Жеті қазынаның бірі. Қазақстанда итке қамқорлық жасайтын да, қатыгездік танытатын да бар

Кинолог Наталья Александрова өзінің Яна атты қара терьерімен бірге. Алматы, 12 шілде 2022 жыл.

Пандемия кезінде Қазақстанда ит асырайтын адам көбейген. Біреулер мәжбүрлі оқшаулану кезінде жалғыз қалмау үшін итін ермек қылса, кей адамдар күнде итін серуенге шығарып, өзі де сергіп қайтуды әдетке айналдырған. Бірақ ит те бала сияқты – қамқорлық пен тәрбиеге мұқтаж. Өкінішке қарай, ит иелерінің бәрі бірдей өзіне жүктелген міндетті дұрыс атқара бермейді. Әртүрлі дерек бойынша, ит асыраған адамдардың 10-20 пайызы қамқорлығындағы жануардан бас тартқан. Қазір ит асыраушылар жаңа қиындыққа тап болып отыр: Украинадағы соғыс пен қымбатшылық жануарлардың тағдырына да әсер еткен. Қазақстанның ең ірі қаласы – Алматыдағы иттердің жағдайы туралы баяндаймыз.

ИТКЕ АРНАЛҒАН СПА-САЛОН МЕН ГИДРОМАССАЖ ВАННАCЫ

– Ойпырмай, бізге кім келіп қалған?! Зефирка! – груминг-салон қожайыны Мария Власова қолына мопс ұстаған сұңғақ бойлы қызды қуана қарсы қалды.

Зефир атты мопс – Марияның тұрақты клиенті. Ит иесі грумерге "экспресс-линька" деп аталатын жедел қызмет түріне тапсырыс беріп, баратын жеріне асығып тұрғанын ескертті. Сондықтан Зефирге қос шебер бір уақытта қатар қызмет көрсететін болды.

"Экспресс-линька" – итке арналған спа-бағдарламасы. Бұл бағдарламаға лапакюр (итке жасалатын педикюр), құлақ пен езуді тазалау, теріге арналған маска, гидромассаж ваннасы, қажет болса, жүнін қырқу және тарау сияқты қызмет түрлері кіреді. Спадан кейін үй жиһаздарына иттің қылшығы түспейді.

Итке арналған салон қызметкері Мария (оң жақта) грумер Катяның тізесінде жатқан Зефир атты мопстың тырнағын өңдеп отыр. Алматы, 14 шілде 2022 жыл.

Мариямен бірге грумер бөлмесіне кіріп, әңгімемізді жалғастырдық. Зефир Катяның аяғына жайғасты. Мария арнайы аппаратпен "лапакюр" процедурасын жасауға кірісті.

Ит арналған груминг-салон иесі Мария Власова. Алматы, 14 шілде 2022 жыл.

– Зефир – отбасындағы сүйікті жануар. Ит қартайыңқырап қалған, жүрегі ауырады, бірақ иесі бар жағдайын жасайды. Маужырап, сүйсініп жатқанын көрмейсіз бе! Бұрын тырнағын алатынбыз, қазір кішкентай иттердің тырнағын егеп қоятын болдық, солай ыңғайлы, – деп түсіндіреді Мария.

Грумер Катя егелген тырнақтарды жылтыратып, тегістеуге көшті. Бұл да арнайы аппаратпен жасалады.

– Жылтыратып тегістеуден кейін кедір-бұдыр жерлердің бәрі түзеледі. Лапакюр мінсіз болу үшін бұл өте маңызды, – дейді Мария.

Марияның салонында мопстарға арналған "экспресс-линька" қызметі 12 мың теңге тұрады. Иттің көлемі үлкейген сайын, баға да қымбаттай береді. Салон иесі құрал-жабдық, арнайы косметика өнімдері мен материалдар бағасы 50 пайызға өскенін айтты.

