Ресеймен бірлескен әскери жаттығуға қарсылық акциясы

Сенбі күні  жергілікті уақыт бойынша сағат 19 кезінде Минскідегі Октябрь көшесіне жүзден аса адам жиналды.

Акцияға қатысушылардың бірі: "Орыс сарбазы, үйіңе қайт! Мұнда арақ жоқ" деген жазу ұстап шықты. Мұндай мазмұндағы плакатты 1968 жылы СССР Чехословакияға әскер кіргізгенде "Праге көктемін" қорғаушылар көтеріп шыққан еді.

Минскідегі акцияға қатысушылар Беларусь қарулы күштерінің ел аумағында Ресей әскерилерімен "Батыс-2017" бірлескен әскери жаттығуын өткізуіне және "Беларусьті әскери-саяси блоктарға тартуға" қарсылық білдірді.

"Батыс-2017" бірлескен әскери жаттығуы қыркүйектің 14-і мен 20-сы аралығында Беларусь территориясында өткізілмек. Бұған дейін НАТО басшылығы әскери жаттығуларды ұйымдастырудың ашық еместігі туралы Мәскеудің атына сын айтқан болатын.

Ресейдің ақпараты бойынша, "Батыс-2017" бірлескен әскери жаттығуына 12700-ге жуық адам қатысады. Бұл әскери жаттығу Польша мен Балтық елдерін алаңдатып отыр.

Қарсылық акциясына қатысушылар Минскідегі Жеңіс ескерткішіне қарай беттеді. Белсенділер әкелген гүлдерін Мәңгілік алауға қойды. Шеру Якуб Колас алаңындағы партизандар ескерткіші алдында аяқталды.

"Беларусь ұлттық конгресі" жетекшісі Николай Статкевич жақтастарын қазанның 20-сы күні "Ашулы беларустар шеруі 2.0" акциясына шығуға шақырды.

Жиналғандар алдында сөйлеген Беларусь президенттігіне экс-кандидат Владимир Некляев: "Біз Ресей мен орыстарға қарсы жиналған жоқпыз, біз Шығыс пен Батыстың өзара қарым-қатынасын анықтауына, әскери жанжалға Беларусьті тарту саясаты ел болашағына қатер төндіретінін, қарапайым адамдармен бірге билікке де одан кем емес қауіп төнетінін басшылыққа ескерту үшін жиналдық" деп мәлімдеді.

Наразылық акциясына қатысушылар Ресейдің агрессиялық саясатын айыптайтын қарар қабылдады.

Бейбіт шеруге қатысушылар қабылдаған қарарда беларусь патриоттары өздерінің елін Ресей және Украина мен НАТО арасындағы текетіреске тартуға қарсы екендері, сонымен бірге Беларусьтің бейтарап саясат ұстанатыны туралы конституция ережесін қолдайтындары айтылған.

Акцияға қатысушылар "Беларусь тәуелсіздігін қолға қару алып қорғауға" әзір екендері туралы "барлық ықтимал агрессорларды" ескертетіндерін мәлімдеген.

Шерудің қыркүйектің 8-і күні өтуі кездейсоқтық емес. 1954 жылы дәл осы күні сол заманда қазіргі Беларусь жерінде орталығы болған Ұлы Литва князьдігінің әскері Мәскеу князьдігінің қарулы қолын тас-талқан етіп жеңген. Беларусь демократиялық күштері ширек ғасырдан астам уақыттан бері бұл күнді Әскери даңқ күні ретінде атап өтеді.

Бұл Беларусьте көктемде өткен "Ашулы беларустар шерулерінен" кейінгі алғашқы наразылық акциясы. Қатысушылар саны жағынан көктемдегідей көп болмағанымен, ұйымдастырушылардың айтуынша, қарсылық шарасы сәтті өткен.

Минскідегі қарсылық акциясына қатысушылар.

Бейбіт шеруге қатысушылар Беларусь еліне адал болуға бірге ант беріп тұр.