"Әлем Барысы - 2017"

Қазақ күресінен "Әлем Барысы-2017" жарысы қыркүйектің 8-і күні таңертең басталды. Сол күні кешке жарыс жеңімпазы анықтылды. Биылғы әлем чемпионатына 38 елдің өкілдері қатысты. Қазақстаннан алты балуан сайысқа түсті.

Жарыстың ашылу рәсімінде, сондай-ақ белдесулер арасындағы үзілістерде өнерпаздар ән шырқап, би биледі.

Қазақ күресінде бәсекелестің белбеуінен және денесінің белінен жоғары тұсынан ғана ұстауға рұқсат етіледі. Ресейлік Рүстем Арсланов (көк жолақты киімде) Ливаннан келген Обейд Уассимамен күресіп, жеңіске жетті.

Австралиялық Найт Митчел Джон мен ганалық Доду Езекйель Дарко (қызыл жолақты киімде) жекпе-жек алдында төс қағыстырып тұр.

Бәсекелесіне күрделі әдіс қолданбақшы болған австралиялық балуанның жауырыны жерге тиді.

Қазақ күресінен әлемдік жарыста төреші латвиялық Васковикус Мартинастан күш асырған армениялық Хакоб Аракелянның қолын көтеріп тұр.

Чемпионат өткен Астанадағы "Барыс-Арена" залында бос тұрған көрермен орындары.

Қазақ күресінен өткен жарысты тамашалауға жиналғандар арасында шетелдіктер аз болды, сондықтан мұндағы жанкүйерлер негізінен қазақстандық балуандарға қолдау танытты.

Қазақ күресінен "Әлем Барысы-2017" чемпионатын тамашалап отырған қазақстандық жанкүйерлер.

Жарыс ережесі бойынша, "Әлем Барысы-2017" чемпионатының жеңімпазына 15 миллион теңге, екінші орын алған балуанға – бес миллион, үшінші орынға – үш миллион теңге ақшалай сыйлық беріледі.

Жарыс аяқталғаннан кейін ұйымдастырушылар көрермендер арасында лотерея өткізді. Жүлдеге автокөлік тігілді. Бұл туралы хабарландырудан соң әнұран ойналып, жарысқа қатысушылар мен көрермендер көтерілген Қазақстан туына қарап тұрды.

Астанада қазақ күресінен "Әлем Барысы - 2017" әлемдік абсолюттік чемпионат өтті. Белдесулер қорытындысында қазақстандық Айбек Нұғыманов бірінші орынды, грузиялық Гурам Тушишвили –екінші, тағы бір қазақстандық Ержан Шынкеев - үшінші орынды иеленді.