"Әскердегі әлімжеттік ісін сотқа жеткізу өте қиын". Инга Иманбаймен сұхбат

Қазақстан армиясында реформау жүргізуді талап етіп, үкімет үйінің алдына келіп тұрған адамдардың бірі сырт киіміне тағып алған жазу. Астана, 10 қараша, 2025 жыл.

Қазақстанда сарбаздардың жұмбақ жағдайда қаза табуы я мертігуі жұрт жиі талқылайтын тақырыптың бірі. Әскери басшылық көбіне сарбаз суицид жасады я оқыс оқиғаға ұшырады десе, қоғамда бұл әскердегі әлімжеттіктің салдары деп санайтындар көп. Заңгер Инга Иманбай ондай істің сотқа жетуі өте қиын дейді.

17 ақпан күні Қазақстан қарулы күштерінің "Батыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген жас сарбаз қаза тапты. Әскери басшылық жауынгер полигондағы жоспарлы жаттығу кезінде оқ тиіп көз жұмған деп хабарлады. Бас прокуратура сарбаз өліміне байланысты сотқа дейінгі тергеу амалы басталғанын айтты.

Осының алдында Жамбыл облысында әскерде әлімжеттік көрген жас сарбаз ауыр жараланып, ауруханаға түскені жайлы ақпарат тараған еді. Міндетті әскери борышын өтеп жүргенде ауыр жарақат алған Есбол Қапар туыстарына өзін сержанттар темір затпен ұрғанын айтқан.

Жағы мен мұрны сынған сарбазға екі рет ота жасалған. Алайда әскери бөлімше бұл жайтты Қапардың туыстарынан жасырып, ота жасалғаннан кейін сарбазды белгісіз жерде ұстаған. Әскери полиция осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғап, әскери бөлімнің бірнеше лауазымды қызметкерін тергеу уақытында жұмыстан шеттеткен.

Кейінгі кезде Қазақстанда қатардағы жауынгерлер мен курсанттар арасында өлім-жітім жиіледі. Өткен айда Қазақстанның түрлі өңірінде бірнеше сарбаз қаза болды. Әскердегі әлімжеттік, міндетті әскери қызметке алынған жас азаматтардың қауіпсіздігі – қоғамда жиі талқыланатын тақырыптардың бірі.

Әскери бөлімше басшылығы сарбаз өлімін көбіне суицидпен, оның денсаулық жағдайымен я отбасындағы әлдебір жайтпен байланыстырады. Бірақ марқұм болған и мертіккен сарбаздардың туыстары оған келіспей, әділ тергеу жүргізуді, оқиғаның шынайы себебін анықтауды және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеді.

Қаңтардың аяғында Қазақстанның қорғаныс министрлігі "әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапкершіліктің толық көлемін терең түсінетінін" айтып, министр Дәурен Қосановтың тапсырмасы бойынша, әскердегі қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған шұғыл шаралар кешені қабылданды деп хабарлаған еді.

Қоғамда резонанс тудырған бірнеше оқиғаны зерделеп, жабылып қалған қылмыстық істерді қайта тергеуге қол жеткізген заңгер, адвокат Инга Иманбай Қазақстан әскеріндегі әлімжеттік оқиғасын сотта дәлелдеу өте қиын екенін айтады. Көпшіліктің назарына ілініп, әлеуметтік желіде қызу талқыланғандары болмаса, елеусіз қалған оқиға аз емес дейді ол.

Заңгер Инга Иманбай

Инга Иманбай: Қазақстанның армиясына қатысты мәселе ушығып тұрғаны соншалық, кейінгі кездері президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, бұған назар аударып, пікір білдіріп және әлдебір тапсырмалар бере бастаған. БАҚ хабарларына мониторинг жасасаңыз, әскердегі оқиғасыз өтетін апта, ай кемде кем. Бірақ өкінішке қарай, болған оқиға жайлы ақпарат тарағанымен ол немен аяқталғанын, кім жауапқа тартылғанын таппайсыз, себебі әскерде болған оқиғалар – көбін қылмыс деп бағалауға болады – аяқсыз қалып қояды.

Азаттық: Қазақстанда әскердегі әлімжеттікті және сарбаз сондай жағдайда қаза тапқанын, жараланғанын сотта дәлелдеп шығудың қандай қиындық-машақаты бар? Не кедергі болады?

Инга Иманбай: Заңгер ретінде өзім айналысқан істерден мысал келтірейін. Ербаян Мұхтардың ісін сотқа дейін жеткізе алмай отырғанымызға екі жыл болды. Оның жағдайына бүкіл қоғам көз жеткізді деуге болады. Бірақ тергеу органдары әлі толымды зерттемей, істі сотқа жеткізбей отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әскерде қатты жараланған Ербаян Мұхтар Түркияда кезекті рет ем алып, елге оралды

Немесе Қайсар Сұлтановтың ісін алайық. Сұлтановтың ісін «өзіне-өзі қол салды» деп бірнеше рет жауап тастаған. Сарбаз басына екі оқ тиіп қаза болған. Екі оқ атылған уақыт аралығы – 6 минут. Қайсар бірінші оқтан кейін-ақ көз жұмған, яғни өзіне оқ атуға мүмкіндігі болмаған деген сарапшының қорытындысы бар. Бірақ алты минуттен кейін тағы бір оқ атылған.