– Жұмысқа қажет заттардың ешқайсысы Қазақстанда жасалмайды. Ресей, Қытай, Еуропадан сатып аламыз. Қазір тауарларды жеткізу уақыты бұрынғыдан ұзарған. Бағасы да өскен. Мысалы, Италияда жасалған косметиканы пайдаланамыз. Бұл өнімдердің бағасы 40 пайызға өсті, клиенттеріміз сапалы косметикаға үйреніп қалғандықтан, арзан баламасын пайдаланбаймыз, – дейді Мария.

Мария сүйікті ісімен айналысады: кеңседе отырмайды, клиенттерін өзі жуындырып, жүнін қырқып, салонға келген әр ит жайлы мақтанышпен әңгімелейді. Салонның іші таза, әдемі, бөтен иіс жоқ, тек арнаулы косметиканың иісі ғана сезіледі.

Мопс Зефир груминг-салонда гидромассаж ваннасын қабылдап жатыр. Алматы, 14 шілде 2022 жыл.

Зефир енді гидромассаж ваннасында жатыр. Салон қызметкері иттің денесін арнайы сусабынмен көпіртіп, терісінің түгін тарауға кірісті.

– Теріні өлген жасушадан тазартып, түктің оңай түсуіне жағдай жасаймыз. Жүні 21 күнде қайта шыға бастайды, сондықтан "экспресс-линька" қызметін осы уақытта жасап тұру керек, – дейді Мария.

Марияның клиенттері салонға жиі келуге тырысады. Алдағы аптаға мүлде орын жоқ, сағат 12.00 – шпиц, 13.00 – мальтипу, 14.00 – хаски алдын ала жазылып қойған…

91-ИТКЕ ОРЫН МЕН АҚШАНЫ ҚАЙДАН ТАБАМЫН?

Груминг салонның клиенттері гидромассаж ваннасында жатқанда, қаланың екінші бөлігінде тұратын Айгүл Имбергенова бұралқы иттерді құтқарумен бас қатырып жүр. Айгүл – "Аяныш" қорының басшысы, қазір ұйымға қарасты ит паналайтын орындағы 90 итке қамқор болып отыр.

– Бір әйел хабарласып, "Күшіктерді алып кетіңіз!" дейді. Ал мен оларды қайда орналастырарымды білмеймін. Бұл жер лық толы, еріктілер тапқан итін бізге әкеледі. Қиын жағдайда отырмыз. Жұрт бізді бұралқы иттердің бәрін қабылдауға міндетті деп ойлайды. Кейде көңілім құлазып кетеді. Үнемі негативті ортада жүреміз, – дейді Айгүл.

Жануарлар қорғаумен айналысатын Айгүл Имбергенова "Аяныш" ұйымындағы ит паналайтын орындағы жануарларға тамақ беріп тұр.

Айгүлдің басындағы жағдай бұралқы иттерді құтқарып, оларды паналатып отырған ұйымның жұмысын жүргізумен айналысатын еріктілердің бәріне таныс. Көбіне мұндай қорлар халықтың көмегіне сүйеніп қана жұмыс істейді.

– Халықтан жиналатын ақша азайып жатыр, оларды да түсінемін. Қазір бәрі қымбат, адамдар өзін асырай ма, әлде итке тамақ тауып бере ме?! Қымбатшылық қысып барады, кей тауар 2-3 есе қымбаттаған. Бұрын итке арналған тамақтың бір қабы 10 мың теңге тұратын, қазір кемінде 17 мың теңгеден сатылып жатыр. Біз онсыз да сапасы жоғары, қымбат тамақ алмаймыз. Ветеринар қызметі мен дәрі-дәрмек бағасы да бұрынғыдай емес. Жылдар бойы көмектесіп келе жатқан азаматтар әлі де барынша қолдау көрсетуге тырысып жатыр. Оларға алғысымыз шексіз. Ақша жіберіп, "көп аудара алмағаныма кешіріңіз" деп жазады. Міне, осындай жүрегі кең адамдарымыз бар! – дейді Айгүл.

