Қазақстандық ақын әрі диссидент, марқұм Арон Атабектің (Нұтышев) қоғамдық-саяси қызметке совет кезінен ар) үлкен қызы Алма Нұтышева ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, әкесін ақтауды және ел алдындағы еңбегін мойындауды сұрады. Арон Атабектің қайтыс болғанына биыл қарашада бес жыл толды.
Алма Нұтышеваның Facebook-парақшасында жарияланған видеода Арон Атабектің халқына жасаған қызметі туралы қысқаша баяндалып, президентке үндеу айтылған.
"Менің әкем – Арон Атабек, жазықсыз сотталған саяси тұтқын, танымал ақын-диссидент, түрколог. Ол – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құқықтық мәртебе алуына септігі тиген адам. Қазақстан тарихының барысын түбегейлі өзгерткен Кремльге жазылған хаттың авторы. Оның арқасында халықтың ең әлсіз топтары баспаналы болып, үйлерін заңдастырды, Алматының Алатау ауданы құрылып, өркендеп отыр. Ол осы жолда өмірін қиды. Ал сонысы үшін не алды? 16 жыл жалғыз кісілік камерада отырды, аштықтан, суықтан, қорлық пен үздіксіз соққыдан азап шекті. Ол өмірден өтті, бірақ халық жадынан өшпейді. Заңсыз сотталып, баяу әрі қатыгездікпен өлтірілген әкемнің соңғы аманаты орындалады деп сенемін және соны күтемін. Алдыңғы биліктің қателігін мойындаңыздар. Халқы үшін азап шеккен батырының аруағына тыныштық беріңіздер. Әкемді тым құрығанда қайтыс болғаннан кейін ақтаңыздар", – дейді видео сыртында сөйлеген адам.
Алма Нұтышеваның үндеуіне билік қандай жауап бергені әзірге белгісіз.
Арон Атабек 2006 жылы Алматыда болған "Шаңырақ ісі" бойынша сотталып, 18 жылға түрмеге қамалған. Ол кезде Алматы билігі қала маңындағы Шаңырақ ықшамауданы тұрғындарының үйлерін заңсыз деп танып, оларды сүру туралы шешім қабылдаған еді. 2006 жылғы 14 шілдеде Шаңырақта тұрғындар мен күш құрылымдары арасында қақтығыс болып, салдарынан бір полиция қызметкері қаза тапты. Арон Атабек өзіне тағылған "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыпты мойындамай, оқиғаны билік ұйымдастырған "арандатушылықтың" салдары деп атады.
Шаңырақтағы үйлерді сүріп тастау әрекеті сәтсіз аяқталғаннан кейін әкімдік ондағы баспаналарды заңдастырып, инфрақұрылым тартты және елді мекенді жаңадан құрылған Алатау ауданының құрамына қосты.
Арон Атабек түрмеде 15 жыл отырды. Оның жақтастары ақын билікті өткір сынағаны және қоғамдық белсенділігі үшін түрмеге жабылған деп бірнеше рет мәлімдеген. Билік Атабекті саяси қудалау болғанын жоққа шығарды.
2021 жылдың күзінде Атабек ауыр дертіне байланысты түрмеден босатылды – жазасының өтелмеген бөлігі бір жыл мерзімге пробациялық бақылаумен бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды. Атабек тағылған айыпты мойындамағандықтан, биліктен өзін мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығаруды я жазасын жеңілдетуді сұраудан бас тартқан.
Көп жыл түрмеде қатал жағдайда қамауда ұсталып, құр сүлдері шыққан ақын-диссидент екі айға жетпей, бірнеше апта комада жатып, 2021 жылғы 24 қарашада 68 жасында қайтыс болды. Марқұмды Алматыда жерледі. Ресми деректе оның ажалына коронавирус инфекциясы себеп болды деп көрсетілген.
Атабек қайтыс болғаннан кейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен жергілікті белсенділер биліктен түсініктеме беруді талап етті. Бұған қоса олар диссидент ақынның өліміне қатысты халықаралық тергеу жүргізу қажеттігін мәлімдеді.
Алма Нұтышева 2022 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан Шаңырақ оқиғасы жөніндегі істі қайта қарауға жіберуді, Арон Атабекті саяси қуғын-сүргін құрбаны деп тануды және оны ақтауды сұрап петиция жариялаған еді. Ол кезде билік тарапынан ешқандай жауап болған жоқ.