Бәсекелестікті қорғау агенттігі inDrive қызметін ұсынушыға ескерту жасады

InDrive қызметінің негізін қалаушы Арсен Томский Ресей азаматтығынан бас тартқан (2023 жылдың желтоқсан айы)

Қазақстанның бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі inDrive қызметіне ресми ескерту жасады. Бұған 11 қазанда "Яндекс Go" қосымшасында ақау пайда болғаннан кейін inDrive тасымалдау құнын күрт өсіретінін хабарлағаны себеп болған.

Агенттік дерегінше, тұтынушылардың балама тасымалдаушы іздей бастауы inDrive қызметіне сұранысты күрт арттырған. Нәтижесінде кейбір бағыт бойынша жолақы құны үш есеге жуық өскен. Мемлекеттік орган монополияға қарсы заң талаптарының бұзылуына жол бермеу мақсатында алдын ала ескерту жасап отырғанын нақтылаған.

InDrive платформасының негізін қалаушы Арсен Томский баға өсуін сұраныс күрт артты және бос көлік тапшы деп түсіндірді. Оның сөзінше, сапар құнын жолаушы мен жүргізуші өзара келісіп белгілейді. Компания жағдайды тұрақтандыру үшін 19 қалада жүргізушіден алынатын комиссияны 1 пайызға дейін төмендеткенін әрі саудаласу кезіндегі бағаның шамадан тыс өсуін шектегенін хабарлады. Томский платформаға жаңа жүргізушілер қосылғаннан кейін баға біртіндеп төмендей бастағанын, әйткенмен кей аймақта әдеттегіден жоғары болып отырғанын айтты.

11 қазанда "Яндекс" қызметіндегі ауқымды ақау Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан аумағында да байқалды. Сол күні компания Ресейдің Владимир қаласындағы дата-орталығы дрон шабуылынан кейін жұмысын тоқтатқанын мәлімдеген. Оған дейін Рязань және Калуга облыстарындағы "Яндекс" нысандары дрон шабуылынан зақымдалған.

"Yandex Go Қазақстан" өкілдері есептеу процестерінің бір бөлігі шетелде атқарылатындықтан басқа мемлекеттегі инфрақұрылымның бұзылуы Қазақстандағы сервистің жұмысына тікелей әсер етуі мүмкін деп түсіндірді.

2023 жылдың желтоқсан айында Қазақстанның цифрлық даму министрлігі "Яндекс" компаниясы yandex.kz серверлерін ел аумағына көшіруді аяқтағанын хабарлаған еді. Сол кездегі министр Бағдат Мусин қолданушылардың дербес деректері Қазақстанда өңделеді деп мәлімдеген. Алайда қазіргі кездегі оқиғалардан кейін министрлік дербес деректерді ел ішінде сақтау платформа толық дербес (автономды) жұмыс істейді дегенді білдірмейтінін, ал такси мен жеткізу қызметінің жекелеген құрамдас бөліктері әлі де шетелде орналасқан деп нақтылады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Ресейге күніміз қарамасын". "Яндекстегі" ақау қазақстандықтарды әбігерге салды Дрон шабуылынан кейін Қазақстанда Yandex қызметінде ақау пайда болдыYandex прокуратураға жүргізушілердің табысы жайлы ақпарат беріп отырмақЖай ғана такси емес. "Яндекс" қалай Орталық Азияның нарығын жаулап алды?Грузия "Яндекс.Таксидің" Ресей федералдық барлау қызметімен байланысын тексеруге кіріскен