Бесінші референдум және Конституцияны кезекті рет өзгерту

Қазақстанның жаңа Конституция жобасы туралы жалпыұлттық референдум. №350 референдум учаскесі жұмысын әнұранмен бастады, Алматы, 15 наурыз, 2026 жыл.

15 наурыз күні Қазақстанда жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7:00-де жаңа Конституция жобасы бойынша референдум учаскелері жұмысын бастады.

Әдеттегідей Қазақстан Республикасының әнұранымен басталған шара барысында, ресми дерек бойынша, дауыс беру құқығына ие 12,4 миллион Қазақстан азаматы референдум бюллетеніндегі: "Жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?" деген жалғыз сұраққа жауап беріп, өз таңдауын жасауға тиіс.

Орталық референдум комиссиясының хабарлауынша, Қазақстан бойынша 10400-ден астам референдум учаскесінде дауыс беру жексенбі күні сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

Бұған қоса, Қазақстанның 54 елдегі дипломатиялық өкілдіктерінде 71 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Әуелгіде 64 шет мемлекетте 82 сайлау учаскесі ашылады деп жоспарланған, бірақ Таяу Шығыста жағдай ушығып кетуіне байланысты Сыртқы істер министрлігі 11 сайлау учаскесін жабуды ұйғарған.

Бұл жолғы референдумге қазынадан шамамен 20,8 миллиард теңге (42 миллион долларға жуық) қаржы бөлінді.

Қазақстан заңы бойынша, егер ресми тіркелген сайлаушылардың кемінде жартысы дауыс беруге қатысса, референдум өткен болып саналады.

Қазақстанның жаңа Конституция жобасы туралы жалпыұлттық референдум кезінде Алматыдағы №350 учаске комиссиясы мүшелеріне бата беріп тұрған ер адам. 15 наурыз, 2026 жыл.

УӘДЕЛІ МЕРЗІМНЕН БІР ЖЫЛ БҰРЫН БАСТАЛҒАН РЕФЕРЕНДУМ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 8 қыркүйекте жариялаған халыққа жолдауында қос палаталы ел парламентінің жоғары палатасы – сенатты қысқартып, партиялық тізіммен сайланатын бір палаталы парламентке көшу туралы бастама көтерген еді. Сол кезде Тоқаев "өте маңызды бұл мәселені асығыс жасауға болмайтынын" айтып, бір жыл көлемінде талқылағаннан кейін 2027 жылы референдумге шығарған жөн деп мәлімдеген. Алайда референдум уәде етілген мерзімнен бір жыл бұрын өткізіліп отыр.

Биыл 20 қаңтарда Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші жиынында Тоқаев Конституцияға енгізілетін түзетулер саны әу баста көзделгеннен әлдеқайда көп екенін айтып, "шын мәнінде жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз" деп мәлімдеді. Құрамына депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер және түрлі сала өкілдері – жиынтығы 130 адам енген конституциялық реформа жөніндегі комиссия президент жарлығымен құрылып, жұмысқа кіріскен.

Азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, белсенділер президент Тоқаевты Конституцияны өзгертуде асығыстық танытпауға шақырып, толымды қоғам талқылауын өткізу қажет деп мәлімдеген.

Тоқаев Конституция жобасын "қағидатты түрде жаңартылған, кәсіби деңгейде әзірленген және жан-жақты сараптамадан өткен құжат" деп атады. Ақорда елдің Негізгі заңын кезекті рет өзгерту "мемлекетті тереңірек қайта құру және қоғамдық сананы жаңа тарихи кезең талаптарына сай жаңарту" үшін қажет болды деп түсіндірді.

24 қаңтардағы алғашқы отырысынан бастап барлығы 12 жиын өткізген комиссия 11 ақпанда қорытынды құжатты президентке ұсынды. Сол күні үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаев "Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасымен біржола қоштасып, беделді әрі ықпалды парламенті бар президенттік республикаға өтеді" деп мәлімдеген. Ертесіне президент жаңа Конституция жобасы 15 наурызда жалпыұлттық референдумге шығарылатыны туралы жарлыққа қол қойды.

