Конституция жөніндегі комиссияның кезекті отырысында митинг өткізуді шектеу ауқымын кеңейту сөз болды

Қазақстандықтар кезектен тыс президент сайлауға дауыс берген күні наразылық білдіріп шықққан адамды күштеп әкетіп бара жатыр. Алматы, 20 қараша, 2022 жыл.

26 қаңтар күні Астанада Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті. Онда бейбіт жиналыстар өткізу тәртібі, неке институты, адам құқықтарын қорғау, саяси партиялар мен кәсіподақтар қызметі, сондай-ақ президент өкілеттіктеріне қатысты бірқатар ұсыныс қаралды деп жазды Vlast басылымы.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, Конституцияның 32-бабындағы азаматтардың бейбіт митинг өткізуіне шектеу қою ауқымын кеңейту туралы ұсыныс айтылған. Жиын өткізуге қойылатын бұрыннан бар шектеулерге қосымша себептер ретінде конституциялық құрылымның негіздерін қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарын сақтау секілді жаңа негіздер қосылады.

Депутаттың сөзінше, "бұл өзгеріс жиналу еркіндігі мен мемлекет пен қоғам мүдделері арасындағы тепе-теңдікті нақтылауға бағытталған".

Қолданыстағы Конституцияның 32-бабында азаматтар бейбіт, қарусыз түрде жиналып, митингілер, демонстрациялар, шерулер мен пикеттер өткізуге құқылы деп көрсетілген. Бейбіт жиын өткізуге мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулықты сақтау және өзге адамдардың құқықтарын қорғау мақсатында ғана шектеу қойылуы мүмкін екені жазылған.

Комиссия отырысында некені ер мен әйелдің ерікті әрі теңқұқылы одағы ретінде Конституцияда бекіту ұсынысы айтылған. Өткен аптада Ұлттық құрылтайда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заңға неке жайлы өзгеріс енгізіп, бекіту қажет деп мәлімдеген еді. Әйткенмен мемлекеттің ресми ұстанымына сәйкес келмейтін көзқарастағы адамдарды қылмыстық жолмен қудалауға, моральдық тұрғыдан кемсітуіне болмайды деген президент.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Құрылтай" атты парламент және вице-президент. Тоқаев Қазақстан Конституциясын қалай өзгертпек?

Комиссия мүшелері өмір сүру құқығын әр адамның абсолютті әрі ажырамас, туа біткен құқығы екенін Конституцияда нақты жазуды, сонымен бірге адамды заңсыз ұстаудан, зорлық-зомбылықтан, тінтуден және мәжбүрлеуден қорғау тетіктерін кеңейтуді ұсынған деп жазады Vlast.

Адамды 48 сағаттан артық ұстау болмайтыны, тек ерекше жағдайларда 72 сағат ұсталатынын Конституцияда атап жазу керек, бұған қоса адам ұсталған сәтте оған құқықтары мен ұстау себептері міндетті түрде түсіндірілуі керек деген ұғымды да негізгі заңға енгізу қажет деген ұсыныс айтылған. Депутаттар бұл өзгеріс мемлекет адам өмірін басты назарға алатынын көрсетеді дейді.

Бұдан бөлек, Конституцияға адамның қадір-қасиетімен қатар оның абыройы, игі аты мен қоғамдық беделін қорғау, жеке өмірге қол сұқпаушылық құқығын кеңейтіп, дербес деректерді заңсыз жинау, сақтау және пайдаланудан, соның ішінде цифрлық технологиялар арқылы қорғау нормаларын енгізу ұсынылып отыр.

Сөз еркіндігі өзге адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, қоғамдық тәртіпке және қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарына нұқсан келтірмеуі тиіс деген талапты негізгі заңда бекітіп, зорлық-зомбылыққа, соғысқа және алауыздыққа үндеуге тыйым салуды күшейту керек деген пікір айтылған.

