Беларусь оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановская 25 мамыр күні таңертең Киевке барды, деп хабарлады Азаттықтың Беларусь қызметі. Бұл оның Украина астанасына алғашқы сапары. Тихановскаяны жақтастары Беларусьтің сайланған президенті деп санайды, ал Батыс елдері онымен демократиялық күштер көшбасшысы ретінде байланысын жалғастырып келеді.
Тихановскаяның кеңесшісі Денис Кучинский бұл сапар Беларусь пен Украина халықтарының бостандық пен қадір-қасиет үшін күресіндегі ынтымақтастықтың көрінісі деп жазды. Тихановская Украина астанасына Ресей Киевке ірі әуе шабуылын жасағаннан кейін барды. Украина темір жолдары оппозиция жетекшісіне "еркін Минскіге" символикалық билет табыс еткен.
Тихановская сапарын Ресеймен соғыста қаза тапқан беларусь еріктісі Мария Зайцеваның қабіріне гүл қоюдан бастады.
Бұл сапарында Тихановская Украина президенті Владимир Зеленскиймен және басқа да ресми адамдарымен кездеспек. Оның сапары Киев пен Минск арасындағы қарым-қатынас тағы да шиеленіскен тұста өтіп жатыр: Украина Беларусь билігі Ресей жағында соғысқа тікелей кіруге дайындалып жатыр деп қауіптенеді.
Светлана Тихановская 2020 жылы Беларусь президенттігіне кандидат болып тіркеліп, сайлауға түскен. Билік ол сайлауда Александр Лукашенко жеңіске жетті деп жариялады, бірақ оппозицияның жақтастары Тихановская көп дауыс алды деп санайды. Сайлаудан кейін билік елдегі кең ауқымды бейбіт наразылық акцияларын күшпен басып-жаншыды, ал Тихановскаяның өзі Беларусьтен кетуге мәжбүр болды. Шетелде ол Беларусьтің біріккен өтпелі үкіметін ұйымдастырды және Беларусь демократиялық күштерінің көшбасшысы деп танылған.
24 мамыр күні Франция президенті Эммануэль Макрон төрт жылдан астам уақыттан бері алғаш рет Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенкомен телефонмен сөйлескен. Француз басылымдары Макрон Лукашенкоға Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатыспауды ескерткен деп хабарлады.