Биліктегі "Тиса" партиясы Венгрия президенттігіне заңгер Андраш Баканы ұсынбақ

Венгрия туын көтеріп тұрған адамдар. Дунай өзенінің арғы бетінде парламент ғимараты орналасқан. Будапешт, 12 сәуір, 2026 жыл (көрнекі сурет)

8 тамызда Венгрияның биліктегі "Тиса" партиясы ел президенті болуға заңгер, Венгрия Жоғарғы сотының бұрынғы төрағасы және Ұлттық сот төрелігі кеңесінің бұрынғы басшысы 73 жастағы Андраш Баканың кандидатурасы лайық деп ұйғарды.

Елдің премьер-министрі Петер Мадияр сол күні Андраш Бакамен жеке кездескенін және оның президенттікке түсу туралы ұсынысты қабылдағанын сенбі кешке Facebook-парағына жазды.

Венгрияның жаңа президентін алдағы сейсенбі, 11 тамызда ел парламенті – Мемлекеттік жиналыс сайламақ. Кандидат жеңіске жетуі үшін депутаттардың кемінде үштен екісінің қолдауы қажет.

Қазір парламенттегі 199 орынның 141-і "Тиса" партиясының депутаттарына тиесілі болғандықтан, Баканың президент лауазымына сайланатынына күмән жоқ деп жазды басылымдар. Премьер Мадияр әлеуметтік желідегі жазбасында Баканы әлден-ақ "мырза президент" деп атады.

Андраш Бака кім?

Андраш Бака – заңгер әрі судья. Ол 1991-2008 жылдары Еуропалық адам құқықтары сотының судьясы болып қызмет атқарған.

2009 жылы Бака Венгрияның Жоғарғы сотының төрағасы болып алты жыл мерзімге тағайындалған. Алайда 2011 жылы Виктор Орбан үкіметі жүргізген конституциялық реформа нәтижесінде бұл лауазым қысқартылып, Баканың өкілеттігі 2012 жылы мерзімінен бұрын тоқтатылған.

Бака Орбан билігінің бұл шешімін сол кездегі сот реформасын өзі ашық сынағанымен байланыстырған. Кейін Еуропалық адам құқықтары соты Баканың сөз бостандығы мен сот арқылы өз құқықтарын қорғау құқығы бұзылғанын, ал конституциялық өзгерістер оны Орбан үкіметін сынағаны үшін қызметтен кетіруді көздегенін растады.

Сол кездегі Венгрия үкіметі Еуропалық соттың шешіміне келіспеген.

Венгрияда президенттің өкілеті қандай?

Венгрияда президент президент негізінен рәсімдік шараларға қатысып, елдің бірлігі мен сабақтастығының нышаны рөлін атқарады. Ал негізгі саяси шешімдерді премьер-министр бастаған үкімет қабылдайды.

Десе де президенттің бірқатар конституциялық өкілеттігі бар.

Мемлекет басшысы заң жобаларын ұсына алады, парламент қабылдаған заңдарға қол қояды немесе оларды қайта қарауға жібере алады. Сонымен қатар белгілі бір жағдайларда Мемлекеттік жиналысты тарату құқығына ие.

Бұған дейін премьер Петер Мадияр президент лауазымына ұсынылатын адам әртүрлі саяси көзқарастағы венгр азаматтарының құрметіне ие болуы керек деп айтқан еді.

Юдит Полгар президент болудан неге бас тартты?

Бакаға дейін Петер Мадияр президент лауазымына әлемге әйгілі шахматшы Юдит Полгарды ұсынған.

Алайда шілде айында Полгар бұл ұсыныстан бас тартты.

Ол президент қызметіне кірісіп, "ұлтты біріктіру үшін тарихи жауапкершілікті өз мойнына алуға" әзір емес екенін мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Венгриядағы сайлауда оппозиция лидері Петер Мадияр жеңді. Орбанның 16 жылдық билігі аяқталдыВенгрия парламентін сайлау: Орбан мен Мадияр арасындағы таңдауВенгрия президенті Каталин Новак педофилге рақымшылық жасағаннан кейін отставкаға кететінін мәлімдеді