БАҚ: АҚШ пен Иран алдын ала келісімге келді

Ормуз бұғазында (көрнекі сурет)

Америка Құрама Штаттары мен Иран атысты тоқтату режимін 60 күнге ұзарту және Ормуз бұғазында кеме қатынасына тосқауыл қоймау туралы алдын ала келісімге келді, деп жазды Axios дереккөздеріне сүйеніп.

Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп құжатты әлі мақұлдамаған. Иранның мемлекеттік басылымдары келісім әлі аяқталмаған деп хабарлады.

АҚШ шенеуніктерінің басылымға айтуынша, тараптар негізгі шарттар бойынша сейсенбіге дейін-ақ келісімге келген, бірақ екі тарапқа да жоғары басшылықтың мақұлдауы қажет.

Келісімде Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына "шектеу қоймау" көзделген. Axios дереккөзінің айтуынша, бұл Иран кемелерден ақы алмайды және оларға шабуыл жасамайды дегенді білдіреді. Бұған қоса Тегеран бұғаздан барлық миналарын 30 күн ішінде алып тастауы шарт.

Ал АҚШ, бұғаздағы коммерциялық кеме қатынасы қалпына келуіне қарай, осыған дейін Иран порттарына қойған құрсауды біртіндеп алып тастайды. Вашингтон сонымен қатар Иранға мұнайды еркін сатуға мүмкіндік беру үшін санкцияларды жеңілдетуге келіскен.

Бұдан өзге, келісімде Иранның ядролық қару әзірлемейтіні және уран байыту бағдарламасын шектейтіні жөнінде келіссөздер жүргізетіні туралы талаптар да бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Axios АҚШ пен Иран арасындағы келісім жобасының жай-жапсарын жазды