Британ премьері Кир Стармер отставкаға кететінін жариялады

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер қызметінен кететінін жариялап тұр. Лондон, 22 маусым, 2026 жыл.

22 маусым күні Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер отставкаға кететінін жариялады. Ол Лейбористік партияның жаңа көшбасшысы сайланғанға дейін қызметін атқарады.

Стармердің қызметінен кетуіне, кабинет мүшелерін қоса алғанда, Лейбористік партия мүшелерінің көңіл-күйі басты себеп болды. Стармер Лейбористік партия мүшелері оны келесі сайлауда партияны басқаруға ең лайықты адам деп санай ма деген сұраққа жауап бергенін және жауапты естіген соң қызметінен кету туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Ол өз шешімі жайлы король ІІІ Чарльзді хабардар еткенін айтты.

Стармер Лейбористік партияның жаңа көшбасшысын сайлау науқаны ресми түрде 9 шілдеде басталатынын хабарлады. Сол адам жаңа премьер-министр болмақ. Кандидаттар 16 шілдеге дейін белгілі болуы тиіс. Көптеген сарапшылар жақында Қауымдар палатасы мүшесі болып жаңадан сайланған, жұрт арасында ең танымал лейбористік саясаткер, Манчестердің бұрынғы мэрі Энди Бернем премьерлікке жалғыз кандидат болуы мүмкін екенін айтады. Ол сайланған жағдайда Стармер оған өкілеттігін шілденің басында тапсырады. Ал егер Бернемге бәсекелестер пайда болса, онда қыркүйекке дейін жаңа премьер-министр сайланады деген болжам айтылып отыр.

Стармердің басшылығындағы Лейбористер партиясы осыдан екі жыл бұрын сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жеткен еді. Алайда экономикалық қиындықтар, заңсыз иммиграцияға байланысты шиеленістердің артуы және ауыр қылмыстары үшін сотталған Джеффри Эпштейннің досы Питер Мандельсонның Ұлыбританияның АҚШ-тағы елшісі болып тағайындалуына қатысты жанжалдың салдарынан лейбористерге деген халықтың сенімі күрт кеміді.

АҚШ президенті Дональд Трамп осыдан бір күн бұрын TruthSocial әлеуметтік медиа платформасында Стармердің отставкаға кететінін хабарлаған.

"Ол екі өте маңызды мәселе – ИММИГРАЦИЯ ЖӘНЕ ЭНЕРГИЯ (СОЛТҮСТІК ТЕҢІЗДЕ МҰНАЙ КЕНІШІ ТАБЫЛУЫ!) бойынша оңбай сүрінді. Оған бар жақсылықты тілеймін!" – деп жазды Трамп.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Трамп пен британ басылымдары Стармер отставкаға кетеді дейді