Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақжайық ауданы аумағына ұшқышсыз ұшу аппаратына ұқсас зат табылған. Оны жергілікті тұрғындар тауып алып, құзырлы органдарға хабарлаған.
"Аталған зат елді мекеннен тыс аумақтан табылған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", деп хабарлады БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, ұшқышсыз ұшатын аппарат Қарауылтөбе ауылы маңына құлаған деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.
Былтыр БҚО аумағынан бірнеше рет дрон қалдықтары табылған еді.
- 2025 жылғы 18 ақпанда Бөкейорда ауданы Ұялы ауылы маңында тұрғындар ресейлік Орлан-10 дронына ұқсас ұшатын аппарат тауып алған. Әдетте мұндай дрондар жер бедерін қашықтан бақылау, соның ішінде жер мен су айдындарын барлауға қолданылады және ұялы телефон сигналын анықтай алады.
- 2025 жылғы 18 наурызда Тасқала ауданы Атамекен ауылының тұрғындары дрон табылғанын хабарлады. Бұл жолғы дрон, куәгерлердің айтуынша, алдыңғымен салыстырғанда әлдеқайда үлкен – ұзындығы шамамен үш метр болған. Яғни түрі мен мақсаты жағынан алдыңғы құрылғыдан айырмашылығы бары аңғарылады.
- 24 наурызда Жәнібек ауданында үшінші оқиға тіркелді – бұл жолы дронға тиесілі деп есептелетін сынықтар табылған.
- 2025 жылғы 23 қазанда Ресеймен шекараға жақын Ақсай қаласының шетінде дрон апатқа ұшырап, жарылды. "Уральская неделя" басылымы сол күні таңертең көрші Ресейдің Орынбор облысында дрон шабуылына байланысты әуе шабуылының дабыл белгісі қосылғанын және Орынбор мен Орск әуежайларында ұстау жоспары жарияланғанына назар аударған.
Қоғам наразылығына қарамастан, билік бұл оқиғалар жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат бермеді. Қазақстанның қорғаныс министрлігі барлық оқиға тергеліп жатқанын ғана мәлімдеді. Оған қоса қорғаныс вице-министрі Хасан Жазықбаев журналистер сұрағына берген жауабында "арандатушылыққа жол бермеуге" шақырды, бірақ нені меңзеп отырғанын нақтыламады.
Батыс Қазақстан облысының Ресеймен шекаралас аудандары аумағына бұрын да әскери нысандар құлайтын. Мысалы, бірнеше рет зымыран сынықтары табылған. Ресейдің Қазақстанмен шектесетін Астрахань облысында "Капустин Яр" әскери жаттығу полигоны орналасқан. 2018 жылы Батыс Қазақстан аумағына құлаған заттардың бірі кейінірек дәл осы сынақ полигонынан ұшырылған зымыран сынығы екені анықталған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Министрлік БҚО-да құлаған дрондарды Украинадағы соғыспен байланыстырады