Қазір "Аяныш" қорының ит паналайтын орнында көшеден әкелінген 90 ит тұрып жатыр. Қор қызметкерлері басқа жануарларды қабылдай алмайды. Өйткені 91-итке орын мен тамақ табу қиын.

Алматыдағы "Аяныш" ұйымы паналатқан иттер.

– Қаңтар оқиғасынан кейін "Басқа елге көшіп жатырмыз, итімізді алып кете аласыздар ма?" деп хабарласқандар болды. Қазір де жиі хабарласады. Адамдар бұл жерді құдды бір шипажай деп ойлайтын сияқты. Әрине, иттерге қолымыздан келгенше жағдай жасауға тырысамыз. Бірақ қаншама адамды жабық бөлмеге қамап көріңізші! 200-300 иті бар орындар да бар. Оларға қалай қиын екенін елестетудің өзі қорқынышты. Итті паналайтын жерге жайдан-жай өткізе салуға болмайды. Бұл балаңды жетімдер үйіне тастап кеткенмен бірдей. Үйде өскен ит бұл жерге келген соң, көп ұзамай құсадан өліп те қалады, – дейді Айгүл.

"Аяныш" қоры 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал қорға қарасты панахана 2020 жылы ашылған. Айгүл Имбергенова Қазақстанда жануарларға әділ көзқарас әлі қалыптаспағанын айтады.

– Қаңғыбас жануарлар мәселесін 5-6, көп дегенде 10 жылда шешуге болады. Оларды жаппай стерилизациядан өткізу керек. Ит-мысығы көшеде еркін жүретін елдер бар. Олар үйсіз жануарларды стерилизациядан өткізіп, чип тағып, вакцина салып, босатып жібереді. Оларға ешкім тимейді, – дейді Айгүл.

Айгүлдің екі иті, екі мысығы бар. "Бәрін көшеден асырап алғанмын" дейді ол.

МЕМЛЕКЕТ ЕСЕБІНЕН ИТ-МЫСЫҚ ПАНАЛАЙТЫН ОРЫН КЕРЕК

Биыл сәуір-мамыр айларында Алматы мен Нұр-Сұлтанда биліктің рұқсатымен жануарларды қорғау тақырыбында митинг өткен. Алматыдағы митингіні "Таймас" қоғамдық қоры директоры Наталья Шамсутдинова ұйымдастырған. Митингіге қатысушылар биліктен иесіз ит-мысық паналайтын, мемлекеттен қаржыландырылатын арнайы орын ашуды талап еткен.

– Билік мемлекет есебінен ит-мысық паналайтын орын салғысы келмейді, қымбат деп мәселені сиырқұйымшақтатып келеді. Мемлекеттен қаржыландырылатын бетке ұстар арнайы орын салуды өтініп отырмыз. Сонда адамдар күшікті сол жерден асырап алар еді. Жануарларға көшеде жүру қауіпті, өйткені бізде қатыгез адам көп, ит-мысықты азаптағандар жауапқа тартылмайды. Жақында Ақтауда бір бала итбалықты таспен ұрып өлтірді. Бұған кім реакция білдірді? Ешкім. Кінәлі адам жазаланған жоқ, – дейді Наталья Шамсутдинова.

Жануарлар құқыкын қорғайтын "Таймас" қоғамдық қоры директоры Наталья Шамсутдинова митингіде сөйлеп тұр. Алматы, 29 мамыр 2022 жыл.

Қазақстан заңына сәйкес, жануарға қатыгездік танытқан адамды жауапқа тарту үшін полицияға арыз беру керек. Бірақ куәгерлер көбіне арыз жазғысы келмейді.

