БАҚ: Алматыда Иаков Воронцов есірткі притонын ұстаған деген күдікке қалды

Иаков Воронцов

23 ақпан күні таңертең Алматы қалалық полиция департаменті алдына он күндік әкімшілік жаза мерзімін өтеп болған бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцовты қарсы алуға барған жақтастары оны тергеушіге жауап беруге әкеткенін естіген. Воронцов есірткі притонын ұстаған және есірткі сақтаған (сату мақсатымен емес) деген күдікке ілінген деп жазды Vlast басылымы.

Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің хабарлауынша, дүйсенбі күні таңертеңгі сағат 8:50-де Иаков Воронцовты ұстау туралы хаттама толтырылған.

"Материал қала прокуратурасына процестік шешім қабылдауға жолданды. Иаковқа Қылмыстық кодекстің 302-бабы (наркопритон ұстау) және 296-бабы (есірткі заттарын сату мақсатынсыз сақтау) бойынша айып тағылып отыр. Иаков күдікті саналады", – деген адвокат.

Воронцовқа қандай бұлтартпау шарасы қолданылатыны 72 сағат ішінде анықталуға тиіс: билік орындары оны не үйқамаққа алады, болмаса тергеу абақтысына қамайды деп жазды басылым.

"Бүгін қандай да бір шешім қабылданады, ал ертең тергеу соты өтеді", – деген Нұрпейісов.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дін қызметшісі Иаков Воронцов 10 тәулікке қамалды

Иаков Воронцов 13 ақпанға қараған түні ұсталған. Адвокаттың айтуынша, Воронцовқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабы ("Алкоголь ішімдік ішу немесе қоғамдық орында мас күйінде жүру") бойынша хаттама толтырылған. Алматының әкімшілік соты оны 10 күнге әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарған. Сол кезде қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы есірткі заттарын қолдануға арналған притон ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаған еді деп жазады Vlast.

Иаков Воронцов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған. "Үйімнен табылды делінген ұнтақ маған тиесілі емес. Ол әдейі тасталған деп білемін. Осылардың бәрі – абырой-беделімді түсіріп, мені жазалау үшін жасалған" деген ол қамауда отырып жазған хатында.

Воронцов бұған дейін саяси сипаттағы жария мәлімдемелерінен кейін діни дәрежесінен айырылған. 2026 жылы қаңтарда Ресей православ шіркеуіне қарасты Қазақстан митрополиялық округ өкілдері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, Ресейдің Украинадағы соғысын айыптап жүрген, шіркеуден қуылған Воронцовтың үстінен "алауыздық қоздыру" бабы бойынша істі қайта қозғауды сұраған.

Иаков Воронцов – қазақстандық дін қызметшісі, ол қызметін қазақ тілінде жүргізіп танылған. Украинада соғыс басталғаннан кейін Воронцов әлеуметтік желіде соғысты ақтаған Орыс православ шіркеуінің қызметкерлерін сынға алып пост жариялаған.

Воронцов Орыс православ шіркеуіндегі қызметін 2023 жылы маусымда аяқтаған. Ол Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты көзқарасы үшін қазақстандық митрополиялық округ басшылығы тарапынан қысым көргенін айтқан.

2024 жылы Воронцовтың үстінен "конфессияаралық алауыздық қоздыру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Іс аноним тұлғалардың арызы бойынша қозғалған және "қылмыс құрамы болмағандықтан" сол жылы мамырда тоқтатылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Алматыда Иаков Воронцовтың ұсталғаны хабарландыУкраинадағы соғысты айыптап жүрген шіркеу қызметкері Иаков Воронцов полицияға шақырылды"Мұсылмандарды шоқындырғысы келеді деп айыптады". Шіркеу қызметкері Иаков Воронцов қазақ тілін не үшін үйренді?