"Үйімді сағындым". Әскери бөлім іздеу салған сарбаз Өскемен маңынан табылған

Шығыс Қазақстан облысы орталығындағы әскери бөлімде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген Айқын Мархан. Әскери полиция 2026 жылғы 29 шілдеде жариялаған сурет.

Шығыс Қазақстан облысы орталығындағы №27943 әскери бөлімде мерзімді әскери қызмет атқарып жүріп хабар-ошарсыз кеткен 22 жастағы Айқын Мархан бірнеше күннен кейін Өскеменнен 20 шақырымдай жерден табылған. Мұны 29 шілде күні әскери полиция хабарлады.

"Алдын ала мәлімет бойынша, сарбаз үйін сағынып, қызмет орнын өз бетінше тастап кеткен. Тексеру барысында әскери қызметші командирлер және бірге қызмет атқаратын әскери қызметшілер тарапынан жарғыға қарсы келетін қарым-қатынас пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактілері болмағанын мәлімдеді" делінген әскери полиция instagram-парағында жариялаған ақпаратта. Онда сондай-ақ Марханның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоғы да айтылған.

Ресми дерек бойынша, 23 шілде күні №27943 әскери бөлімнің зымыран-артиллериялық қару-жарақ және оқ-дәрі сақталатын қоймасын күзетуге кезекке шыққан Айқын Мархан таңертеңгі сағат 6:30 шамасында ізім-қайым жоғалып кеткен.

Әскери бөлім басшылығы сарбаз қызмет орнын тастап, өз бетімен кетіп қалған, қолында қару болмаған деп хабарлап, оған іздеу жариялаған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Өскемендегі әскери бөлім хабарсыз кеткен сарбазға іздеу жариялады