– Соның салдарынан учаскелік полиция қызметкері ескерту жасаумен ғана шектеледі. Арыз болмаған соң, ешқандай іс те қозғалмайды. Адамдар арыз жазуға қорқады, өйткені ертең сол адаммен көрші тұратынын біледі. Жол-көлік оқиғасы болған кездегідей, бірден іс қозғауға болады ғой. Мысалы, бір көлік екіншісінің жолын кесіп өтсе, видеоға қарап-ақ жүргізушіге айыппұл сала береді. Жануарларды азаптаған адамдарды да дәл солай жауапқа тарту керек, – дейді Наталья.

Наталья иесіз ит-мысық қана емес, адамдар үйінде ұстайтын жануарлар да азаптауға ұшырайтынын қынжыла жеткізді.

– Кей адам итті қорлау үшін әдейі асырап алады. Тағы бір кең таралған құбылыс – зоофилия. Иә, итті сол үшін асырайтындар да бар. Ойнағысы келген күшікті таяқпен ұрады. Мұндай жағдайға өзім де бірнеше рет куә болдым, араша түскенім үшін небір балағат сөз естідім. Видеоға түсіріп, назар аударғым келді. Одан пайда болған жоқ. Өйткені заң бойынша, ит – иесінің жеке заты, мүлкі саналады. Оған не істесе де, өзі біледі. Иесі итін өлтіріп қойса да, бұл жануарды азаптау деп бағаланбайды.

Наталья қазіргі кезде қоғамда жануарға деген қатыгездік өршіп тұрғанын айтады. Оның пікірінше, мұндай қатынас ең әуелі отбасындағы тәрбиеден басталады.

– Кішкентай балам жүгіріп кетті, артынан шақырып жатсам, жанымыздан өтіп бара жатқан адам "Тез кел, әйтпесе, ит тістеп алады. Қарашы, әне, ит жүр" дейді. Баланы итпен неге қорқытады? Оның үстіне, балам иттен қорықпайды. Әлгі кісінің баласы ешқашан итке жақын бола алмайды, өйткені қорқады. Бұл – баланы қараңғыдан қорқыту сияқты, – дейді ол.

ИТ-МЫСЫҚТЫ ТЕГІН СТЕРИЛИЗАЦИЯДАН ӨТКІЗУ БАҒДАРЛАМАСЫ

2017 жылы Алматыда үй жануарларына арналған тегін стерилизация/кастрация бағдарламасы ашылған. Жануарлар құқығын қорғаушылар осы үшін ұзақ күрескен. Аталған бағдарлама үйсіз жануарлар санын реттеуге көмектеседі. Алматы қалалық кәсіпкерлік және инвестиция басқармасы жанындағы ветеринария қызметінің дерегінше, 2022 жылы әкімдік бұл бағдарламаға 117 млн теңге бөлген. Бұл ақшаға 9 мың жануарға ота жасалады. Салыстыра кетейік: 2021 жылы 51 млн теңге бөлініп, 4 мың ит-мысыққа ветеринар көмегі көрсетілген.

Алматыда 2022 жылдың алты айында тегін стерилизация/кастрация қызметі тек Медеу ауданында ғана көрсетілген. Қалған аудандарда тендер өтпеген.

Ветеринар қызметінің Азаттыққа жіберген жауабында "Қазір қаладағы жеті аудан бойынша мемлекеттік сатып алу байқауы жарияланды. Байқау нәтижесінде стерилизация/кастрация жүргізетін жануарлар емханалары анықталады. Осыған дейін емханалардың талапқа сай болмауына, байқауға қатысушы компаниялар санының аз болуына байланысты жеңімпаз анықталған жоқ" делінген.

"Мастино" жануарлар емханасының басшысы Татьяна Джаембаева.

Қалада тегін стерилизация бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатқан емханалардың бірі – "Мастино". Жануарлар емханасының басшысы Татьяна Джаембаева 1125 жануарға ота жасауды жоспарлап отыр.

