болып жатыр. Білуімше, күні кеше Ресей Федерациясы Мәскеу түбіндегі тәжік оқушының өлімі үшін Тәжікстан президентінен кешірім де сұрады.

Жалпы Украинада болып жатқан оқиғалар аясында Ресейге постсоветтік кеңістікте өте маңызды сынақ кезеңі туып отыр. Қазір Әзербайжанмен қарым-қатынаста дағдарыс бар, сондай-ақ Орталық Азияның басқа елдерімен де байланысты қайта түзеу қажеттігі туындап тұр.

Менің ойымша, осының бәрі Мәскеудің Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдағы кішігірім серіктестерімен қарым-қатынасын қайта қарауына алып келеді. Ресей бұл мемлекеттерге қатысты өз ұстанымын, мінез-құлқын белгілі бір деңгейде түзетуге, өзара қатынастарды жаңаша форматта құруға ұмтылуы мүмкін.