Қазақстанның қазіргі Конституциясы кейінгі 30 жылда жеті рет өзгеріске ұшырап, жиыны 1100 түзету енгізілген. Кейінгі жолы Негізгі заң 2022 жылы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін өткізілген референдум нәтижесінде өзгертілген.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұған дейін төрт рет республикалық референдум өткізіліп, оған келесідей мәселелер шығарылған еді:

1995 жылғы 29 сәуір – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзарту туралы референдум. Ресми мәлімет бойынша, дауыс бергендердің 95,4 пайызы Назарбаевтың билікте қала бергенін қолдаған;

1995 жылғы 30 тамыз – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау туралы референдум. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, сайлаушылардың 90 пайыздан астамы жаңа Конституция жобасын қолдап дауыс берген. Саяси талдаушылар кейін бірінші президенттің құзыретін кеңейткен көптеген өзгертулер мен толықтырулар енгізілген бұл Негізгі заң елде авторитар жүйенің орнығуына негіз салды дейді;

2022 жылғы 5 маусым – Назарбаев пен оның отбасы мүшелерінің ықпалын азайтқан Қаңтар оқиғасынан соң бірнеше айдан кейін өткізілген Конституцияға өзгерістер енгізу туралы референдум. Оның қорытындысына сай, президент қызметіне жеті жылдық бір ғана мерзімге сайланады деген бап енгізіліп, президенттің туыстарына мемлекеттік лауазымды қызмет атқаруға шектеу қойылды, Конституциялық сот қайта құрылып, парламент депутаттарын пропорционалды-мажоритарлық жүйе бойынша сайлау жүйесі енгізілді, бір мандатты округтерден депутаттыққа өзін өзі ұсынуға рұқсат етілді. Конституциядан Нұрсұлтан Назарбаевқа артықшылықтар беретін баптар алынып тасталды. Ресми ақпарат бойынша, референдумге сайлаушылардың 68 пайызы қатысып, 77 пайыздан астамы өзгертулер енгізуді қолдаған. Президент Тоқаев пен командасы "Жаңа Қазақстан" құру және демократиялық өзгерістерге бетбұрыс басталғанын мәлімдеді. Алайда скептиктер ол конституциялық өзгертулер негізінен авторитар биліктің мұртын да бұзбаған сырттай сылап-сипау ғана болды дегенді айтады;

2024 жылғы 6 қазан – Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі туралы референдум бюллетенінде "Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұрақ қойылды. Орталық референдум комиссиясының дерегінше, сайлаушылардың 64 пайызға жуығы дауыс беріп, олардың 71 пайыздан астамы АЭС салуды қолдаған. Референдумнен кейін Қазақстан үкіметі елде үш атом электр станциясы салынатынын жариялады. Біріншісін Ресейдің "Росатом" мемлекеттік корпорациясы, ал қалған екеуін Қытайдың CNNC компаниясы салмақ.

Қазақстан Конституциясы жөнінде референдум өтетіні туралы көшедегі жарнаманың қасынан өтіп жатқан адамдар. Алматы, 12 наурыз, 2026 жыл.

Ал бұл жолғы – бесінші референдумге шығарылған жаңа Конституция жобасын көпшілік қолдайтын болса, Негізгі заң 2026 жылғы 1 шілдеден күшіне енеді деп жазылған. Сол күні қос палаталы парламенттің өкілеттігі тоқтатылып, екі ай мерзімнен кешіктірілмей жаңа Құрылтай сайлануы тиіс.

ЖАҢА ЖОБАДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР

Қолданыстағы Конституцияның 85 пайызға жуығын жаңартуды көздеген жаңа жобаның авторы президент екенін Тоқаевтың өзі де, оның қарамағындағы шенеуніктер де айтып жүр.

Кіріспе, 11 бөлім және 95 баптан тұратын Негізгі заң жобасында қолданыстағы басты құжатпен салыстырғанда бірқатар елеулі өзгеріс бар.

Сенат қысқартылып, "Құрылтай" деп аталатын жалғыз палаталы парламенттің 145 депутаты тек партиялық тізім бойынша бес жыл мерзімге сайланады деп жазылған. 2022 жылғы референдум нәтижесінде енгізілген бір мандатты округтен депутаттыққа өзін өзі ұсыну институты тағы да жойылады.

Ақорда бұл елде партиялық жүйені дамытуға септігін тигізеді десе, сын айтушылар партияда жоқ адамдардың құқығы шектеледі, оның үстіне әділет министрлігі оппозициялық партияларды ресми тіркеуден өткізбей әуре-сарсаңға салады, іс жүзінде парламентте бір партияның үстемдігі орнағанына көп жыл болған деген уәж айтады.

Жобада президент Бас прокурорды, Конституциялық сот пен Жоғарғы сот төрағаларын, Ұлттық банк төрағасын, Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысын парламенттің араласуынсыз жеке дара өзі тағайындайды деп көрсетілген. Қазіргі Конституция бойынша президент бұл қызметтерге тағайындау үшін Сенат келісім беруі керек.