– Талап бойынша, жануарлар елу ит болса, елу мысық, еркек мысық саны қанша болса, сонша ұрғашы мысық деген сияқты 50/50 пропорцияда таңдалады. Күніне он жануар қабылдаймыз. Қазір қыркүйектің екінші жартысына тіркеу жұмысы жүріп жатыр, – дейді Татьяна.

Стерилизация – жануар санын реттеудің тиімді әдістерінің бірі. Бір мысықты стерилизациядан өткізбесең, бір жылдан кейін 8-12 марғау тууы мүмкін. Бағдарламаның тегін болуы да – зор мүмкіндік, өйткені стерилизация/кастрация отасы қымбат тұрады. Мысалы, "Мастино" емханасында мысыққа кастрация жасау – 6 мың теңге, стерилизация –16 мың теңге. Итке жасалатын ота бағасы салмағына қарай қойылады: бес килограмға дейінгі ит-мысыққа көрсетілетін қызмет бағасы бірдей. Ал доберман сияқты үлкен төбетке кастрация жасау 60 мың теңге тұрады. Бірақ асыл тұқымды иттерге тегін бағдарлама бойынша ота жасата бермейді.

Емхана директоры өз саласында тауар мен қызмет бағасы бір жарым есеге өскенін байқаған. Бірақ Татьяна қымбатшылықты Украинадағы соғыспен емес, рубль бағамымен байланыстырады.

– Бағаның өсуі Ресейге байланысты болып отыр. Рубль бағамы екі есе өсті. Біздің де шығынымыз көбейді. Бірақ қызмет сапасы төмендеген жоқ. Бұрынғыдай сапалы материалдар, еуропалық наркоз, Беларусьтен келетін жіптерді пайдаланамыз, – дейді Татьяна Джаембаева.

"Мастино" жануарлар емханасының дәрігері Мануэла Смирнова өзіне қаратуға әкелген мысықты көтеріп тұр.

Жануарлар құқығын қорғаушы Наталья Шамсутдинова тегін стерилизация бағдарламасын жетілдіру керек деп есептейді. Өйткені жануарлар емханасы қаңғыбас ит-мысықты екпе салынбаған деп тегін ота жасауға қабылдамайды.

– Екпе салынған бұралқы иттерді қайдан көрдіңіз? Бізде үйсіз ит-мысықты былай қойғанда, үй жануарларының көбіне екпе салынбаған. Стерилизация – жануарлар санын реттеудің ең тиімді жолы, сондықтан бұл мәселеге ақылмен қарау керек. Қазір тегін бағдарламаға ілігу үшін ит-мысыққа жедел екпе салып, иммунитеті әлсіреген жануарды стерилизацияға апарады. Бұл – күрделі ота. Иммунитеті нашар ит қалай тірі қалады? Қалай аяққа тұрып кетеді? Мемлекет жануарлар санын азайту үшін әдейі осылай жасап отыр деп ойлаймын. Әп-сәтте бәрінің көзін жойғысы келеді, – дейді белсенді.

Қазақстанда жануарларға чип тағу әзірге ерікті түрде жүріп жатыр. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бұл процедура міндетті шараға айналады.

Еріктілер көп емханада тегін стерилизация жасату үшін "төлқұжат сатып алыңыз", "чипті бізге жасатыңыз" деген қосымша ақылы қызмет ұсынылатынын анықтаған.

– Мемлекеттік емханалар қайда? Неге бұл қызметтерді мемлекеттік емханаларда жаппай әрі арзан бағада ұсынуға болмайды? Аудандық ветеринар дәрігер бар да, жануарлар емханасы неге жоқ? Мемлекеттік емхана бұл оталарды тендерсіз-ақ тұрақты негізде жасаса болады ғой, – дейді Наталья Шамсутдинова.

Мемлекет үй жануарларына тегін чип таға бастады. 2022 жылы Алматыда осы мақсатқа 42 млн теңге бөлінген. Алдағы уақытта 15 мың ит-мысыққа жеке деректері жазылған микрочип тағылмақ. Қазақстанда жануарларға чип тағу әзірге ерікті түрде жүріп жатыр. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бұл процедура міндетті шараға айналады.

