Burger King Kazakhstan іліккен дау: аутизмі бар қызметкердің анасы ұлына қысым жасалғанын мәлімдеді

Аутизмі бар алматылық жігіттің жұмыс орнында қысымға ұшырағанын айтып анасы әлеуметтік желіде пост жариялағаннан кейін Қазақстанда Burger King фастфуд желісі дауға қалды. Желіде оған бойкот жариялауға шақырған үндеу көбейді. Қолданушылар компанияның 2Gis қосымшасындағы рейтингін төмендетті. Компания мәлімдеме жасап, бұл жағдайға мемлекеттік органдар араласты.

Алматылық Жанат Қаратай 27 жастағы ұлы Әлібектің басындағы жағдайды баяндап, әлеуметтік желіге пост жариялады. Ол кейінгі төрт жыл бойы Алматыдағы Burger King мейрамханаларының бірінде аспаз болып істеген Әлібек жұмыс орнында басшылық жаңарғаннан кейін буллингке ұшырағанын баяндады. Жанаттың сөзінше, бұрын басшылық тарапынан жақсы бағаланған қызметкер ұлы кейінгі уақытта жұмыс орнында қысымға тап болған. Әлібек енді ол жерде істегісі келмейтінін анасына айтқан.

"Ол өте жауапты қызметкер болды. Біз соған қатты қуанатынбыз. Бір күні "бүгін жаңа қызметкерлерді үйреттім" деп келді. Егер өзі жаңа аспаздарды үйретсе, оның жұмысқа қаншалықты беріліп, меңгергенін түсінетін шығарсыз?" – дейді Жанат Қаратай.

Ұлына жұмыс берушімен сөйлесуге тырысқанын айтқан Жанат тамақтандыру желісінің аймақтық жетекшісімен әңгімесін "роботпен сөйлескендей болдым" деп сипаттады.

"Ол біздің елге жақында келіпті, инклюзивті қоғам туралы дым түсінігі жоқ. Аутизмі бар адамдар өзгелермен тең дәрежеде еңбек ете алатынын естімеген де", – деді Жанат.

Жанаттың посты әлеуметтік желіде қызу талқы туғызды. Burger King компаниясы таратқан мәлімдемесінде Әлібекті "бұрынғы қызметкер" деп атады.

"Ең алдымен, бұл жағдай отбасында осындай эмоция туғызғанына шынымен өкінеміз. Бізге әр қызметкердің өзін құрметтейтін, қолдайтын және қауіпсіз ортада жұмыс істеп жатқанын сезінгені маңызды", – делінген компания таратқан бірінші мәлімдемеде.

Алайда дау басылмады. Қазақстандық қолданушылар әлеуметтік желіде бұл тақырыпты қызу талқылап, тамақтандыру желісіне бойкот жариялауға үндеген пост көбейді. Қолданушылар 2Gis қосымшасында әлгі компанияның жұмысына төмен баға қоя бастады.

Осыдан кейін компания екінші мәрте мәлімдеме жасап, Әлібек Қаратай жұмыстан шығарылмағанын және ол Burger King қызметкері болып қала беретінін хабарлады. "Инклюзивтік – біздің корпоративтік мәдениетіміздің маңызды бөлігі", – деді компания мәлімдемесінде.

Жанат ұлының басындағы оқиға жария болғаннан кейін тамақтандыру желісінің бұрынғы қызметкерлері өзіне хабарласқанын көпке жеткізді. Олар басшылықтың кейбір қызметкерлерге қарым-қатынасы сын көтермейтінін, менеджмент құрамында Ресей азаматтары бар екенін және олар жергілікті қызметкерлерге қырын қарайтынын айтқан.

Бұған жауап көп күттірмеді. 17 ақпанда Burger King Kazakhstan Сергей мен Анастасия (олардың сойы көрсетілмеген) деген екі қызметкер енді бұл компанияда жұмыс істемейтінін мәлімдеді.

"Басшылық қабылдаған шешімге сай, аймақтық басқарушылар Сергей мен Анастасия енді компанияда істемейді. Burger King Kazakhstan Қазақстан Республикасы азаматтарын сыйлауды білмейтін, қадір-қасиетін қорлайтын кез келген дискриминацияны немесе мәлімдемелерді үзілді-кесілді қабылдамайды", – деп хабарлады компания.

Алайда тараптар ымыраға әлі келген жоқ. Жанат Қаратай компания ресми мәлімдемесінде есімін атаған қызметкерлерді танымайтынын, ұлы ол жерге жұмысқа бармаймын деп, азар да безер болып отырғанын айтты.

"Мен тіпті олардың кім екенін де білмеймін. Сергей, Анастасия дегендер кім? Мені мазалайтын сұрақ: ол қызметкерлер буллинг үшін жауап берді ме? Тексеру қалай жүргізілді? Ұлымның жұмыстан шығатыны туралы өтінішін тапсырдым, сондай-ақ компанияға бірнеше сұрақ жолдадым, бірақ әлі ешқандай жауап алған жоқпын", – деді ол.

Дау қоғамда үлкен резонанс тудырған соң іске Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі араласуға мәжбүр болды.

"Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Әлібек Қаратайдың тұрғылықты жеріне Алматы қаласының мемлекеттік еңбек инспекторы барды. Сондай-ақ қызметкердің әкесімен болған телефон әңгімесі барысында өтініш берудің тәртібі мен жолы, еңбек заңында көзделген кепілдіктер жайлы егжей-тегжейлі түсіндірілді. Қосымша мәліметтер кейінірек хабарланады", – делінген министрлік хабарламасында.

Ресми түрде 27 жастағы Әлібек Қаратай әлі де Burger King мейрамханаларының бірінде аспаз ретінде тіркелген. Алайда анасы Әлібектің жұмыстан шығатынын жазып, қол қойған өтінішін ұлы еңбек еткен ұйым әкімшілігіне тапсырғанын айтады.

Жанат Қаратай ұлына жұмыс орнында жетекшілері буллинг көрсетіп, жұмыстан кетуге мәжбүр еткенін компания басшылығы ресми түрде мойындағанын қалайды, соған қол жеткізгісі келеді.

Қазақстандағы Burger King мейрамханалар желісі бұған дейін "Верный Капитал" компаниялар тобына тиесілі болған. Топ иесі – кәсіпкер Болат Өтемұратов бұрын Қазақстан президенті істерін басқарған. 2025 жылғы наурызда франшизаны Holten Group және Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген серіктесі Holten Enterprise Holdings Ltd екеуі сатып алған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандық миллиардерлер байи түсті. Әсіресе Тимур Турлов мол пайдаға кенелген

Holten Group кейінгі жылдары Орталық Азияда жұмыс аясын кеңейтіп келеді. 2019 жылы компания Өзбекстан нарығына кіріп, сусын шығаратын International Beverages Tashkent компаниясының бақылау пакетін сатып алған. 2022 жылы соның 99,9 пайыз акциясын өз меншігіне алды. 2025 жылғы наурызда Қазақстандағы Burger King желісін сатып алумен қатар, Өзбекстандағы Baraka Market супермаркеттер желісінің иесіне айналды. Forbes Kazakhstan басылымы дерегінше, Holten акционерлерінің бірі – Қазақстандағы ірі кәсіпкерлердің бірі Алмас Сұлтанғазин, оған электроника мен тұрмыс техникасын сататын Sulpak және Alser сауда желілері тиесілі.