Жаңа Конституцияға қатысты жалпыұлттық референдум 15 наурызда өтеді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті жарлығы Ақорда сайтында жарияланды.
Президент жарлығына қарағанда, азаматтарға "БАҚ-та 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?" деген сұрақ қойылады.
12 ақпанда жаңа Конституция БАҚ-та жарияланбақ.
Қазақстанда бұған дейін де 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары Конституцияға өзгерістер енгізілген. Ал бұл жолы мүлде жаңа Конституция қабылдайын деп отыр.
Негізгі өзгерістер арасында – бірпалаталы парламентке көшу, вице-президент қызметін енгізу, халық кеңесін бекіту, шетелден қаржыландыруға тыйым салу, азаматтарды ұстау тәртібі және өзге де өзгерістер бар. Сарапшылар бұған түрлі баға берген.
Тоқаев Қазақстан парламентін бір палаталы етіп өзгерту туралы идеяны алғаш рет былтыр қыркүйектің бас кезінде жыл сайынғы дәстүрлі жолдауын жариялағанда айтқан. Содан бері ол идея Конституцияны ауқымды түрде жаңарту бастамасына ұласып, биліктің бұл істі тым қысқа уақыт ішінде едел-жедел қолға алып жатқанына қоғамда айтылып жатқан сыни пікірлер де аз емес.
2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін президент Тоқаев бұрынғы билік тұсында енгізілген пропорциялық сайлау жүйесін сынап, Қазақстанда араға едәуір жыл салып, аралас сайлау жүйесі қайта енгізілген еді. Алайда қазір талқыланған жаңа жобада бір палаталы парламент толықтай партиялық тізім бойынша жасақталатыны жазылған.
Қоғамда парламентті тек партиялар тізімі бойынша сайлауды қайта енгізу идеясын сынға алып жатқандар бар, алайда билік мұны әлемде кең тараған тәжірибе деп айтып жүр.
Азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, белсенділер президент Тоқаевты Конституцияны өзгертуде асығыстық танытпауға шақырып, толымды қоғам талқылауын өткізу қажетін айтқан. Жаңа Конституцияның жобасы кіріспе, 11 бөлім және 95 баптан тұрады.