– Қазір қызметкерлеріміз үй-үйді аралап, ақпарат жинап жүр. Негізінен ит-мысығы бар әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға барады. Нәтижесінде кімде қанша жануар бары, екпе салынған-салынбағаны, иесі туралы дерек аламыз. Бұл деректерді Pet-control бірыңғай базасына енгіземіз. Чип есеп жүргізуге, жоғалған жануарды табуға, даулы мәселелерді шешуге көмектеседі, – дейді ветеринария бөлімінің басшысы Маржан Әлиева.

ЭВТАНАЗИЯҒА ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН

2022 жылы наурызда Қазақстанда "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң күшіне енді. Әзірге заңға енгізілген баптар толық жұмыс істемейді, жекелеген нормативті-құқықтық актілер де жоқ.

Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Ақбөпе Әбілқасымова жануарларды қорғауға арналған митингіде сөйлеп тұр.

Алматы қалалық мәслихатының депутаты (Азаттық онымен 20 шілдеге дейін – депутат мандатынан айырылмай тұрып сөйлесті), жануарларды қорғау туралы митингілерге белсенді қатысып жүрген Ақбөпе Әбілқасымова иттерді ұстау және серуенге шығару туралы типтік ереже бекітілмегендіктен, қалада жаңа ережелер күшіне енбегенін, бірақ заңға қатысты сұрағы көбін айтады.

– Ережелер жобасында заңнан алынған, жануарды қай кезде дәрі салып өлтіруге болатыны туралы сөйлемдер бар. Бірақ оның нақтылайтын тұсы көп. Мысалы, "қауіпті әрі жұқпалы аурулар кезінде", "жануар адам денсаулығы мен өміріне қауіп төндірсе" деп жазылған. Аурулар тізімін жасап, адам өміріне қауіп төндірген жағдайда жануарды кім (жеке тұлға, полиция қызметкері немесе басқа адам) және қалай өлтіретінін көрсету керек, – дейді депутат.

Жаңа заң бойынша, иесіз жануарларды ұстау қызметі бес күннен кейін ит-мысықты стерилизациядан өткізіп, дегельминтизация жасап, екпе салып, қайтадан бұрынғы мекеніне жіберуі керек. Фото авторы - Павел Михеев.

Қалалық ветеринария қызметі Азаттыққа берген жауабында Алматыда көше кезген иесіз жануарларды ұстап, көзін жоюға – 159 млн теңге, ал стерилизация/вакцинацияға 76 млн теңге бөлінгені жазылған. Қазақстанда үйсіз жануарларды стерилизациядан өткізуге ақша бөлу енді қолға алынып жатыр. Қазір заң бойынша, эвтаназияға (жануарды дәрі салып өлтіруге) тыйым салынған. Бұрын көшеден ұсталған жануарларды жеті күн ішінде иесі алып кетпесе, өлтіріп тастайтын.

Ал қазір иесіз жануарларды ұстау қызметі бес күннен кейін ит-мысықты стерилизациядан өткізіп, дегельминтизация жасап, екпе салып, қайтадан бұрынғы мекеніне жіберуі керек.

"Стерилизациядан өткен жануарларға отадан кейін күтім жасау үшін зоогигиеналық талаптарға сай орындар – бөлек торы бар модульді блоктар салынып жатыр" дейді ветеринария қызметінің өкілі.

Алматы әкімдігі Түрксіб ауданы Спасская көшесіндегі 2,4 га аумақта жануарларды уақытша ұстауға арналған жаңа орынның құрылысы басталған. Бұл жер учаскесі бұрын "НК СПК" Алматы" АҚ иелігінде болған. Қазір осы жер кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының жанындағы ветеринария қызметіне берілген.

