25 жыл бұрын Ресейдегі конституциялық дағдарыс қантөгіске ұласты

Ресей халық депутаттары Кеңесімен арада біршама уақытқа созылған тірестен кейін, президент Борис Ельцин 1993 жылы қыркүйектің 21-і күні заң шығарушы органды тарату туралы жарлық шығарды. Оған бағынудан бас тартқан депутаттар парламент ғимаратына бекініп алды, олардың жақтастары көшеде баррикадалар орнатты.

Парламент президент Ельциннің жарлығын орындаудан бас тартып, Ресей вице-президенті Александр Руцкойды уақытша мемлекет басшысы міндетін атқарушы деп жариялады. Оған дейін, қыркүйектің 1-і күні Ельцин Руцкойды "вице-президент қызметін атқарудан уақытша шеттету" туралы жарлық шығарған болатын.

Қазанның 3-і күні парламентті қорғап көшеге шыққан, негізінен коммунистер мен ұлтшылдарды қолдайтын мыңдаған демонстрант пен милицияның арнайы жасағы (ОМОН) арасында қақтығыс болды.

Орыс православ шіркеуі заң шығарушы және атқарушы билік тармақтары арасындағы жанжалды реттеуге арағайын болуға тырысты. Бірақ одан нәтиже шықпады.

Ресей ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, қазанның 3-іне қараған түні 600-ге жуық қарулы адам парламенттің жанында қорғаныс шебін құрған. Сол күні таңертең парламентті қолдаушы демонстранттар парламентті айнала тұрған милиция қоршауын бұзып өтті. Ельцин Мәскеуде төтенше жағдай енгізілгені туралы жариялады.

Парламентті қолдаушылар Мәскеу муниципалдық үкіметінің ғимаратын бақылауға алып, қазанның 3-і күні "Останкино" телеорталығын басып алуға әрекет жасады.

Ельцинге қарсылық танытқандар түн мезгілінде "Останкино" телеорталығының әйнектерін шақты.

Қазанның 3-і күні болған қақтығыстар салдарынан ондаған адам мерт болды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Егор Гайдар телеарна арқылы мәлімдеме жасап, Ельцинді қолдаушыларды Мәскеу қалалық кеңесі ғимаратының алдына жиналуға шақырды.

Қазанның 4-і күні шамамен таңертеңгі сағат 4-те әскери танкілер парламент ғимаратының үстіңгі қабаттарын атқылады. Террорға қарсы элиталық бөлімшелер шабуылға сақадай сай тұрды.

Арнайы жасақ қызметкерлері парламент ғимаратына шабуыл басталар алдында. Мәскеу, 4 қазан 1993 жыл.

Түске қарай ғимаратқа басып кірген әскерилер оның әр қабатын бірінен соң бірін бақылауына ала бастады. Біртіндеп көшедегі тәртіп те орнына келді, күн барысында Мәскеудің орталығында атыс дауысы естіліп тұрды.

Мәскеу муниципалдық үкіметінің ғимаратындағы өрт. Ельцинді қолдайтын әскерилер ғимаратты бақылауына алды. 4 қазан 1993 жыл.

Әскерилер парламент ғимаратынан Ресей Жоғары Кеңесінің бұрынғы төрағасы Руслан Хасбулатов (сол жақтан екінші) пен бұрынғы вице-президент Александр Руцкойды (оң жақтан үшінші) шығарып бара жатыр. Мәскеу, 4 қазан 1993 жыл.

Ресей үкіметі 10 күнге жалғасқан тайталас барысында 200-ге жуық адам қаза тауып, 500-дейі зардап шеккен деген дерек келтіреді. Коммунистер мен үкіметтік емес дереккөздері сол күндері болған қантөгісте мыңнан астам адам қаза тапқан дейді. Бұл оқиға Мәскеуде 1917 жылғы большевиктер төңкерісінен бергі уақыттағы үлкен қантөгіске айналды.

1993 жылғы күш қолданудан кейін парламент ғимараты қайта жөнделді. Қазір ол ғимаратта Ресей үкіметі орналасқан. 1993 жылы желтоқсанда Борис Ельцин жаңа Конституция жобасын референдумға шығарып, сайлаушылар оны мақұлдады. Бұл құжат президентке бұрынғыдан кең өкілеттіктер берді, соңғы жиырма жылда ол өкілеттіктер тағы ұлғайтылды.