Садовое ауылындағы күнкөріс

Садовое ауылына жаяу бара жатқан әйелдер мен балалар. Олар ауылды тасқыннан қорғайтын жал үйіп жатқан техникалардың жанынан өтіп барады. 

Садовое тұрғындарының шағымы көп: мектеп, балабақша, медпункт, көшеде жарық, малға жайылым жоқ. Бұлардың сыртында, ауылды көктемде су алып кете береді.

Садовое тұрғыны Ислам Әбіп ауылға журналист келгенін көріп қуанып кетті. Ол "ауылда проблема көп, оларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялау керек" дейді.  

Ауылда бұрын мектеп болған, 1990 жылдары ол жабылып қалған. Қазір Садовое оқушылары көрші ауылға қатынап оқиды. Қыстың боранды күндері көлік жүре алмай, оқушылар бірнеше күн сабақтан қалады. 

Садовое ауылының жолы жақсы. Жолдан бөлек, тұрғындар ауылға орталық су құбыры тартылғанына шүкіршілік етеді. Әрбір үйге су кіріп тұрғаны бұл ауылдағы жалғыз жұбаныш сияқты. 

Бірнеше тұрғын бірігіп былтыр ауыл кооперативін құрған. Олар мал шаруашылығымен шұғылдануға несие алған. Алайда сөздеріне қарағанда, кәсіптің дамуына ауыл маңында бос жердің болмауы кедергі. Тұрғындар әр әулеттің өз жері болса, ауыл шаруашылығын дамытуды армандайтын адамдардың тұрмысы жақсара түсер еді дейді. Мал бағуға бейім тұрғындардың көбі ауылда тұрғысы келеді. Бірақ Садовое ауылында мал ұстамайтын үйлер де бар. 

Су тасқыны кесірінен көп үйлердің малы мен құсы шығын болған. Қазір олардың саны тасқынға дейін болған мал мен құстың қарасынан аз.  

Тұрғындар бұл жерден көшіруді немесе ауылдың жағдайын жақсартуды сұрайды. Жұрттың дені ауылда көктем сайын болатын тасқын қаупінен зәрезап болған, кейбірінің үйінен тасқынның зардабы әлі білініп тұр.   

Садовое тұрғыны Құрмет Уәжіп ауылды қауіпсіз жерге көшіру туралы жергілікті билікке өтініш жасау ісін ұйымдастырған адамдардың бірі.  

Садовое ауылындағы қараусыз қалған ғимарат. Ондаған үй бұзылған 2015 жылғы тасқыннан кейін бұл ауылдан он шақты әулет көшіп кеткен. Олар тасқын кезінде құрылған көмек қорына қазақстандықтар аударған қаражатты көшу үшін пайдаланған. Көшкен отбасылар бұзылған үйлерінің өздерінікі екенін дәлелдейтін құжаттары болмай, бюджет көмегін ала алмаған еді.  

2015 жылы Садовое ауылында тасқыннан бұзылған үйлердің орнына жаңалары салынған. 2017 жылы да ауылды су алып кетіп, кейбір үйлер зардап шекті. 

Жергілікті билік өкілдерінің сөзіне қарағанда, ауылды көшіру мәселесі қаралып жатқан жоқ. Қазір ауылды қоршай тасқыннан қорғайды деген топырақ жал үйіп жатыр. Бірақ кейбір жерлерінде топырақ жал үйлердің іргесіне тым тақау үйілген. 

Садовое тұрғыны Риза Хавай.

Тұрғындар ауылда жұмыс жоқ екенін айтады. Еңбекке жарамды азаматтардың көбінің жұмыстары қалада. Әйелдердің дені балалар мен үй шаруасына қарайды. Кей тұрғындар ауылдағы маусымдық жұмыстарға шығады. Қазір бірнеше адам салынып жатқан бордақы базындағы құрылыста жүр. Бұл ауылдағы жұрттың көпшілігі - оралмандар.