Армения президенті Ваагн Хачатурян "Азаматтық келісім" партиясының жетекшісі Никол Пашинянды премьер-министр лауазымына қайта тағайындады.
Пашинян басқарып келген үкімет ел парламенті – Ұлттық жиналыстың жаңа құрамы ресми түрде жұмысқа кіріскен бірінші күні, 2 тамызда отставкаға кеткен.
Армения Конституциясына сәйкес, жаңадан сайланған парламенттің бірінші сессиясы жұмысын бастаған соң министрлер кабинеті отставкаға кетіп, содан кейін президент жаңа үкіметті жасақтайтын премьер-министрді тағайындайды.
Жаңа үкімет құрамы бекітілгенге дейін бұрынғы министрлер өздері істеп келген қызметін атқара береді.
Арменияның жаңадан сайланған парламентінің алғашқы отырысы. Ереван, 2 тамыз, 2026 жыл.
Арменияда биыл маусым айында өткен парламент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, парламенттегі 105 орынның 64-ін Пашинянның "Азаматтық келісім" партиясы алған, яғни үкіметті өз бетінше құра алатын басымдыққа ие.
Ал оппозициялық партиялар (арасында "Күшті Армения" блогы мен "Армения" блогы да бар) сайлау науқаны барысында заң бұзу, әкімшілік ресурстарды пайдалану және кандидаттарға қысым жасау оқиғалары көп болғанын мәлімдеп және бұған Пашинян басқаратын үкіметті айыптаған Сайлаудың ресми қорытындысы мойындаудан бас тартқан олар оны жоюды талап етіп, Конституциялық сотқа жүгінген.
ЕҚЫҰ-ның сайлауды бақылау миссиясының алдын ала есебінде Армениядағы парламент сайлау науқаны кезінде оппозициялық партияларға қысым жасалғаны айтылған.