Қазір істі қайта ашқыздық. Бірақ тергеу әлі де 105-бап (суицид) бойынша жалғасып жатыр. Істі 99-бапқа (адам өлтіру) ауыстыруға барлық негіз бар деп бірнеше айдан бері талап етіп келеміз, өкінішке қарай, әзірге қол жеткізе алмай отырмыз.

Армиядағы әлімжеттік туралы осы Қайсардің ісі сияқты бұлтартпас айғақ-дәлелі, барлық сараптамасы бола тұра әділдікке қол жеткізе алмай жүрген істер бар, армиядағы істердің сотқа жетуі, өкінішке қарай, өте қиын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әскерде қаза тапқан я мертіккен сарбаздардың туыстары биліктен армияны реформалауды талап етті

Азаттық: Әскердегі өлім-жітімнің көбін қорғаныс министрлігі, әскери прокуратура әскери қызметпен байланыстырмайды. Көбіне әскери қызметші жеке басының дағдарысына я отбасындағы әлде бір қиындығына бола өзіне-өзі қол жұмсады дегенді алға тартады. Шынымен солай ма?

Инга Иманбай: Өзім көз жеткізген, өзім айналысқан іс материалдарына сүйеніп айтар болсам, әскерге қатысты қылмыс екенін дәлелі бар істердің өзі әділеттікке жете алмайтыны аз емес. Сондықтан бәрі бірдей адамның жеке басынан немесе жәбірленушінің өзінен көру – жауапсыздық деп ойлаймын.

Азаттық: Әйткенмен ортасында оқыс оқиғалар, құзырлы органдар айтып отырғандай өзіне-өзі қол салу оқиғалар да барын жоққа шығаруға болмайды ғой?

Инга Иманбай: Жалпы, суицид оқиғалар әскери емес, кәдімгі азаматтар арасында да өте жоғары екенін білесіз, бірақ әскери қызметке алынғандар медициналық комиссиядан өтеді және әскердің ішінде де, ол жабық мекеме ғой, психологиялық тұрғыдан басқа да жұмыс жүргізілуі керек деп ойлаймын. Сондықтан бірен-саран өзіне-өзі қол жұмсаған адамдар бар шығар, десек те, анық қылмыс екеніне дәлелдері бар істердің өзі сол суицид деген желеумен жабылып қалған жағдайларды көргеннен кейін ондай есептерге құлай сене алмаймыз деп ойлаймын.

Әскерде қаза тапқан я мүгедек болып қалған сарбаздардың туыстары биліктен армияны реформалауды талап етіп, үкімет үйіне келіп тұр. Астана, 10 қараша, 2025 жыл.

Азаттық: Былтыр 11 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокурор Берік Асыловқа әскерде қаза тапқан сарбаздардың ата-анасынан түскен арыз-шағымдарды 12 күн ішінде қарап, істі тергеу барысында заң талабы сақталуына баға беруді тапсырған. Өйткені содан бір күн бұрын ғана бір топ ата-ана Астанада наразылық білдірген. Сол тапсырманың аяғы не болды?

Инга Иманбай: Өкінішке қарай, мен білетін істер бойынша ешқандай да жауап берілген жоқ. Иә, бас прокурор сол аралықта президент тапсырмасынан кейін сарбаз туыстарымен, қорғаушылармен (ішінде өзім айналысқан бірнеше іс те бар) сөйлесіп, мән-жайды білді. Бірақ ары қарай тапсырма орындалды, іс әділетті шешім тапты деп айта алмаймыз. Ол істер президент тапсырмасына дейін қай деңгейде болса, әлі сол қалпы тұр.

Азаттық: Президент Тоқаев әсіресе әскери органдардың, құрылымдардың басшыларымен кездескенде әскердегі өлім-жітім, тәрбие мәселесін үнемі айтып, жиі тапсырма береді. Сол тапсырмалар әскери қызметшілер ахуалына әсер етіп жатқаны байқала ма?

Инга Иманбай: Кейінгі кездері ақпарат құралдарында бұл тақырып жиі қозғалатын болғандықтан, осы салада жүргендерден әсіресе соңғы бір-екі жылда елеулі өзгерістер бар дегенді оқтын-оқтын естіп қаламын. Десек те, бұл бір жүйелі жұмыс болуы керек деп есептеймін. Әлі күнге дейін әскердегі ең резонансты істер, мысалы, Ербаянның ісі аяғына дейін жетпей, әділеттікке қол жеткен жоқ. Немесе тағы сол Қайсар Сұлтановтың ісі. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихында өзім білетін, адам өзін-өзі екі рет атып қаза болды деген екінші іс. Біріншісі – өзін үш рет атып мерт болған деген Заманбек Нұрқаділов. Логикаға да, заңға да, адамгершілікке де жатпайтын дүние деп ойлаймын. Дәл осындай істерге әділетті, объективті, адал тергеу болмай, қандай да бір өзгеріс болады деп сену қиын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Өзін атты дегенге сенбеймін". Әскери оқуда жүріп ауыр жараланған Ұлан Мұсаевтың тағдыры