Жануарлар құқығын қорғаушы Наталья Шамсутдинова жаңа заңға түзетулер енгізу керек деп есептейді.

– Агрессивті жануарды өлтіруге болады деп жазылған. Бірақ кез келген ит, тіпті кішкентай күшіктің өзі, жіппен байлап, көлікке соғып жатқан адамға ырылдап, айбат көрсетеді. Ал заңда осы үшін жануарды өлтіруге рұқсат берілген. Екінші себеп – ауру жануар. Уақытша ұстау изоляторында инфекция өршіп тұр, өйткені жануар тым көп. Бір жақтағы торларды дәрілеген кезде, жануарларды екінші жаққа отырғызу керек. Бірақ оларды ауыстыратын орын жоқ. Ол жақта оба мен парвовирусты емдемейді. Демек ауру жануарды өлтіруге бола ма? Болады. Осылай иттерді дәрі салып, ұйықтатып тастайды.

ИТ ҰСТАУҒА ДАЙЫНДАЛУ КЕРЕК

Ит ұстауға жауапкершілікпен қарау керек деген пікірді кинолог, "KARE-Забота" қорының еріктісі Наталья Александрова да құптайды. Натальямен Бостандық ауданындағы "Южный" саябағында кездестік. Мұнда ит серуендетуге арналған алаңқай бар. Бірақ Наталья Яра атты қара терьерін ол жерге апармайды.

Кинолог Наталья Александрова өзінің Яра атты қара терьерімен бірге. Алматы, 12 шілде 2022 жыл.

– Алаңда иттер қарғыбаусыз жүреді. Иттерге де, олардың иелеріне де сенбеймін. Итіме зақым келгенін қаламаймын. Күнде ол жерде ит таласып жатады, иесі дер кезінде ажырата алмай қалады. Өйткені адамдар итін қолға үйретіп, дұрыс тәрбиелемеген. Иті "Бері кел!" деген бұйрықты орындамайды, – дейді Наталья.

Наталья тәртіпке үйренген ит ең қатал адамның да жүрегін жібіте алады деп сенеді.

– Кинолог курсында оқып жүргенімде маған осылай деп жетекшім айтып еді. Содан бері осы сөзді ұраныма айналдырдым. Бізге ит серуендететін алаңқай керек емес. Біз итімізді кез келген жерде алып жүре алатындай етіп тәрбиелеуміз керек, – дейді кинолог.

Рекске иесінің бұйрығын орындауды үйретіп жатыр. Алматы, 12 шілде 2022 жыл.

Дегенмен Қазақстан қоғамы да, ит иелері де жылдан жылға өзгеріп келе жатыр дейді Наталья.

– Жануарлар құқығын қорғау саласында 2006 жылдан бері жүрмін. Батыс елдерінің дәрежесіне жетпесек те, бұрынғымен салыстырғанда, біршама алға жылжыдық. Ит алмай тұрып, оған қалай күтім жасау керегін үйренетін жауапты азаматтар көбейді. Көбі хабарласып, кеңес алып жатады.

Натальямен кездескен күні оған 12 жастағы Полина сабаққа келді. Полина ауласына келген итті асырап алған. Осы уақытқа дейін итіне 35 түрлі бұйрықты орындауды үйреткен.

Айтқанын орындаған сайын итіне краб беріп, марапаттап отырған. Күшігі де иесіне үйреніп, айтқанын бұлжытпай орындайтын болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Құқық қорғаушылар биліктің "жануарларды өлтіруге негіз беретін" уәждерімен келіспейдіЖануарлар құқығы жайлы жаңа заңға белсенділер көңілі неге толмайды?"Порновидеоға бола итті азаптаған". Қазақстанда жануарды қинаған қаныпезердің жазасыз қалатыны қалай?Карантинде мұқтаж жандарға көмекке келгендер"Ит Освенцимі". Қазақстанның батысындағы иесіз жануарлардың аянышты жағдайы