Бас прокуратура сайлау алдында рұқсатсыз сауалнама жүргізгендер жауапқа тартылатынын ескертті

Қазақстанның бас прокуратурасы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық аясында сайлау процесіне қатысушыларды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырып, мерзімінен бұрын үгіт жүргізу, сайлаушыларды ынталандыру, жалған ақпарат тарату және қоғамдық пікірге сауалнама жариялау тәртібін бұзғандар заң бойынша жауапқа тартылатынын ескертті.

Заңдылықтың сақталуын қадағалайтын мемлекеттік орган заң бойынша партиялық тізімдерді тіркеу аяқталғанға дейін кез келген сайлауалды үгітке тыйым салынатынын еске салып, бұл талапты бұзғандарға әкімшілік шара қарастырылғанын айтқан.

Бұған қоса, сайлаушыларды материалдық ынталандыруға жол берілмейтінін, атап айтқанда, тауарлар мен қызметтерді тегін немесе жеңілдікпен ұсыну, ақша беру немесе беруге уәде ету, лотереялар мен қайырымдылық акцияларын өткізу заңсыз үгіт ретінде қарастырылады дейді прокуратура. Егер мұндай іс-әрекеттерде сайлаушыларды сатып алу белгілері болса, қылмыстық жауапкершілік артылуы мүмкін.

Прокуратура сайлау жарияланған сәттен бастап кандидаттарға, партияларға және оларды қолдайтын жеке немесе заңды тұлғаларға, ойын-сауық және спорттық іс-шараларды қоспағанда, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға тыйым салынатынын хабарлады. Мұндай талаптарды бұзу кандидатты немесе партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға негіз болуы ықтимал.

Бас прокуратура БАҚ пен онлайн-платформалар кандидаттар мен саяси партиялардың ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған материалдарды жарияламауға міндетті екенін де еске салды. Қазақстан заңдарында жалған мәлімет тарату, жала жабу немесе қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін жалған ақпарат тарату әрекеттері үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Бұған қоса бас прокуратура сайлауға қатысты қоғамдық пікірге сауалнамалар жүргізу мен олардың қорытындыларын жариялау тәртібіне де назар аударды. Заң бойынша, мұндай зерттеулерді кемінде бес жылдық тәжірибесі бар және бұл туралы алдын ала Орталық сайлау комиссиясын хабардар еткен заңды тұлғалар ғана жүргізе алады. БАҚ пен онлайн-платформалар сауалнама қорытындысын жариялаған кезде зерттеуді жүргізген ұйым, тапсырыс беруші, өткізген уақыты, әдістемесі, іріктеме көлемі туралы ақпаратты көрсетуге міндетті.

Сонымен бірге дауыс беруге бес күн қалғанда және сайлау күні қоғамдық пікір жайлы сауалнама қорытындыларын, кандидаттар немесе партиялар бойынша болжамдарды жариялауға тыйым салынады. Сайлау учаскелерінде сауалнама жүргізуге де жол берілмейді, ал жеке тұлғалардың сайлауға қатысты қоғамдық пікірге сауалнама өткізуіне және оның қорытындысын жариялауына заң рұқсат бермейді.

Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес, Құрылтай депутаттығына партиялардан үміткерлер тізімін ұсыну және тіркеу 2-23 шілде аралығында жүргізіледі. Тіркеу аяқталғаннан кейін, 23 шілде сағат 18:01-де сайлауалды үгіт басталып, ол 22 тамыз сағат 00:00-де аяқталады.

Кейінгі екі жылда Қазақстандағы журналистер, белсенділер мен қоғамдық ұйымдар сайлау науқандарына қатысты сауалнама жариялағаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған.

2024 жылдың қыркүйегінде Бас прокуратура елде атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдумға байланысты "заңсыз сауалнама" жүргізген сегіз дерек анықталғанын хабарлаған. Солардың алтауы бойынша төрт жеке тұлғаға және екі заңды тұлғаға айыппұл салынды. Прокуратура қоғамдық пікір сауалнамаларын кемінде бес жылдық тәжірибесі бар және Орталық сайлау комиссиясына жазбаша хабарлама жіберілгеннен кейін тіркелген заңды тұлғалар ғана жүргізе алатынын айтқан.

Сол жылы қазан айында Орал соты "Уральская неделя" газетіне иелік ететін "Журналистік бастама" компаниясына көшедегі адамдардың АЭС салуға қатысты ой-пікірін білген бейнесұхбат үшін 230 доллар айыппұл салды. Сот басылым қоғамдық пікір сауалнамасын жүргізу ережесін бұзды деп тапты. Газеттің бас редакторы Тамара Есләмова бұл социологиялық зерттеу емес, журналистік блиц-сұхбат болатын деген уәж айтты.

Сол кезде "Әділ сөз" баспасөзді қорғау ұйымы референдум мәселесі бойынша азаматтардың ой-пікірін сұрауға және жариялауға журналистердің құқығы барын және БАҚ-та пікірлерді жариялау әлеуметтік сауалнамамен бірдей емес екенін мәлімдеген еді.

2026 жылы жаңа Конституция жобасы бойынша референдум өтер алдында Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы "Жария" тәуелсіз бақылаушылар бірлестігіне 150 доллар айыппұл салды. Оған Facebook-те жарияланған "15 наурыздағы референдумды бақылауымыз керек пе?" деген сұрақ себеп болған. Қауымдастық басшысы Бекнұр Сыражанов ол сұрақ Азаттыққа социологиялық зерттеу жүргізу мақсатын көздеп емес, референдум кезінде бақылаушы болатын адамдар табу үшін жасалғанын айтқан еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Еркіндік қанаты" қоры Құрылтай сайлауын бақылауға қатыспайтынын мәлімдеді