Егер Құрылтай вице-президент (алда-жалда мемлекет басшысы қызметінен ерікті түрде кеткен немесе қайтыс болған жағдайда оның орнын басады) және премьер-министр мен Құрылтай төрағасы лауазымдарына президент ұсынған кандидаттарды тағайындауға екі рет келісім бермесе, онда президент Құрылтайды таратуға құқылы деп жазылған. Ал парламент болмаған кезеңде президент заң күші бар жарлықтар шығарады, яғни заң шығарушы орган қызметін де өзі атқаратын болады. Ал қазіргі Конституция бойынша, президент қайтыс болған немесе қызметінен өз еркімен кеткен кезде оның міндеті сенат төрағасына өтеді. 2019 жылғы 19 наурызда елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев қызмет өкілетін мерзімінен бұрын доғарған кезде өз орнына көп жылғы үзеңгілесі, сол кездегі парламент сенаты төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған.

Қазақстанның жаңа Конституция жобасы туралы жалпыұлттық референдум кезінде дауыс беру кабинаcынан шығып келе жатқан әйел адам. Алматы, 15 наурыз, 2026 жыл.

Конституция жобасы бойынша, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай таратылып, оның орнына Халық кеңесін құру көзделген. Бұл кеңесші органның жиыны жылына бір рет өтеді деп айтылған. Кеңестің қалай құрылатыны белгісіз, бірақ бұған дейін Тоқаев оның құрамына енетін 164 адамды президент этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың және мәслихаттардың (жергілікті өкілді органдардың) өкілдерінен тағайындайды деп айтқан.

Басқару жүйесінде мемлекеттік кеңесші қызметі қысқарып, вице-президент лауазымы қайта енгізіледі. Бірақ, бұрынғыдан айырмашылығы сол, вице-президентті халық сайламайды, парламент келісімімен президент өзі тағайындайды.

Кейбір сыншылар заң шығарушы билік тармағы әлсіреп, президенттің құзыры одан сайын кеңейеді десе, Ақорда керісінше, тежеу және тепе-теңдік ұстау жүйесі нығайып, елдің "ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз етеді" деп сендіруге тырысады.

Қолданыстағы Конституцияда Қазақстан бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болатыны атап жазылған, ал жаңа жобада ондай басымдық көрсетілмеген.

Тағы бір маңызды мәселе – қолданыстағы Конституцияның "Адам және азамат" бөлімінің атауы "Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер" деп өзгертілген. Жобада некеге "ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқылы одағы" деген анықтама берілген. Құқық қорғаушылар бұлайша нақтылау балама одақтарды санаттан шығарып тастайтынын және ЛГБТК+ адамдардың құқығын шектейтінін атап көрсетеді.

Қазіргі Негізгі заң мемлекеттік білім беру мекемелерінде тегін медициналық көмек пен тегін орта білім беруге кепілдік береді, ал жобада тегін орта білімге кепілдік берілетіні және азаматтардың тегін медициналық көмек алуға хақы бары айтылған.

Жобада бейбіт жиналу құқығын жүзеге асыруға қойылатын шектеулер кеңейтілген: бұл құқықты жүзеге асыру, өзгелермен қатар, "қоғам адамгершілігін" қорғау мақсатында шектелуі мүмкін деп көрсетілген. Жобада айтылғандай, сөз еркіндігі және ақпарат тарату бостандығы "басқалардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығына немесе қоғамның адамгершілігіне нұқсан келтірмеуі я қоғамдық тәртіпті бұзбауы керек".

Тіл туралы бапқа енгізілген өзгерісті жобаны жақтаушылар маңызды десе, сыншылар ол ештеңені өзгерткен жоқ деп санайды. Жобаның 9-бабының 2-тармағында "мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылады" делінген. Қазіргі нұсқада "тең негізде" деген сөз "қатар" деп ауыстырылған. Қазақ тілінде сөйлейтін белсенділер қазақ тілі мемлекеттік тіл деген норманы ғана қалдырған жөн деп есептейді.

Алматы көшесіндегі жарнама. 12 наурыз, 2026 жыл.

Қазақстандағы референдумді бақылауға шетелден келетіндер арасында ТМД бақылаушылар миссиясы, ЕҚЫҰ ДИАҚБ референдумды бағалау миссиясы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ҰҚШҰ парламент ассамблеясы сияқты ұйымдар бар.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ЕҚЫҰ ДИАҚБ) Қажеттілікті бағалау миссиясы (Needs Assessment Mission) 28 ақпанда Қазақстандағы референдумге дайындық барысын сынға алған. Бюро сарапшылары референдумге дайындыққа, сайлаушылардың жан-жақты ақпарат алып, таңдау жасауына аз уақыт берілгеніне ерекше назар аударған.

ДИАҚБ сарапшылары "уақыт аз берілгендіктен", 2026 жылғы 15 наурызда өтетін дауыс беруге референдумды бақылау миссиясын емес, шағын құрамдағы референдумды бағалау миссиясын жіберу жөнінде шешім қабылдағанын хабарлаған.