Құқық қорғаушылар Қазақстанда сөз еркіндігіне қысым мен журналистердің кәсіби міндетін атқаруға кедергі жиі жасалатынын, ол жөніндегі шағымдары көп жағдайда тексерілмей қалады дейді. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елде сөз еркіндігіне қатысты ешқандай проблема жоқ деп бұрыннан айтып жүр. Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымы әзірлейтін баспасөз индексі рейтингінде Қазақстан былтыр 180 елдің ішінде 142-орында тұрған. Ал Freedom House ұйымының "Интернет еркіндігі" есебінде "еркін емес" елдер қатарында аталды.

Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы. Астана, 24 қаңтар, 2026 жыл.

Астанада өткен комиссия отырысында саяси партиялар мен кәсіподақтарды қаржыландыруға тыйым салынған көздер тізбесін кеңейту туралы да сөз болған. Мәселен, шетелдік мемлекеттермен қатар, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдік қатысушысы бар заңды тұлғалардан қаржы алуға да шектеу қою керек деген ұсыныс айтылған. "Бұл сыртқы ықпалдың алдын алуға бағытталған" деп түсіндірген комиссия мүшелері.

Қазақстанда үкіметке оппозиция болуды мақсат тұтқан саяси партияны тіркете алмай жүрген бірнеше бастамашыл топ бар. Кейбірі тіпті Әділет министрлігіне 20-дан аса өтініш түсіргенмен, рұқсат ала алмаған. Билік көбіне олардың құжаттарын "талапқа сай емес" деп кері қайтарған.

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың сөзінше, Конституцияға Қазақстан президенті депутаттардың келісімі бойынша вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық соттың 10 судьясын, Орталық сайлау комиссиясының алты мүшесін және Жоғары аудиторлық палатаның сегіз мүшесін тағайындай алады деп жазу ұсынылып отыр. Егер президент ұсынған кандидатуралар екі рет қабылданбаса, президент парламентті тарата алады деген түзету енгізу көзделген.

Бұған дейін, 24 қаңтарда өткен комиссияның алғашқы отырысында Қазақстан президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ерлан Жиенбаев президент отставкаға кеткен жағдайда оның өкілетін вице-президентке жүктеу ұсынылып отырғанын айтқан.

"Президенттің өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілетін вице-президентке жүктеу ұсынылып отыр. Вице-президент өкілетті ала алмаған жағдайда, ол құрылтай төрағасына беріледі. Құрылтай төрағасы оны атқара алмаса, премьер-министрге жүктеледі" деген Жиенбаев.

Оның сөзінше, вице-президент халықаралық қатынаста және құрылтай, үкімет және өзге де мемлекеттік органдармен қарым-қатынаста президент атынан сөйлемек. Вице-президент қандай да бір саяси партияға мүше болмауы керек, кәсіпкерлікпен шұғылданбауға тиіс.

Өткен аптада Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Тоқаев президент отставкаға кеткен жағдайда екі ай ішінде сайлау өткізуді Конституцияда нақты көрсетіп жазу қажет деп мәлімдеген.

Бұдан бөлек, комиссияның екінші отырысында Қазақстан президенті ұлттық қауіпсіздікке, қаржы тұрақтылығына және құқық үстемдігіне жауапты бірқатар мемлекеттік органдар басшыларын жеке өзі тағайындайды деген өзгерту енгізу туралы ұсыныс айтылған.

Ұсынылып отырған өзгертулер Конституцияны қазіргі заман талаптарына бейімдеуді, адам құқықтарын қорғауды күшейтуді және мемлекеттік басқару жүйесінің айқындығын арттыруды көздейді деп түсіндіреді комиссия мүшелері.

20 қаңтарда Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында президент Тоқаев елде жаңадан құрылатын бір палаталы парламент партия тізімі бойынша жасақталатынын және онда 145 депутат, 8 комитет болатынын айтқан. Ал Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы ассамблеясы тарап, оның орнына 126 адамнан тұратын Халық кеңесі деген жаңа орган құрылмақ. Кей сарапшылар Халық кеңесі саяси күшке ие болатын органға айналады десе, енді біреулері "саяси жүйеде үлкен өзгеріс болмайды" деп есептейді. Сарапшылар құрылтайдағы ұсыныстар реформадан гөрі ребрендингке ұқсайды деген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Түбегейлі саяси реформа жүргізу мақсаты қойылған жоқ". Евгений Жовтиспен сұхбат